• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
22 Желтоқсан, 2011

Ембіге газ берілді, мешіт ашылды

315 рет
көрсетілді

Мұғалжар ауданындағы Ембі қаласына газ құбырын тарту бұ­дан бес жыл бұрын басталған-ды. Қаржы жағдайына байла­ныс­ты бір ғана газ бөлу пункті іске қосылып, осындағы бірнеше әлеуметтік нысандар ғана көгіл­дір отын игілігін көріп келген-ді. Газ құбыры қалаға келгенімен тұрғын үйлерге толықтай көгіл­дір отын берудің сәті Тәуел­сіз­діктің 20 жылдығы қарсаңында ғана түсті. Ембі қаласына газ бөлу жүйесін жүргізуге және Жем қаласына газ құбырын тар­ту­ға облыстық бюджеттен 370,2 миллион теңге қаржы бөлініп, ол толық игерілді. Қолсозым жерге келіп тұрған көгілдір отынға көз­дерін сатқан ембіліктердің қуа­нышында шек жоқ. Қала бойын­­ша салынған 12 газ бөлу пункт­тері құрылысы аяқталып, енді тұрғын үйлерге кіргізу жұмыс­та­ры қарқынды жүргізіліп жатыр. Ембі қаласына көгілдір отын беру салтанатына қа­лалықтар тай­лы-тұяғы қалмай жиналды. «Са­бақ­ты ине сәтімен» дегендей мұн­дай қуаныштың ел Тәуелсіз­ді­гінің 20 жылдық мерей­тойымен тұспа-тұс келуін жақсы­лыққа балап жатты олар. Осы салтанатты шараға арнайы атбасын тіреген облыс әкімі Архимед Мұ­хамбетов жиналғандарды қуаныш­ты сәтпен құттықтай келіп, Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаевтың дана да көре­ген­дік саясатының арқасында еліміз­дің экономикалық-саяси жүйе­­сін қалыптастыруда елеулі дамуға қол жеткеніне, тәуелсіз­діктің 20 жылы ішінде халықтың әл-ауқа­тын жақ­сар­ту бағытында қыруар жұ­мыстар атқарылғанына тоқ­талды. Салтантты сәтте сөз алған ең­бек ардагері Ғайбол Исаев, қала­лық жастар ұйымының мүшесі Орын­гүл Бөкеева және басқалар осындай игілікті іс үшін Елбасына және облыс басшылығына риза­шы­лықтарын білдірді. Халық риза болса, риза бол­ған­дай шаруа тындырылды. Қаладағы 3214 үйдің тұрғындары енді қолда­рын жылы суға малып отыратын болды. Тұрғындар тонналап қым­бат көмір түсіруден, бұрқыратып күл шығарудан құтылды. Қазірдің өзінде 370 үй және 17 әлеуметтік және өндірістік нысан көгілдір оты­нның қызығын көріп отыр. Газ бөлу пункттерінің құрылыс жұ­мыс­тарын жүргізген «МКСтрой Сер­вис» ЖШС-іне де халықтың алғысы шексіз. Өңір басшысы қала тұрғыны Еділ Ахметовтің үйіне кіріп, газдың игілігін көріп отырғанына көз жеткізді. Содан кейін облыс әкімі Архимед Мұхамбетов осындағы «Нұр» мешітінің тұсаукесеріне қатысты. Жаңа мешіттің ашы­луы­­на жиналған жамағатты иман­дылық үйінің пайдалануға берілуімен құттықтаған әкім ислам­ның бірліктің, татулықтың діні екеніне тоқталды, жастарды иман­­ды­лыққа тәрбиелеуге шақыр­ды. Мешіт имамы Әділжан Бекбауов­қа жеңіл автокөліктің кілтін ұс­тат­ты. Мешітте бір мезгілде 400 адам намазға тұра алады. Мұнда намаз оқитын, сауат ашу бөлме­лері бар. Ғимаратқа жылу, су, электр және кәріз жүйесі жүргі­зіл­ген. Қос бірдей қуанышқа бө­лен­ген ембіліктер көңілдері көте­ріңкі, жүздері жарқын. Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы.