• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
21 Желтоқсан, 2011

Бақ бағалағанның басында тұрады

328 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Президенті – Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың ел Тәуел­сіз­дігінің 20 жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзі – халқымыздың өкініш­ті өткені мен бостан болған бүгінінің аражігін ашып және жасампаз елдің жарқын болаша­ғының алғышарттарын көрсетіп берді. Елбасы айтпақшы, алтын тақта отырған ата-бабалар заманынан кейінгі «Ақтабан шұ­бырынды, алқа көл сұламадан» бастап кешегі Желтоқсан көте­рі­лісіндегі жастар дүмпуіне дейін қазақ халқы басынан не кеш­педі!?. Бодандық, жаугершілік, соғыс, аштық, қуғын, сүр­гін, ату жазасы... Ел басына күн туған мұндай сынақты рухы мықты халық қана қара нардай қайыспай көтере алады. Сон­дық­тан қазақ халқы үшін бүгінгі бостандығын бағалап, азаттығын ардақтап, тәуелсіздігіне тәу етуден артық ғанибет жоқ. Халқымызда «Елу жылда ел жаңа» деген сөз бар. Ал біздің еліміз жиырма жылда жаңа­рып шыға келді. Астанадан бастап алыстағы ауылдарға дейін ұлы өркениеттер көшіне ілесуде. Бұрынғы бодандық келмеске кетті. «Аға­мыз» деп астамсынғандарға кешегідей «олай болса біз жаға боламыз» деп жалтақтау, жағымпаздану сияқты құлдық психологиядан құтылдық. Бүгінде еліміздің тәуелсіз тарихы мен тағдырын баянды ететін ішкі және сыртқы саясатымыздың баршасы – Астана төріндегі Ақордамызда шешіледі. Досымыз да, дұш­паны­мыз да Ақордамызбен санасып, Ақор­дамыз­бен ақылдасады. Әрине, етек-жеңі кең ел мен жер болған соң адамдар арасы телі-тентексіз де болмайды. Ондайлар батыс пен шығысқа еліктеп, болмас сөзді ай­тып, өнбес дауды қозғап, елдің берекесін қашы­ра­ды. Олардың сөз­де­рі­нің сиқы «ау­ыл тозды, мал азды, өріс тарылды, зауыт тоқтады, жұмыс жоқ» деген тоқсаныншы жылдардың «ескі әнінен» әлі өзгермеген. «Көрмес түйені де көрмес» деген, бүгінде елімізде бір жылда бірнеше ондаған зауыттар дүниеге келетін болды. Мың­да­ған адамдар топ-топ болып жаңа жұмысқа орналасып жатыр. Сон­дай-ақ, бұрынғыдай зауыт­тар қала төңірегіне шоғырлана бермей, алыстағы ауылдарға қарай қо­ныс тебе бастады. Бұған еліміздің әр өңірін­де қажетті мысал көп. Айталық, біздің облыс­тағы «МыңаралТасКомпаний» цемент зауыты алыстағы Мойынқұм ауданының ауылдық әкімдігі аумағына орналасқан. Медициналық бұйымдар шығаратын «Суперфарм» кәсіпорны Жамбыл ауданындағы Айша бибі ауылынан бой көтерді. Ал Амангелді газының ашылуы шал­ғайдағы Талас ауданы тұрғындарының игілігіне айналып отыр. Ауылдардан салынып, етек­тегі елдің қуанышына айналып жатқан бұдан басқа да жаңа мектептер, балабақ­ша­лар, медициналық мекемелер, спорт залдары, пошта ғимараттары қаншама!?. Біздің аудан­ның көптеген ауылдарынан да ірі кәсіп­орын­дар бой көтеріп, жергілікті тұрғындарды жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп отыр. Облыс, аудан және ауыл аралығын жал­ғай­тын жолдар да жөнделіп, барыс-келіс түзеле бастады. Ежелгі Жібек жолының сілемі ар­қы­лы салынып жатқан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізінің тас жолы да көп ұзамай пайдалануға беріледі. Қысқасы, «көрем» дейтін көз болса жиырма жылда атқарылған жұ­мыстар Кеңес өкіметі кезіндегі жетпіс жылда армандаған тірліктерден мың есе артық атқарылды десек артық айтқандық емес. Елбасының «Қазақстан ғасырлар бойы өркендей бере ме немесе уақыт мәңгілігінде бар болғаны жарық метеор болып қала ма деген Тәуелсіздіктің түрлі дилеммасы дәл осы кезеңде шешіледі» деген сөзін басшыдан балаға дейінгі әрбір қазақстандық өз жүрегі арқылы өткізіп, түсіне білсе, тәуелсіздікті тұғырлы ету жолында жасалып жатқан жасампаз жобалар мен бағалы бағдарламалардың кім үшін және не үшін қолға алынып жатқаны әркімге түсінікті болар еді. Елбасы «үшінші және төртінші онжыл­дық­тар біздің еліміз үшін тарихи секіріс дәуі­рі болуы керек» деді. Ол үшін алдымызға бес шарт: халықтың бірлігін, индустриялан­ды­ру­ды, инновацияны, интеграцияны және әділ әлеуметтік қорғауды жүзеге асыруға ел болып атсалысуды міндет қып қойды. Елдіктің мәні, жасампаздықтың сәні бар бұл істі барша қазақстандықтар бірауыздан қолдайды деп сенемін. Абдалы НҰРАЛИЕВ, Тұрар Рысқұлов ауданының әкімі. Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданы, Құлан ауылы.