Кеңес дәуірінде жоғары дәрежелі әскери атақ «генерал» шеніне қол жеткізген тұңғыш қазақ Сабыр Рахимов. Бұл атаққа ол 1943 жылы 19 наурыз күні ие болыпты. Ал екінші қазақ генералы – Шәкір Жексенбаев мұндай мәртебелі шенге 1943 жылы 14 қазан күні қол жеткізсе, үшінші адам моңғолиялық қандасымыз, әйгілі әскери ұшқыш Жайсанып Мүкәрісұлы. Жәкең бұл атаққа 1944 жылы 28 сәуір күні ие болған.
Жайсанып генералдың өмір тарихына қатысты қисынды-қисынсыз әңгіме көп. Сондықтан біз архивтік құжаттарға сүйенгенді жөн көрдік. Жәкең 1940 жылы Моңғол елінің тұрақты парламентіне мүше болып сайланған екен. Осы кезде ескі ұйғыр-моңғол жазуымен және өз қолымен толтырған №69 анкеталық құжатында:
Сұрақ: Әкеңіздің және өз есіміңіз?
Жауап: Мукрас Зайсанов (Жайсанып).
Сұрақ: Жасыңыз және туған жылыңыз?
Жауап: 1910 жылы тудым, жасым 30-да.
Сұрақ: Ұлтыңыз?
Жауап: Ұлтым қазақ.
Сұрақ: Туған жеріңіз?
Жауап: Қобда аймағы (бұл кезде Бай-өлке аймағы әлі орнамаған), Ұлан-құс сұмыны, 5-ші ауыл.
Сұрақ: Оқыған біліміңіз?
Жауап: Кубанда атты әскердің мектебін бітірдім. Содан кейін ұшқыштар даярлайтын курсты оқыдым.
Сұрақ: Партия мүшелігіне қашан өттіңіз?
Жауап: 1929 жылы кандидаттыққа, 1930 жылы мүшелікке өттім.
Сұрақ: Марапатыңыз?
Жауап: 1939 жылы Жауынгерлік Қызыл Ту орденімен марапатталдым.
* * *
Жоғарыдағы деректерге қосарымыз: Жайсанып Мүкәрісұлы 1929-1930 жылдары қазақтар қоныстанған батыс өлкенің шекара заставасында қызмет атқарып жүріп, 1930 жылы шығыс халықтарына арналған КУТВ-қа (Коммунистический университет трудящихся востока) оқуға жіберіледі. Мұнда келген соң Мәскеудегі Моңғолия елшілігі шақырып алып, оған Кубандағы атты әскер дайындайтын дивизионға жолдама береді. 1933 жылы осы оқуын аяқтаған соң Моңғол үкіметі оны Орынбордағы ұшқыштар мектебіне оқуға келген моңғолиялық жастарға аудармашылық қызмет көрсетуге жұмсайды. Жәкең моңғолдарға аударма жасай жүріп, өзі де ұшқыштың оқуын бітіреді.
1935 жылы оқуын бітірген соң өзі оқыған Орынбордағы ұшқыштар училищесінде ұстаз болып қалып қояды. Екі жарым жыл осында шәкірт дайындайды. Орыс қызы Мария Петровнамен шаңырақ құрады.
Кешікпей Моңғол елінен «кері қайтсын» деген бұйрық алды. Себебі 1938 жылы 1 желтоқсан күні Монғол армиясының тарихында тұңғыш рет әуе күштерінің күшейтілген полкі құрылған болатын. Соған тәжірибелі басшы қажет еді. Әрі Халхин-гол маңында Жапон миллитаристерінің шабуылдау қауіпі төніп келе жатты. 1939 жылы Халхин-голда КСРО мен Моңғолия қарулы күштері бірлесіп жапондарға соққы берді. Соғысқа өз полкын бастап полковник Жайсанып та қатысады.
