• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
23 Ақпан, 2010

ҚАЛЫҢ ТОПТА КЕЛЕМІЗ

1041 рет
көрсетілді

Ванкуверде өтіп жатқан ХХІ қысқы Олимпия ойындары бел ортадан ауды. Жарыс кестесінің көш басындағы мемлекеттер арасындағы айқастың нағыз қызатын тұсы осы. Өйткені, әзірге ешбір команда өзінің үстемдігін паш етіп, қалың топтан қара үзіп кете алған жоқ. Ал солардың әрқайсының аяқалысы жайында айтар болсақ, тартыстың төртінші тәулігінде бірінші орынға шыққан АҚШ әлі де алдына жан салар емес. Америкалықтардың қоржынында 7 алтын, 7 күміс және 10 қола медаль бар. Көш басындағы команданы тұғырдан тайдыруға Германия, Норвегия және Швейцарияның мүмкіндігі зор. Осы күнге дейін олар бас жүлдені бес-бестен олжа­лап, алдағы жарыстарда алға қойған мақсатымызды қалай да жүзеге асырамыз деп құлшынып отыр. Оңтүстік Корея мен Канада спорт­шы­лары төрт реттен жеңіс тұғыры­ның ең биік сатысына көтеріл­се, Швеция­ның қоржы­нында үш алтын ме­даль бар. Енді соңғы күндері өрбіген жа­рыс­тар жайында ай­тайық. Сенбі мен жексен­бі күндері 10 медаль­дар жиынтығы сарап­қа салынды. Бұл ретте көшбас­шы елдердің өрендері тағы да шебер­ліктің шынайы үлгісін көр­сетті. Әдеттегідей АҚШ, Норвегия, Швеция, Германия, Голландия, Канада, Швейцария сынды азулы командалардың қарқыны күшті болды. Аталмыш мемлекеттердің әнұрандары күн сайын шырқалып, тулары тәулігіне бір емес, бірнеше мәрте Ванкувер аспанында жел­біреді. Сноубордшы Тора Брайт­тың алғ­ырлығының арқасында алыс­тағы Австра­лия халқы Олимпиада алтыны­ның сыңғырын естіді. Скелетоншы Эми Уильямс бас жүлде олжалап, Ұлыбританияның шынайы әлеуетін байқатты. Эстония, Латвия, Хорватия және Словения сынды шағын ғана елдердің ұл-қыздары да жарыс жо­лын­д­а жанкештілік танытып, жеңіс тұғырынан қол бұлғады. Ол аз десе­ңіз, бұл күндері Оңтүстік Корея оғ­лан­­дарының айы оңынан туып тұр. Бұған дейін кәрістер үш алтынға иелік етсе, жексенбідегі шорт-трек сайы­сында Ли Джун Су шашасына шаң жұқтырмай, олимпиадалық рекордты жаңартты. Қазақстанның спортшылары өткен апта соңында ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже көрсете алған жоқ. Тау шаңғысынан (супер­гигант) Игорь Закурдаев бақ сынап, 60-орынды қанағат тұтты. Шаңғы­дан (дуатлон) әйелдер 15 шақы­рым­ға жүгірді. Қорытынды есепте жерлестеріміз мынадай орындарға жайғасты: Светлана Малахова­ – 25, Оксана Яцкая – 33, Елена Коло­мина – 28 және Марина Матро­сова – 48. Дуатлоннан ерлердің 30 шақырымдық бәсе­кесінде Евгений Величко мен Сергей Черепанов күш сынасты. Екеуі де қалың топтың арасында қалып қойды. Конькишілердің 1500 метрлік бәсекесінде Денис Кузин 23-орынмен шектелді. Тұғырдан секіруде (К-125) Алексей Королев 39-орын алса, Николай Карпенко іріктеуден өте алмады. Фристайл­шылар сайысында (акробатика) Жібек Арапбаева сынға түсті. Алайда қандасымыз әйгілі спорт­шылармен иық тіресе алмады. Жібекке бұйырғаны – 23-орын. Күні кеше Ванкуверде айды аспанға шығарып, Қазақстанға Олим­пиада жүл­десін сыйға тартқан Еле­на Хрус­­тале­ва­мен жолығып, аз­ды-кемді сұхбат­тасу­дың сәті түсті. ­– Мен Ресейде туып-өстім. Оның сапында талай бай­рақты бәсекеде топ жардым. Алайда кейіннен ұлттық құрама бапкер­лері­мен тіл табыса ал­май, Беларусь еліне қоныс ау­даруға мәж­бүр бол­дым. Ол жақ­та да көп тұрақ­тамадым. Со­дан екі ойлы болып жүрдім. Бұл – мен үшін ауыр күн­дер болды. Бірақ бойымда күш-қуат барда биік белестерді ба­ғын­­дыра ала­ты­ны­ма кәміл сен­дім. Сол се­нім мені Қазақ­станға жете­леп әкелді. Жер­гі­лікті бапкерлер, спорт басшы­лары, қара­пайым халық менің таса­да қалып қой­май, жауап­ты жарыс­тар­да жасындай жарқ ететі­ні­ме еш күмән келтірген жоқ. Міне, осындай түсі­ністіктің арқа­сын­да айым оңы­нан туды. Мен өз орнымды таптым деп ойлаймын. Спортшы ретінде бағым­ды ашып, мықтылы­ғымды мойын­датуға мүмкіндік берген Қазақ еліне деген менің алғысым шексіз, – деп Елена ағынан жарылды. Кеше алты медальдар жиын­тығы үшін талас өрбіді. Қазақ­станның спортшылары тау шаң­ғысы мен биатлоннан сынға түсті. Алғашқы сынақ Игорь Закурдаев үшін аса сәтті болмады. Ол қалың топтың арасында қалып қойды. Биатлоннан масс-старт жарысына тек 30 үздік спортшы ғана қатысу мүмкіндігіне ие болды. Өкінішке қарай, ерлеріміздің арасынан ондай мықты шықпады. Ал қыздар бәсекесінде Елена Хрус­талева өз өнерін ортаға салды. 12,5 ша­қырым­дық масс-старт бәсе­ке­сінде отан­дасымызға кіл мық­тылармен тайталасуға тура келді. Алайда, бұл жарыста Еленаның жолы бол­мады. Ол небары 27-орынды місе тұтты. Сондай-ақ, шайбалы хоккейден топтық бәсекелер аяқталды. Үш топқа бөлінген командалар арасын­да ең көп ұпайға иелік еткен төрт ұжым жарыстың плей-офф бәсеке­леріне шықты. Қалғандары төрт-төрт жолдама үшін таласқа түседі. Ширек финалдық ойындар 25 ақ­пан­да өтеді. Ал бүгінгі біздер үшін басты дода шаңғыдан ерлер мен әйелдер құрамасының командалық спринті. Ғалым СҮЛЕЙМЕН, арнайы “Егемен Қазақстан” үшін – Ванкуверден.