«Ауыл» социал-демократиялы партиясының сайлауалды штабында алдымызда болатын саяси науқанға байланысты жұмыстар қызу қарқын алу үстінде. Кешегі күні мұнда Польшадан келген ЕҚЫҰ өкілдері болып, партияның жұмыс жағдайымен танысты. Оларды партия төрағасы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, академик Ғани Қалиев қабылдады.
Меймандармен болған әңгіме барысында қазақстандық қоғамда демократиялық үдерістердің өріс алу жағдайы, алдағы сайлауға дайындық мәселелері, «Ауыл» партиясының қоғамдағы рөлі туралы айтылды. ЕҚЫҰ өкілдерінің қойған сұрақтарына байланысты партия төрағасы өздерінің сайлау кезінде дауыстардың 15 пайызын алуға үмітті екендіктерін жеткізді.
Бұл партия 2000 жылдың қаңтар айында құрылған болатын. Оның құрамында 200 мыңнан астам мүше бар. Партия филиалдары барлық облыстарда және Астана мен Алматы қалаларында жұмыс істейді. Құрылымы 160 аудандық ұйымды, 2090 бастауыш ұйымды қамтиды.
Әңгіме барысында Ғани Қалиев қазіргі уақытта Қазақстанда Парламент Мәжілісі депутаттығына сайлауалды жұмыстары бейбіт жағдайда, өзара үнқатысу негізінде өріс алып келе жатқандығын атап көрсетті.
Кешегі күні сондай-ақ «Ауыл» партиясынан Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидат болып тіркелген Жасқайрат Сүндетұлы Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданында болып, аудан тұрғындарымен кездесуін бастады. Мастықсай ауылында болып өткен сайлаушылармен кездесу барысында «Ауыл» партиясының бағдарламасы мен сайлауалды тұғырнамасы туралы әңгіме болды. Кандидат партияның алға қойып отырған мақсаттарын халыққа түсіндіріп берді. Осындай кездесу аудан әкімдігінде де болып өтті.
Партияның орталық сайлауалды штабында қазіргі күні үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу тәртібі мен халыққа жеткізу құралдары пысықталып, әзірлену үстінде. Қалалық автобустарда жүгіртпе жолдар арқылы үгіт жүргізілмек. Сондай-ақ көшелерде билбордтар мен басқа да көрнекіліктер ілінбек.
Кеше, сондай-ақ партияның сайлауалды штабы бастығының орынбасары Ғалымжан Мәдиев «7-ші» телеарна тілшісіне сұхбат беріп, партияның жүргізіп жатқан жұмыстарына кеңінен тоқталды.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.