Халхин-гол шайқасында генералдың қол астында қызмет атқарған ұшқыш Тұнға Дұғырұлы деген ардагердің естелігінде: «Жайсанып пен орыс азаматы, кеңесші-ұшқыш М.Комендатов басқарған біз С.Грецевич, Г.Кравченко, Я.Смушкович бастаған (кейін үшеуі де Кеңес Одағының Батыры атанды) мықтылармен қанаттасып, әуе шабуылы тарихында алғаш рет түн жамылып жау қорғанысын талқандауды жүзеге асырдық. Халхин-гол майданын әйгілі қолбасшы Г.Жуков басқарды. Соғыс аяқталған соң бас қолбасшы Жуков соғыста аты аңызға айналған командиріміз Жайсаныпты жеке қабылдап, Жауынгерлік Қызыл Ту орденімен марапаттады» дейді.
* * *
Жайсанып Мүкәрісұлы 1942 жылдың 15 қазанында Моңғолия үкімет басшысының №00182 бұйрығымен Әуе қарулы күштерінің қолбасшысы болып тағайындалады. 1945 жылы Ұлы Отан соғысы аяқталған соң Кеңес Одағы жедел Жапонияға қарсы соғыс жариялады. Оған Моңғолия да қатысты. Осы жорықта Жайсанып басқарған Моңғол елінің ұшқыштары жапондарға қарсы әжептәуір соғысқан сыңайлы. Архивте сақталған жорық жазбаларының біріне: «Мүгден әуежайын басып алдық. «Супер» маркалы – 49 ұшақ, «Дюблестник» типтегі – 11 ұшақты қолға түсірдік. Рапорт беруші генерал-майор М.Жайсанып» деп, қол қойған.
Жапония жеңілгеннен кейін орыс-моңғолдың бір топ генералдарымен бірге Жайсаныпты И.Сталин Мәскеуде қабылдаған. Өз қолымен Кеңес Одағының «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденін тапсырған. Осы оқиға туралы генералдың өз аузынан естігенін марқұм академик-ғалым Ислам Қабышұлы 1980 жылы Өлгей қаласында жарық көрген «Аймағым алтын ордам» атты естеліктер жинағында былай деп еске алыпты: «... орден тапсырып тұрып И.Сталин: – құрметті генерал, сіз қай ұлттан боласыз, – депті. Жайсанып: «Мен қазақпын жолдас Бас қолбасшы!» дейді таза орыс тілінде. Сонда И.Сталин: «сізді мен сырттай 1939 жылдан бері білемін, аз халықтың үлкен жүректі азаматы екенсіз, құттықтаймын!» депті.
1948 жылдың 28 маусым күнгі мемлекет басшысы маршал Х.Чойбалсанның бұйрығымен генерал Жайсанып КСРО Әуе күштері академиясына оқуға жіберіліпті. Одан кейінгі өмірі күңгірт. 1952 жылы Х.Чойбалсан өлген соң генералды қудалау басталған. 1953 жылы біржола тұрып қалу үшін Алматыға ат басын бұрған көрінеді. Оған сол тұстағы саяси жағдай сай болмаған.
Тарих ғылымдарының докторы Зардыхан Қинаятұлы даңқты ұшқыш жайлы өзінің естелігінде: «1965 жылы Жайсанып әскери госпитальда төсек тартып жатқанын естіп іздеп бардым, генералдың сырқаты ауыр екен. Кезінде даңқты қолбасшы, аты аңызға айналған ұшқыш екенінен ешқандай белгі жоқ. Ауруханада медбикенің қолына қарап қалған. Іздеп келген мені көріп кемсеңдеп: «Сен қазақ болғандықтан мені іздеп келдің ғой. Әйтпегенде, бүгін мені іздейтін адам қалмады. Ендігі жатқан түрім мынау» дейді (Қинаятұлы З. Көшпенділік ғұмыр. Эссе. Алматы: «Тарих тағылымы», 2010. 268-б).
Заманында қайтпас қыран, көк аспанның батыры атанған азамат 1965 жылы дүниеден өтті. Кейін өзі туып-өскен Бай-өлке аймағы Қызыл қайың ауылындағы мектепке ұшқыштың есімі берілді.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»