• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
23 Желтоқсан, 2011

Жағдай тұрақталып келеді

283 рет
көрсетілді

Елбасының, Үкіметтік комиссия мен жергілікті әкімдіктер, құқық қорғаушылар мен адал ниетті адамдарының біріге жұмыс істеуі нәтижесінде Жаңаөзендегі жағд­ай тұрақталып келеді. Қала­ның коменданты, облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, по­лиция полковнигі А.Қабылов­тың айтуынша, өткен күні тәртіп бұзушылық фактілері тіркелмепті. Кеше түнде журналистерге Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Ө.Шөкеев басшылық ететін Үкіметтік комиссия бас­шы­ларының атқарылған жұмыс­тары таныстырылды. Ол мәлі­мет­тер бойынша, бүгінгі таңда қала­дағы бүліншілікке ұшыраған ша­ғын аудандардағы электр жүйе­лері, жылу және сумен қамту желілеріндегі ақаулар жойылып, іске қосылды. Яғни, барлық инженерлік инфрақұрылым нысандары кідіріссіз, өз кестесімен жұмыс істеуде. Халық банкінің қызмет­керлері толық құрамда инкассация қызметімен бірге өз жұмысын бастады. Альянс банк филиалы бүгіннен бастап жұмыс істейді. Екінші деңгейдегі банктер қыз­меті жолға қойылуы үшін негізгі нысандардағы банкоматтар қай­та­дан қалпына келтірілуде. Сөйтіп, тұрғындардың тиісті ақшаларын алып, сауда жасауларына мүмкін­дік туғызылуда. Құқық қорғау қыз­меткерлерінің көмегімен «Өзен­­мұнайгаз» өндірістік филиалы­ның қызметкерлерін өндіріс орын­дарына апарып-әкелу қауіп­сіздігі жолға қойылуы нәти­же­сінде жұмысқа шыққандар соңғы күнде 81 пайызға артты. Наубайханалар мен жекелеген сауда орындары тұрғындарға қызмет көрсете бастады. Бұл істе де құ­қық қорғау органдарының көмегі мен халықтың ізгі ниеттері байқалады.

Тұрғындарды азық-түлікпен қамтамасыз ету де назарда ұста­лып отыр. Бұл ретте жылжымалы автодүкендер қызметі ұйым­дас­ты­рылып, қала тұрғындарына он­даған тонна ұн, күріш, қант, картоп, көкөністер жеткізіліп са­тыл­ды. Үш күннен бері «Каспий берекет» ЖШС-нің алты дүкені қалыпты жұмыс істеп тұр. Яғни, азық-түлік тапшылығы жоқ.

Қаланың бүліншілікке ұшы­ра­ған бөліктерін, орталық көше­лер­ді тазалау, қалпына келтіру де басталды. Оған да тұрғындар өз үлестерін қосуда.

Кеше облыс әкімдігінде Жаңа­өзен қаласы мен Шетпе станса­сында орын алған тәртіпсіз­дік­тер­ге және соған орай жүзеге асу­дағы жүйелі жұмыстар жайлы баспасөз мәслихаты ұйымда­сты­рылып, онда Елбасының Жаңа­өзен­де төтенше жағдай жариялау туралы шешімі талай адамның өмірін сақтап қалғандығы атап көрсетіліп, Ө.Шөкеев басқарған Үкіметтік комиссияның халық арасында жүргендігі, Ішкі істер министрі Қ.Қасымовтың жетекшілігіндегі жедел-тергеу тобының жұмысының нәтижелі жүруде екен­дігі айтылды. Сондай-ақ ха­лықты сабыр сақтауға, парасат­ты­лық танытуға шақырды. Жазық­сыз жапа шеккен отбасыларға, аза­маттарға тиісті көмек пен қол­дау көрсетілетіндігі жеткізілді.

Құқық қорғау орындарының мәліметі бойынша өткен түнде де қоғамдық тәртіп бұзушылық фактісі болған жоқ. Уақытша жаңа орынға орналасқан қалалық әкім­дік, оның бөлімдері өз жұмыс­тарына кірісті. Тұрмыстық қыз­мет көрсетуші құрылымдар жұ­мы­сы да жолға қойылуда. Қыс­қа­сы, қаланың жағдайы тұрақталып келеді.

Жоламан БОШАЛАҚ.

Маңғыстау облысы.