Жолаушыға ой серік. Жаңа ғана жеңіл көліктің ішіндегі радио желісінен оқыс оқиға жайлы ақпарат естігенбіз. Он алтыдағы бозбала көп қабатты үйдің алтыншы қабатынан секіріп кетіп, опат болыпты. Себеп, ата-анасы ноутбук әпермеген. Байғұс бозбала. Аман болса, алда қанша ғұмыр бар, әлденеше ноутбук, бәлкім одан қымбатын ұстамас па еді?..
Степняк қаласына жеткенбіз. Қонақ үйге орналастық. Зәуі бір себеппен екінші қабаттағы аяқ киім жөндейтін шеберханаға бас сұққанбыз. Сұңғақ бойлы, қараторы жігіт қарсы алды. Өз жайын ыммен ұқтырған. Тілсіз екен. Біз қолымыздағы қалам мен блокнотымызды көрсеттік. Соған қарап, қай кәсіптің адамы екенімізді ұққандай. Қалыпты машықпен ауаны айқыш-ұйқыш сызғылап, әлденені айтып жатыр. Өкінішке қарай ымын ұға алмадық. Дес бергенде біздің жайымызды көрген жігіт ағасы осындағы саңыраулар қоғамында Роза Айтмағанбетова есімді аудармашының бар екендігін жеткізген. Журналист екенімізді айтқан соң Роза апай бірден келісе кетті.
Шебердің аты-жөні Юрий Жуков. Тумысынан тілсіз. 2016 жылы өз қаржысына аяқ киім жөндейтін шеберхана ашып алыпты. Содан бері ел алғысына бөленуде. Тозған аяқ киімді жамап-жасқау бағасы арзан әрі келген адамды жылышыраймен қарсы алады. Тілсіз-ақ тәмам елмен тіл табысып жүр. Жалғыз аяқ киім жөндеумен ғана емес, спортпен де айналысады. Аудан, облыс былай тұрсын, республикалық спартакиадаларда топ жарған. Мүмкіндігі шектеулі «Үміт» спартакиадасының әлденеше мәрте жеңімпазы. Ауыр атлетика және армрестлингпен күнделікті шұғылданады. Жатып көтеруден 75 келі салмақ межесінде. Менің көз алдыма ауыр зілтемірді емес, тағдырдың салмағын қиналмай көтеріп жүргендей елестеп кетті.
Сұңғақ бойлы, әдеміше жігіттің жүзінде тағдыр талқысына деген торығу жоқ. Қайта өмірге құштарлықтың лебі есіп тұр.
– Жарысқа дайындалып жатырмын,– дейді ол аудармашы арқылы айтқан әңгімесінде, – бұрын жағдайым қиындау еді, қазір бір бөлмелі үй алдым. Анам екеуіміз тұрып жатырмыз. Өз табысым өзіме жетеді. Анам Надежда Коркина қырық жыл мұғалім болған кісі.
– Өте еңбекқор, таза, адал жігіт. Аудан орталығындағы мұқтаж жанның бәрі осында келеді. Кейбіреулерді мүсіркеп, тегін де көмектесе салады. Анада бір келсем, он екі мүшесі сау, тепсе темір үзетін өзіміздің бір жігіт Юрийге тегін істеп берші деп қолқа салып тұр екен. Ұялғаным-ай, – дейді көлденеңнен киліккен Қаппас Жансүгіров ақсақал.
Күн астында жүргенмен, күрсінуге себеп көп қой. Әйтсе де тағдырдың салған ісіне мойымаған шебердің тіршілігіне тәнті болдық. Сол кезде ата-анасына болмашы зат үшін өкпелеп, дүниеден баз кешкен бозбаланың есімізге түскені.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Егемен Қазақстан»