ҮКІМЕТ «Егемен Қазақстанның» апталық қосымшасы
__________________
Бүгінде, әсіресе нарық жағдайында саудасыз өмірді көзге елестету қиын. Олай болса, осы саланың хал-ахуалы қандай? Осы және өзге де сауалдарға Экономикалық даму және сауда министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Айдар ҚАЗЫБАЕВ жауап береді.
– Айдар Қалымтайұлы, сауда саласы Қазақстанның тәуелсіздігі жылдарында ұлттық экономиканың қозғаушы күші болды деуге болады. Сіздің ойыңызша, осы жылдары қандай өзгерістер болды және қандай жетістіктерге жеттік?
– Сауда – кез келген мемлекеттің экономикасындағы маңызды құрамдастардың бірі. Ежелден-ақ сауда жолдары қалалар мен мемлекеттерді байланыстырып, әртүрлі халықтардың мәдениетін, ғылымы мен озық ойларын сабақтастырған. Қазақстанда нарық экономикасы мен барлық экономикалық жүйенің қалыптасуы сауда саласынан басталды десек, артық айтпаспыз.
Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін жас республика үшін ауқымды экономикалық дағдарысты, оның ішінде, гиперинфляцияны, өндірістің толық тоқырауын, төлемдердегі тоқырауды, халықтың өмір сүру деңгейінің төмендеуін жеңу үлкен сын болды. Осы кезеңде кәсiпорындар мен ұйымдардың жаппай жабылуы және өндірістің құлдырауы салдарынан жұмыссыз қалған еңбекке жарамды тұрғындардың едәуiр бөлiгін ішкi сауда жұмыс орындарымен қамтамасыз еттi. Ал сыртқы сауда елге шетелдiк валютаның құйылуы мен әлемдiк сауда жүйесiмен бiртiндеп кірігуге жол ашты. Әлеуметтiк маңызы бар құбылыс – «дорбалы» сауданың алғашқы өркендерi пайда болды. Қызметтiң осы түрi нарық сұраныстарына жедел икемделдi.
Қазақстандық «дорбашылар» халық үшiн қажеттi тауарларды қолжетімді бағамен негізінен Қытай мен Түркиядан әкелді. Бұл iшкi рынокта тұтыну тауарлары тапшылығын төмендетті.
90-шы жылдардың ортасында сауда инспекциялары, мемлекеттік жабдықтау мен мемлекеттік тұтыну одағы жүйесі жойылды, ал мемлекеттiк сауда кәсiпорындары монополиядан шығарылып, нарыққа тапсырылды. Олардың қысқарып, жеке меншiк түрiне өтуінен кейін сауда биржалары, жеке меншік дүкендер, көтерме сауда қоймалары мен терминалдар пайда болды.
Соңғы 15-20 жылда сауда саласында болған өзгерiстер деңгейiн статистика көрсеткіштеріне жүгіне отырып байқауға болады. Мәселен, 2010 жылы бөлшек сауда тауар айналымы 1993 жылмен салыстырғанда 700 есе ұлғайды және 3 трлн. теңгеден асты. 2010 жылы тауар айналымы әр адамға шаққанда 1993 жылдағы 290 теңгеден 200 000 теңгеге дейiн ұлғайды.
Құқықтық алаң құрудың арқасында, тұрғындардың төлеу қабілетінің өсуі мен жалпы халықтың әл-ауқатының жоғарылауы нәтижесінде Қазақстан iрi инвесторлар мен сауда желілері үшін тартымдылыққа ие болды. Оған «Рамстор», «ГРОС» және басқа да әлемге әйгілі сауда желілерінің өз ірі сауда орталықтарын ашуы дәлел бола алады. Әлемдегі ең ірі сауда желілерінің бірі «МЕТРО Кэш энд Керри» желісі Қазақстанның бес қаласында көтерме-бөлшек сауда орталықтарын ашу арқылы жалпы алғанда Қазақстан экономикасына 170 млн. еуродан астам инвестиция салды.
– Республика тәуелсіздік алған кезең мен қазіргі Қазақстан экономикасы үшін сауда саласының рөлі қандай?
