«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында елімізде Цифрлы эфирлік телерадио хабарларын тарату бағдарламасы жүзеге асырыла бастады.
Қазіргі күні «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында елімізде Цифрлы эфирлік телерадио хабарларын тарату бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаны белгілі. 2018 жылдан бастап, Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің бұйрығы бойынша цифрлы хабар таратуды кезең-кезеңмен жүзеге асыру арқылы аналогты хабар таратудан түбегейлі бас тарту жоспарланып отыр. Мәселен 2018 жылдың қазан айында Маңғыстау облысы, желтоқсан айында Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстары цифрлы хабар таратуға көшеді. Бұл жұмыс одан әрі қалған өңірлерде де кезегімен іске асады. Осының нәтижесінде ел тұрғындарының 99,8%-і көп бағдарламалы телехабар таратудың жоғары сапалы цифрлы желісіне тегін қол жеткізетін болады.
Айта кету керек, сандық телевизияға ауысу – халықаралық «Женева-2006» халықаралық келісімі аясында жүзеге асқалы отыр. Мұндағы бір мақсат – қала мен ауыл тұрғындарының арасындағы ақпараттық теңсіздікті азайту арқылы телеарналар санын көбейту, осылайша ақпаратқа қолжетімділікті арттыру. Тағы бір маңызды мәселе – тұрғындарға және телеарналарға қызмет көрсетудің халықаралық талапқа сай болуын қамтамасыз ету. Телеконтент нарығында өз телеарналарымыздың хабар тарату үлесін көбейту де жоспардағы іс. Түптеп келгенде, негізгі мақсат – ел аумағында отандық телеарналарды көру аясын кеңейтудің негізінде мемлекеттің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Хабар таратудың қазіргі түрі – аналогтық желі бойынша ел тұрғындарының жартысы орта есеппен 5 телеарнаны ғана көрген болса, цифрлы хабар таратуды іске асыру барысында оның саны айтарлықтай артады. Атап айтқанда, облыс орталықтары 30-ға тарта телеарнаны көру мүмкіндігіне ие болса, шалғай елді мекендер 15 телеарнаны тамашалайды. Оның үстіне хабар таратудың қазіргі желілері сияқты цифрлы телевизия жалпыға бірдей қолжетімді, тегін әрі қосылуы қарапайым болғанымен, арналардағы бейне мен дыбыс бүгінгіден әлдеқайда жақсарып, мөлдір, тұнық күйінде ұсынылады. Тағы бір айта кететін мәселе, облыстық хабар тарату желісінің жұмысын да жақсарту көзделіп отыр.
Цифрлы хабар таратудың артықшылықтары мұнымен шектелмейді. Мәселен, жалпыға бірдей қолжетімді каналдардың бірінші және екінші мультиплексі (арналар пакеті) бойынша абоненттік төлем алынбайды. Бұған қоса дәстүрлі телевизияда таңсық саналатын ақпараттық қызмет түрлері (төтенше жағдайлар туралы хабардар ету, телегид, телетекст және т.б.) іске қосылады. Қарапайым теледидарды DVB-T2/MPEG-4 форматтағы цифрлы құрылғыға және дециметрлік диапозонды антеннаға жалғау арқылы цифрлы эфирлік телехабар тарату желісіне қосылуға болады. Сонымен қатар жиілік ресурстарын тиімді пайдалану арқылы арналар санын көбейтуге мүмкіндік бар. Бір жиіліктегі сәйкес бағдарламаның орнына 15 цифрлы арна топтамасының толық пакеті (мультиплекстер) ұсынылады.
Тәуелсіздіктен бері отандық телевизияның мүмкіндігі артып, телеарналар қатары көбейгені, ақпарат кеңістігін бәсекеге қабілетті өніммен қамтамасыз ету жолға қойылғаны белгілі. Десек те, қазіргі заманның көрермені үшін дәстүрлі телеарнаның хабар тарату мүмкіндігі жеткіліксіз болып отыр. Кабелді және жерсеріктік хабар тарату желісінің дәстүрлі телевизиямен салыстырғанда аясы кең, мүмкіндіктері әлдеқайда мол екені анық аңғарылды. Кабелді телевизия технологиясының артықшылығы көрерменді сапалы жиілікпен қамтамасыз етуінде болып отыр.
90-жылдардың орта шенінде кабелді телевизияның локальді бренді саналатын «Алма-ТВ», «Секател» және «Қазорталық ТВ» Алматы мен Астана және Қарағанды шаһарына аяқ басты. Дәл осы жылы жерсеріктік хабар тарату желісі – «Жарық» құрылып, ауылдық елді мекендер тұрғындары «Қазақстан» телеарнасын көре бастады.
1995 ұлттық хабар таратуды жерсеріктік хабар таратуға ауыстыру туралы жарлық шықты. Қазақ елі экватор үстінде қалықтаған ғарыштық жерсерік белгілерін алу мүмкіндігіне ие болды. Пираттық хабар тарату контентін қадағалауға индустрия сол кезде қауқарсыз еді. Ақпараттық қауіпсіздікке қауіп төніп, арзанқол және ұрланған контент локальді брендпен бәсекелестікке сай бола алмады.
Ал 2012 жылдан Қазақстан аналогтық желіден цифрлы хабар таратуға көше бастады. Іс жүзінде бұл жүйенің ұтымды екенін уақыттың өзі көрсетті. Осы кезең аралығында еліміздегі телекөрермендер саны 2,3 миллионға жетті.
Осы орайда 2018 жылдан бастап, Қазақстанда эфирлік цифрлы хабар таратуды кезең-кезеңмен жүзеге асыру арқылы аналогты хабар таратудан түбегейлі бас тарту жоспарланып отыр. Теле-радио арналар цифрлы хабар тарату желісінде телерадиокомпаниялар мен телехабар тарату операторлары арасындағы келісімге сәйкес қызмет көрсететін болады. Мемлекеттік бағдарламаны атқарушы ұлттық оператор – «Қазтелерадио» АҚ.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл жүйеге көшу кезең-кезеңмен жүргізілмек. Осы жылғы қазан айында Маңғыстау облысы, желтоқсанда Жамбыл, Түркістан облыстары қамтылады. Ал алдағы жылдары Атырау, Қызылорда, Алматы облыстары. Сондай-ақ Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды облыстары да жоспарда бар. Бұдан кейінгі кезең бойынша Батыс Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе облыстары, Астана және Алматы қалаларын қамту көзделіп отыр. Жалпы, 2020 жылға дейін бағдарлама бойынша цифрлы жүйемен ел тұрғындарының 95%-ін қамту жоспарланып отыр.
Қамбар АХМЕТ,
«Егемен Қазақстан»