Қандайда бір әлеуметтік тұрғыдан топтасқан қоғамдық жүйені шайқалтпай ұстап тұратын, жүздеген ғасырлар бойы шыңдалған мызғымас рухани-мәдени ұстыны болады. Бұны ғылыми тілде «институционализм» деп атайды. Яғни бұл дегеніміз – көптеген ғасырлар бойы эволюциялық жолмен дамып, ұзақ сұрыпталу арқылы толық мойындалған, сөйтіп әркез қоғамдық қатынасты реттеуші нормалар мен әлеуметтік топтар арасындағы құқықтық статустарды сақтауға бағытталған аса қуатты құрылым.
Байырғы қазақ қоғамы жоғарыдағы айтылған жүйе арқылы дамыған. Атап айтқанда, «билер институты», «байлар институты», «бәйбішелер институты», «жезде-жеңгелер институты», «ақын-жыршылар институты», «батырлар институты» т.б. болып кете береді.
Бұл институттар қоғамды тұтастандырып, шайқалтпай ұстап тұрды. ХVІІ ғасырдан бастап, қазақ даласын отарлаушылар ең әуелі осы құрылымды бұзса, этнос бірлігін ыдырайтынын жақсы білді. Мысалы ХІХ ғасырда өмір сүрген Ресей барлаушысы П.И.Рычков 1887 жылы Орынборда жарық көрген «История оренбургская» атты еңбегінде: «Әр ру өздерінің ақсақалдары мен дәулетті адамдарын құрметтейді. Қайсыбір іске ру басылары мақұлдаған кезде ғана жұмылады...» десе, Абай дана өзінің 39-шы қарасөзінде: «Әуелі – ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болған. Олар қалай қылса, қалай бітірсе, халықта оны сынамақ, бірден бірге жүргізбек болмайды екен...» деп институционализацияланған қоғамның нақты бірлік-ұстынын сипаттайды.
Жоғарыдағы құрылымдық институттардың бірі – «ауыл молдасы». Бұл әлі күнге дейін зерттелмеген, онымен қоймай зерттеуге тыйым салынған тақырып. Өйткені кеңестік идеология «байлар мен молданы қойдай қу қамшымен» дейтін ұран тастап, ұлттық қоғамның негізі ұстыны молдалар мектебін ескінің қалдығы ретінде есептен шығарып тастады.
Қазіргі таңда көбіміз байқай бермейтін мынадай бір қызық дерек бар. Атам замандағы қазақтың қамын жеген ел басы, топ басылардан (Абай) бастап, ақ патшаның тұсындағы ағартушылар, одан қалды кешегі ХХ ғасыр басында «қазақ үшін шам қылған жүрек майын» (Сұлтанмахмұт) Алаш арыстарының өмір-тарихын оқысаңыз, барлығында бірдей «алғаш ауыл молдасынан сауат ашқан» дейтін елеусіз ғана тіркес тұрады.
Мысалы үлкен ағартушы Ыбырай Алтынсаринді алайық, ол да алғашқы сауатын ауыл молдасынан ашып, соның арқасында 1850 жылы Орынбордағы қазақ-орыс мектебіне оқуға түседі. Ұлы Абай ше, ол да ауыл молдасынан сауат ашып, кейін Семейдегі Ахмет Риза медресесінде оқығаны айтылады. Ұлт ұстазы саналып жүрген Ахмет Байтұрсыновтың да өмірбаянында «1882-1884 жылдары ауыл молдасынан оқыған» дейтін жоғарыдағы елеусіз тіркес тұр.
Сол сияқты ұлт қайраткері Әлихан Бөкейхановты әкесі тоғыз жасында Қарқаралыға апарып, жергілікті молданың оқуына берсе, Мағжан Жұмабаев ауыл молдасынан сауатын ашып, одан кейін бес жыл Қызылжардағы Бегишев медресесінде білімін жалғастырған. Міржақып Дулатов та осы жолмен жүрген. Жақаңның өмір-тарихын зерттеуші заң ғылымдарының докторы Нұрлан Дулатбеков, бала Міржақып ауыл молдасынан хат танып, екі жыл оқығаннан кейін, 1897-1902 жылдары орысша оқытатын Мұқан мұғалімнен дәріс алады дейді. Жетісудың дүлдүл жыршысы Ілияс Жансүгіров те әуелі молданың алдын көргеннен кейін, Алматыдағы мұғалімдер даярлайтын курсқа аттанған.
Батыс Алаш қайраткерлерінің бірі Халел Досмұхамедов те ағасы Дәулетүмбеттің ықпалымен ауыл молдасынан хат таныса, екінші алашшыл тұлға Жанша Досмұхамедов болыстық орыс-казақ мектебіне бармай тұрып, ауыл молдасынан сабақ алған екен.
Ал баянауылдық мықтылардың бірі – Сұлтанмахмұт Торайғыровты алғашында Мұқан дейтін ауыл молдасы оқытса, танымал ғалым Қаныш Сәтбаев та осы жолдан өткен. Атақты Жүсіпбек Аймауытов да Бармұхамед деген ауыл молдасынан үш жыл оқыған.
Мұндай дерек солтүстік тумалары Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің де өмірбаяндарында жазулы тұр. Ұлы Отан соғысының батыры Бауыржан Момышұлы да алғашында ауыл молдасынан оқып, арабша хат таныпты.
Бірен-сарандары болмаса, көбінің аты-жөні белгісіз осы бір ауыл молдалары кімдер? Бір таңданарлығы, олар күллі қазақ даласының қай бұрышында да болған. Бұлар шәкірттеріне еуропалық білім бере алмауы мүмкін, бірақ халқымыздың байырғы ғасырлар бойы шыңдалған институттық дәстүр-жүйесін оқытып, қазақы танымның терең қайнарынан сусындатып, соңында Құранның қарасын танытқан. Ислам әлемінің ұлы ғұламаларының бірі, батыс пен шығысты қатар мойындатқан Әбу Насыр әл-Фараби атамыздың трактаттарында айтылғандай ауыл молдалары шәкірттеріне әуелі білім емес, тәрбие берген сыңайлы. Соның арқасында ауыл молдасынан оқығандар дүние алас-күлеске айналған өткен ғасырдың басында түгелдей дерлік табандары таймай, азаттық жолында бастарын берді емес пе?!.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»