Жаңаөзен қаласында, жалпы, Маңғыстау облысында да жағдай қалыпты күйде және құқық қорғау органдарының бақылауында тұр. Желтоқсанның 20-нан 21-не қараған түні Жаңаөзен қаласында коменданттық сағатты бұзғаны үшін комендатурада 9 адамға заңды түсіндіру жұмыстары жүргізілгеннен кейін олар үйлеріне жеткізілді. Үкіметтік комиссия жаппай тәртіпсіздіктермен байланысты туындаған проблемаларды шешу жөнінде бірқатар ұсыныстар әзірледі. Жаңаөзен қаласындағы қоғамдық тәртіпті қалпына келтіру және жағдайды тұрақтандыру үшін Үкімет қажетті ақшалай қаражат бөлуде. Қалалық комендатура қала аумақтарын тазалау, білім беру мекемелерінің, әлеуметтік-мәдени және басқа да қала тұрғындарының тыныс-тiршiлiгiн қамтамасыз ету нысандарының жұмыстарын қайта іске қосу жөніндегі қажетті шаралар қабылдауда. 2011 жылдың 21 желтоқсанында «Өзенмұнайгаз» және «Қаражанбасмұнай» компанияларының жұмысшылары түгелдей жұмысқа шықты. Жедел тергеу тобы жаппай тәртіпсіздіктердің ұйымдастырушылары мен неғұрлым белсенді қатысушыларын заңмен белгіленген жауапкершілікке тарту жөніндегі жұмыстарды жалғастыруда, деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.