Қайтадан қайрылып
қауымға келмейсің,
Барыңды, нәріңді
тірлікте бергейсің.
Ғибрат алар артыңа
із қалдырсаң,
Шын бақыт осыны ұқ,
мәңгілік өлмейсің, – деп соңына ғибратты ізін, мәңгілік өлмейтін ойлы жырын қалдырған ақын, философ Шәкәрім Құдайбердіұлының дүниеге келгеніне биыл 160 жыл.
Ойшылдың мерейлі мерейтойы туған топырағы – Шығыс Қазақстанда, оның ішінде Семей шаһары мен Абай ауданында кең көлемде атап өтілді.
Үш күнге созылған шаралар легі 15 тамызда Семейдегі Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетте «Абай елі – руханият Меккесі» атты ғылыми-практикалық конференциямен басталды. Шара барысында филология ғылымдарының докторы Арап Еспенбетов, Абай музейінің директоры Болат Жүнісбеков, тарихшы Еркін Рахметулин, Ақмарал Смағұлова, Эльмира Сәмекбаева секілді ғалымдар Шәкәрім мұралары жөнінде мазмұнды баяндамалар жасады. Маңызды жиынды құттықтау сөзімен ашқан университет ректоры Мейір Ескендіров бұл конференция қыркүйек айында жалғасын табатынын, ақын шығармашылығы халықаралық деңгейде зерттеліп, зерделенетінін жеткізді.
Мерейтойлық шаралар келесі күні Абай ауданының орталығы – Қарауыл ауылында облыстық «Шәкәрім оқуларымен» жалғасып, өңірде тұратын өзге ұлт өкілдері философтың өлеңдерін жатқа оқып, әндерін шырқады. Облыстық Тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырған шара қорытындысында Үржар ауданының тумасы Светлана Тарасова жеңімпаз атанды.
* * *
Шəкəрім Құдайбердіұлының 160 жылдық мерейтойы 17 тамызда ұлылар туған киелі мекен – Абай ауданында ұйымдастырылған ауқымды мәдени-танымдық шаралармен түйінделді.
Биыл Абай, Шәкәрім, Мұхтардай алыптарды дүниеге әкелген өлке – Абай ауданының құрылғанына 90 жыл толыпты. Осы атаулы датаға орай аудан басшысы Жарқынбек Байсабыровтың бастамасымен Шыңғыстаудың әр тарапта жүрген азаматтары мен демеушілері, өңір тұрғындары аудан орталығына ұлы Абайдың еңселі ескерткішін орнатуды ұйғарыпты. Биіктігі 4 метрден асатын қоладан жасалған туындының авторы – жас мүсінші Нұрбол Қалиев. Ескерткіштің ашылу салтанатына Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов, Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, сенатор Серік Жақсыбеков бастаған, ұзақ жылдар ауданды басқарған, қоғам қайраткері Хафиз Матаев, жазушы Медеу Сəрсеке, Талғат Кеңесбаев, әнші Кенжеғали Мыржықбай, дәстүрлі әнші Гүлмира Сарина қостаған құрметті қонақтар қатысты.
Ш.Құдайбердіұлының 160 жылдық мерейтойының салтанатты ашылу рәсімі орталық стадионда өтті. «Биылғы жыл – ғұлама Шәкәрімнің 160 жылдығымен маңызды. Азаттықтың арқасында «ақ жолдан айнымай, ар сақтауды» өсиет қылған ақынның ар ілімі біздің баға жетпес құнды мұрамызға айналды. Шәкәрім – ақыл мен парасат, асқақ рух пен адал еңбектің айнасы», деді салтанатты шарада құттықтау сөз сөйлеген аймақ басшысы Даниал Ахметов.
Облыс әкімінен соң сөз алған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықованың құттықтауын оқып берді. «Баршаңызды дала данышпандарының бірі, ақын, философ Шәкәрім Құдайбердіұлының 160 жылдық мерейтойымен және ұлтымыздың ұлы ақыны Абайдың есімімен аталатын ауданның құрылғанына 90 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын. Қазақ халқына Абайдай біртуар тұлғаны тарту еткен киелі топырақта талай дүлдүлдердің дүниеге келгені тарихтан мәлім. Шәкәрім есімі ұлтымызға ұлы Абайдың ізбасар інісі, ел мен жердің шежіресін таратқан тарихшы, имандылыққа, парасаттылыққа шақырған кемел тұлға, кемеңгер философ ретінде танымал. Бүгінде Шәкәрім Құдайбердіұлының рухани мұрасы халықпен қайта қауышып, ұрпақтың санасын жаңғыртар жәдігерге айналды. Бұл – ел Тәуелсіздігі жылдарындағы Елбасымыздың сындарлы саясатының жемісі мен жетістігі. Және Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы шеңберінде жүзеге асырылып жатқан құндылықтарымыздың жарқын көрінісі» делінген Мемлекеттік хатшының құттықтауында.
Мерейтойға келген қонақтар Қарауылдағы Шәкәрім алаңындағы ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым жасады. Бұл күні өнерімен, спортымен даңқы шыққан аудан орталығында күніне 40 адам спортпен шұғылдана алатын, ұзындығы 25, ені 8 метр, бес жолақты бассейн пайдалануға беріліп, Қарауыл тұрғындарын қуанышқа бөледі.
Қазір аймақта «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Абай әлемі» сериясымен өңірден шыққан көрнекті тұлғалардың – ақын, жазушылардың шығармаларын бастыру жұмыстары қолға алынғаны белгілі. Биыл жыл аяғына дейін 100 томға жоспарланған топтаманың 16 томын шығару көзделген. Мерейтойлық шара барысында Д.Ахметов «Абай әлемі» сериясымен жарық көрген Абай, Шәкәрім, Мұхтар шығармалары мен Әміре Қашаубаев туралы ғұмырнамалық еңбектерді аудандық кітапхана ұжымына тарту етті.
Мерейтойлық шаралар бұдан әрі «Абай елі – руханият Меккесі» атты театрландырылған музыкалық көрініспен жалғасып, Шәкәрім Құдайбердіұлының рухына бағышталып Құран-қатым түсіріліп, Қарауыл төбедегі ұлттық ойындармен, «Қаламқас» халықтық ән-би ансамблінің гала-концертімен түйінделді.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы,
Абай ауданы,
Қарауыл ауылы
Суретті түсірген Тілеубек ШАЯХМЕТ