«Жаңаөзен: оқиға ізімен» атты деректі фильмді көргеннен кейінгі ой-пайымдар
Кеше түнде «Хабар» телеарнасында осындай фильм көрсетіп жатыр деп естісімен-ақ шарт жүгініп теледидарға көз тіккенбіз. Жанымызды ауыртқан Жаңаөзендегі жайлар тағы да қайталанып, көз алдымыздан тізіліп өтіп жатыр. Бір ғана жұбаныш, бұл жолы өмірде емес, экранда, кино көрінісінде. Мамыражай шуақты тірлік, мерекелі күннің жарқын қуанышы кенет бұлыңғыр тартып, суылдаған суық жел соғып, көңілдің ашық аспанында қара бұлт үйіріліп жүре бергендей болды. Болады деп әсте күтпеген, үш ұйықтасақ түсімізге кірмеген, көзге мүлдем тосын, жанымызға жат, ызғар шашқан ызбарлы көріністер. Мерекенің сәні, берекенің мәні кетті. Адам толы болса да алаң қаңырап қалғандай. Бір шетте қорқынышпен аңтарылып алаңдаған бала, бір шетте дауыс салып, аңырап жылаған ана. Оларды ешкім көзге ілер емес. Дүркірей жүгіреді. Өз беттерімен у-шу. Дабыр-дұбыр. Дөрекі былапыт сөздер естіледі. Жығылып жатқан жаңа жылдық шырша. Сахна үстінде тепкіленген музыкалық жабдықтар. Қазақтың бір әпсаналы нақылында «естіген өтірік, көрген рас» демеуші ме еді. Фильм авторлары нақ осы нақылға жүгінгендей-ақ болғанды болғандай етіп көрсетіп, Жаңаөзен оқиғасының даму барысын хронологиялық реттілікпен, тайға таңба басқандай айқындықпен өрбітіпті. Адам өтірік айтуы мүмкін. Бірақ кинокамера жалған айта алмайды. Камера өз көзімен көргенін, қобди көкірегіне түсіргенін айнытпай, дәл сол қалпында көрсетеді. Осынау кинобаян түсірушілердің өз пікірлерін алға шығармай, кадрдағы бұлтартпас көріністер арқылы оқиғаның ақиқат суреттерін сұлбалап айғақтауды мұрат тұтқаны байқалады. Ол кадрлар көптеген тұстарда айтпаса да түсінікті, яғни түсіндіруді қажет етпейді. Ол көріністер тілсіз-ақ сөйлейді, зар илейді. Алаңды билеп-төстеген топтың лаң шығарып, тәртіпсіздік жасап жүргені айдан анық. Кинолента оларды ақтамайды да, даттамайды да. Өзі бейтарап қалып, болған жайды ғана жіпке тізіп жайып салады. Бірақ ол түбінде айып болып тағылатын айғақ екендігіне де назар аударуымыз керек сияқты. Демек, бұл кинолента елді дүрліктірген, алатайдай бүлік салған оқиғаны дұрыс әрі объективті бағалау үшін бүгінімізге де, болашағымызға да керек. Фильм дәл осынысымен құнды. Қалтқысыз кинокамера көріністерімен қатар оқиға шындығын көзбен көрген, басы-қасында болған куәлардың да бояп-бүркемелемей айтуы маңызды. Фильмде осындай куәлар сөз алады, зардап шегуші жәбірленушілер әрі мұң шағып, әрі куәлік береді. Бұл арада біз адам айтқысыз сорақы талқандау мен тонаудың, қирату мен өртеудің, жөнсіздік пен жүгенсіздіктің орын алғанына көз жеткіземіз. Бейкүнә жазықсыз жандар жапа шеккен. Қаншама материалдық игіліктер харап етілген. Қалай ғана бұлай болды екен? Қайтіп мұндай сұмдыққа жол берілді екен? Мынадай жан түршіктірер тағылық ашу-ыза қайдан шықты? Осыған жол бермеудің амалдары түгел қарастырылды ма екен? Бірнеше ай бойы ашынып, алаңға шығып жүргендердің тілек-талаптары түгел тыңдалды ма екен, мұнай басшылары тарапынан? Фильмді көре отырып осылай қиналып қапаланасың, ішкі дүниең шіміркене шерленіп, үнсіз егіліп, ойланасың. Жаңаөзен мен Шетпедегі шектен шыққан шетін оқиғалар қазақ қоғамының қабырғасын қайыстыруда, қазақ зиялыларын қатты қамықтыруда. Еңбек Ері, абыз жазушы Әбіш Кекілбайұлы, атақты ақын Фариза Оңғарсынова, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин, Ұлттық Ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов, академик Сұлтан Сартаевтың сабырға шақырған, береке-бірлікті бұзбауға үндеген салиқалы-салауатты лебіздерін де осынау фильмде толқымай тыңдау мүмкін емес. Жаңаөзен оқиғасы кезінде құқық қорғау органдары көп қиындық арқалап, ауыртпалықтың да, жауапкершіліктің де көбі солардың иығына түсті. Оқиға болған өңірдегі тиісті қызмет салалары да көпке ортақ алмағайып сыннан шет қалмады. Фильмде бұл жайлар да байыппен бедерленіп, жеткілікті көрініс тапқан. Салалық бөлімшелердің, мұнай компанияларының жауапты қызметкерлерінің риясыз ақтарған күйінішті сырларынан да көп жайды аңғарып білгендейміз. Қазақ елі қансыраған жаралы Жаңаөзенді мынадай ауыр шақта жалғыз қалдырмады. Елбасы оқиғаға байланысты бірден-ақ кесімді де парасатты сөзін арнап, қайтыс болғандардың отбасылары мен туған-туысқандарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтты. Зардап шеккендерге көмек көрсетілетінін, іріткіге жол берілмейтінін, кінәлілер мен арандатушылар тиісті жазасын тартатынын білдірді. Тәртіпсіздікті өршітпей, тыныштықты сақтау, жағдайды сабасына түсіру мақсатында Жаңаөзенде комендант сағатын жариялады. Мемлекет басшысы еңбек дауы мен бұзақылықты шатыстырмау керектігін мықтап ескертті. Фильмді көргенде осы жайлардың бәріне егжей-тегжейлі қанығып, мәселенің мән-жайына, мәнісіне бойлай түсесің. Бұл фильмді Жаңаөзен ақиқатына жүгінудің алғашқы қадамдарының бірі десек те болар. Ең бастысы – сол қадамның сәттілігінде... Қорғанбек АМАНЖОЛ. АЛМАТЫ.
•
23 Желтоқсан, 2011
Ақиқатқа жүгіну
421 рет
көрсетілді