– Менің ойымша, кез келген мемлекет үшін сауда саласының рөлі мен орны экономикалық саясатта бастапқы кезекте болу керек. Біріншіден, халықтың жұмыспен қамтылуының ең жоғарғы деңгейін сауда қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда Қазақстанның экономикалық белсендi халқының 15 пайызы немесе 1,2 млн. адам сауда саласында жұмыс істейді, ел ІЖӨ-інде сауданың үлесі өсуде және ол 12,8 пайызға жеттi. Шамамен заңды тұлғалардың 40 пайызы ішкі сауда саласында қызмет атқарады. Екіншіден, бұл сала соңғы тұтынушыға барынша жақын және тұтынушылық қажеттіліктер мен мүмкіндіктер құрылымын, сонымен қатар халықтың өмір сүру деңгейінің динамикасын талдауға мүмкіндік береді. Былайша айтқанда, тауардың экономикалық құрылымы болып табылатын көрсеткіш – баға арқылы мемлекеттің экономикалық дамуы мен инфляциялық үрдістерін бағалауға болады. Үшіншіден, нарықтық экономикасы бар елдерде сауда барлық экономикалық үрдістерге айтарлықтай әсер етеді. Оған айқын мысал Бүкіләлемдік сауда ұйымына өту немесе елдер арасындағы экономикалық заңнама үйлестіретін және экономикалық жоспарды ретке келтіріп отыратын еркін тауар алмасу мен қызмет көрсетуді қамтамасыз ететін Қазақстан, Ресей, Беларусь арасында Кеден одағының құрылуы.
– Сіз атап айтқандай, мемлекеттің басты мақсаты құқықтық алаң құру және іскерлік белсенділікті жетілдіру болып табылады. Қазіргі таңда комитет қандай заң жобаларын әзірлеуде?
– Соңғы үш жылда ішкі сауда саласындағы дамуға қосымша серпін берген бірқатар заңдар қабылданды. 2009 жылы қараша айында сауданың ұйымдастырылған түріне өту мақсатында «Тауар биржалары туралы» заң күшіне енді. Соған сәйкес тауар биржалары меншіктің акционерлік түріне көшті, тауар биржасын ретке келтіріп отыруда Үкімет пен мемлекеттік органдардың өкілеттіліктері нақты айқындалды, ал биржалардың қызметі сауда биржаларының заманауи түріне барынша жақындастырылды.
Қазіргі таңда тауар биржаларының, брокерлік-дилерлік ұйымдардың саны өсуде. Осылайша, Қазақстан аумағында лицензия алған 300-ден аса брокерлік-дилерлік ұйымдар мен 11 тауар биржалары қызмет көрсетеді.
Заң қабылданғаннан кейін бір жылдың ішінде биржалық мәмілелердің жалпы көлемі шамамен 90 млрд. теңгені құрады және 2009 жылмен салыстырғанда 57,2 пайызға өсті. 2009 жылмен салыстырғанда (94,5 млрд. теңге) саудаға ұсынылған тауарлар көлемі 9 есе (884 млрд. теңге) өсті. 2010 жылдың қорытындысы бойынша жасалған мәмілелер саны 2009 жылғы 1100-ден 10 000-ға дейін ұлғайды.
2010 жылы кәсіпорындар өндірген өнімдердің сапасы үшін жауапкершілігін арттыратын және тұтынушылардың құқығын қорғайтын тәуелсіз институттардың рөлін арттырған «Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы» заң қабылданды. Үстіміздегі жылы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы күшіне енді. Заңда әлеуметтік маңызы бар азық-түлiк тауарларына бағаны тұрақтандыру үшін бірқатар жүйелiк шаралар қарастырылған. Оның ішінде әлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк тауарларына қойылатын бастапқы және шекті бөлшек сауда бағаларын анықтау реті көрсетілген.
2010 жылы Қазақстанның тәуелсіздігі жылдарында алғаш рет 2010-2014 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында сауда қызметін дамытудың салалық бағдарламасы бекітілгенін атап өткен жөн. Бағдарламада сауданы орта мерзімде дамытудың жалпы мәселелері, оның ішінде, бөлшек, көтерме, биржалық, электронды сауда және қоғамдық тамақтандыруды біріктірген сыртқы және ішкі сауда мәселелері көрініс тапқан. Осы бағдарламаны іске асыру шеңберінде Үкімет ел өңірлерінiң сауда алаңдарымен қамтамасыз етілу нормативтерін бекітті, алғаш рет сауда рыноктарының төлқұжатын беру ұйымдастырылды, коммуналдық рыноктарға талаптар бекітілді.
