Кеше Қарағанды қаласының темір жол вокзалынан Қазақстан Коммунистік халықтық партиясының сайлауалды жұмыстарын жүргізетін топтарынан құралған үгіт пойызы өңірдің елді мекендерін аралауға аттанды. Үгітшілердің негізгі құрамы ҚКХП облыстық филиалының белсенділерінен жасақталған.
Екі аптадан артық мерзімге жоспарланған үгіт пойызының сапары Қарағанды облысының ауылдық аудандары мен Теміртау, Саран, Абай, Шахтинск сияқты қалаларында жалғаспақ. Үгіт бригадасының жетекшісі Тимур Сайфуллиннің айтуынша, сапарға шыққан үгіт пойызының басты мақсаты – жер-жердегі тұрғындармен тікелей жүздесу. Бір жағынан, осы кездесулер барысында ҚКХП-ның сайлауалды тұғырнамасымен таныстырып, жан-жақты үгіт жұмыстарын өткізу болса, екінші жағынан, шалғай елді мекендердегі тұрғындардың арыз-шағымын тыңдап, депутаттықтан үміткерлерге айтатын аманаттарын қабылдау.
ҚКХП облыстық сайлауалды штабының жетекшісі Александр Зевахин бұл үгіт пойызын дайындауға мүгедек балалары бар аналардың мүддесін қорғайтын «Қамқор» қоғамдық бірлестігінің ерекше белсенділік танытқанын атап көрсетті. Оның айтуынша, Қарағанды облысында коммунистердің сайлауалды үгіт-насихат жүргізу жұмысы ерекше белсенділікпен басталған. Үгіт жұмыстары бастау алған кезеңнен бері ҚКХП құрамынан ұсынған үміткерлердің саяси көзқарасын айқындайтын бірнеше ақпараттық билбордтар ілінген. Бұл ретте жергілікті билік органдары коммунистерге ешқандай кедергі келтіріп отырмағандығын да облыстық штаб жетекшісі атап айтты.
– Біз үй-үйлерді аралап, ҚКХП үміткерлерінің бағдарламаларымен таныстырып жүрміз. Тұрғындар бізді жылы қарсы алуда. Қазірдің өзінде мен қарағандылықтардың көпшілігі біздің партияға жылы қабақ танытып отырғандығына куә болып жүрмін. Алдағы уақытта біз жұмысымызды осы қарқынмен қызу жалғастыра бермекпіз, – дейді ҚКХП-ның жас үгітшісі Арман Лезбаев өз ойымен бөлісіп.
Қазақстан Коммунистік халықтық партиясы сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын барлық өңірлерде қызу жүргізуде. Оған партия тарапынан белгіленген үгітшілердің белсенді қимылы айғақ болғандай.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.