• RUB:
    4.75
  • USD:
    441.44
  • EUR:
    473.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Тамыз, 2018

«Өлкетану. Ақмола облысы» оқулығы жарық көреді

1198 рет
көрсетілді

Бүгінгі таңда жалпы білім беру бағдарламасы шеңберінде 5-7 сыныптарға «Қазақстан тарихы», «Қазақ әдебиеті», «География», «Музыка» пәндерін жаңаша байытып, өз өлкелерінің өткені мен бүгінін қамтитын «Өлкетану» курстарын енгізу жоспарлануда. 

Бірден айта кетейік, өлкетану курсы білім және тәрбие жұмыстары бағытында жүзеге асырылатын жалпы білім беру ісінің құрамдас бөлігі. Негізгі мақсаты – оқушыларға туған өлкесін тереңірек танытып, олардың бойларындағы азаматтық белсенділікті арттырып, патриоттық сезімдерін ұштау болып табылады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында патриотизмді дамыту мәселелері туған жерге деген сүйіспеншілікпен тікелей байланысты екендігі атап көрсетілген болатын.

Осы мақсатты жүзеге асыруға орай әр аймақтың өз оқу­лықтары дайындалу үстінде. Таяуда Көкше­тау қаласындағы «Келешек-2030» баспасы бірнеше авторлармен бірлесе отырып оқу-әдістемелік құралды әзірлеп, таныстыру рәсімін өткізді.

– Оқу әдістемелік құралын дайындау барысында оқушылардың жас ерекшелігі, қабылдау мүмкіндігі әрі жаңартылған оқу бағдарламасының сәйкестігі ескерілді, – деді облыстық білім беру бас­қармасы басшысының міндетін атқарушы Ва­лерий Гамазов.

«Өлкетану. Ақмола облысы» мектеп курсы жо­ғарыда аталған төрт пәннің шеңберінде жиыр­ма сағатқа арналып жүргізілген 5-сынып оқушы­ларына туған өлкенің тарихы 4 сағат, музыкалық мұра 1 сағат, ал, 6-сынып оқушыларына өлке тарихын оқытуға 4 сағат бөлініп отыр. Қазақ әдебиеті пәні шеңберінде 2 сағат, ал музыка сабағына бір сағат қосымша курс өткізіледі. 7-сынып оқушылары өлке тарихын 4 сағат оқыса, географияға екі сағат бөлініп отыр.

Ендігі арада облыстың оқушылары өз аймақ­тарында бар ғұмырын туған жерді қорғауға арнаған Абылай хан, Бөгенбай батыр, Кенесары Қасымұлы, Балуан Шолақ тәрізді айтулы тұлғалардың болғандығын және олардың көкіректеріндегі елге деген ыстық махаббаттарын, Отан қорғау жолындағы қайтпас ерліктерін танып білетін болады. Ал музыка пәніне енгізілген курс сағаттарында қазақ ән өнеріне мол олжа салған Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай тәрізді өнер жұлдыздарының телегей-теңіз шығармашылығымен етене танысады. 6-сыныпқа арналған оқулық өңірдегі тамаша табиғаттың нұр дидарын жас толқынның көз алдына мөлдіретіп әкелетіндей. Көгілдір көлдер мен қолдың саласындай ақ қайыңдар көмкерген дала дидары сол әдемі айшығымен көркем безендіріліп, қызықты деректер келтірілген. Жалғыз табиғат қана емес, тамаша адамдар тағдыры да өміршең өнеге. Ондай адамдардың қатарынан Талғат Бигелдинов, Мария Смирнова-Кухарская, Клара Әмірова тәрізді тарихи тұлғалар туралы тағылымды деректер келтірілген. Сондай-ақ оқулықта облыстың туристік бағыттары да бар.

Оқулыққа қосымша электрондық үлгі де беріліп отыр. Бұл әдіс оқулықтың жүгін жеңілдетуге себеп. Әрі шалғайдағы ауыл-аймақтың мұғалімдері электронды үлгіге өз елді мекендерінің тарихын, тамаша адамдар тағдырын қосу мүмкіндігі бар. Мұндай жұмыстар мұғалім мен оқушылардың бірлескен ұжымдық шығармашылығы арқылы жүзеге асырылады. Барлық жұмыс жаңартылған оқу бағдарламасына сәйкес атқарылған. Сарапшы мамандар оқушыларға ұсынылып отырған оқулықтардың мемлекеттік стандартқа сәйкес екендігін анықтап, оң баға берген. Өлкенің тарихын жас көкірекке толайым қотаруға септігі мол жұмыс болашақты бағдарлауға жасалған ауқымы мол, игі ұмтылыс деп айтуға әбден болады.

Байқал БАЙӘДІЛ, «Егемен Қазақстан»