Қазіргі уақытта комитет «Электронды сауда туралы» заң жобасын әзірлеуде. Жедел өсiп келе жатқан сауда сегментінде құқықтық вакуум байқалады және осы заң жобасы 2012-2013 жылдарда қабылданады деп ойлаймыз. Сонымен қатар «Сауда биржалары туралы» заң жобасына өзгерiстер енгiзiледі. Себебі биржалық сауданың қарқынды дамуы кейбiр заңдағы қайшылықтарға әкеп соқтырды және сауданың осы сегментi негiзiнен бұдан әрi биржалық сауданың халықаралық стандарттарына сәйкестендіруді қажет етеді.
– Яғни қазіргі таңда ішкі саудаға үлкен көңіл бөлініп отыр. Ал сыртқы саудаға ше?
– Ішкі сауда – бұл сауда-саттықтың ең қиын, болжап болмайтын, сезімтал сегменті. Ал сыртқы саудада 2007-2009 жылдарда негізінен экспортты жетілдіру мәселесінде бірқатар өзгерістер енгізілген болатын. Бұл өзгерістер қазірдің өзінде республика экономикасына жақсы нәтижелер беріп отыр.
2007 жылы Ұлттық экспорттық стратегия жобасы жасалды, Экспорттаушылар кеңесі құрылды, сонымен қатар алғашқы «Үздік экспорттаушы» республикалық конкурсы өткізілді. 2008 жылы экспортты жетілдіру бойынша «KAZNEX» корпорациясы, ал 2009 жылы шикізаттық емес экспортты қолдайтын тағы бір институт «Казэкспорткепіл» АҚ құрылды. 2008 жылдан бастап орыс және ағылшын тілдерінде шетелдік оқырмандарға бағытталған «Экспорттаушы» журналы шығарылады. 2010 жылы 700-ден аса қазақстандық кәсіпорын тіркелген www.kazimc.kz Қазақстан Республикасының Электронды ақпараттық маркетинг орталығы веб-порталы іске қосылды.
– Алдағы уақытта сауда саласында не нәрсеге көңіл бөлінеді?
– Үстіміздегі жылғы 25 қарашада Елбасы «Қазақстан. Мақсаттар-2017» ұлттық іс-қимыл жоспарын белгіледі. Осы жоспарға сәйкес 2018 жылы Қазақстан халықтың табысы жоғары елдер қатарына қосылуы қажет.
Бұл қазірдің өзінде тауарлық қызметтердің сапасын арттыру, бөлшек желілерде тауар түрлерінің ұлғаюы мен сауданың заманауи форматына көшу үшін заңдық, қаржылық және ұйымдастырушылық шарттарды құруды талап етеді. Сонымен бірге сауда саласының инвестициялық тартымдылығын арттыру жұмыстары жалғастырылады. Бұл жаңа әлемдік ритейлердің келуі мен отандық ритейлердің пайда болуына ықпал жасауы тиіс. Қазақстандық тауарлардың бөлшектік желіге енуге тосқауыл қою жауапкершілігі күшейеді.
Ұлттық банкпен бiрлесiп бөлшек сауда желiлеріндегi ақшасыз есеп айырысуды ынталандыру және ақшасыз есеп айырысу кезіндегі транзакциялық шығындарды азайту бойынша шаралар өткізу жоспарланған, бұл өз кезегінде саудадағы көлеңкелі айналым деңгейін азайтуы тиіс. Әлемдік тауар биржаларының жұмыс тәжірибесіне сәйкес биржалық сауда әдістері дауыстық әдістен электронды әдіске ауыспақ. Сондай-ақ, тауар биржалары мен биржалық брокерлер қызметінің сапасы артады.
Қазақстан экономикасында сауда-саттық ісінде қамтылғандар саны 1,5 млн. адамды құрап отыр, яғни осы салада ең көп адам қамтылғанын атап өткім келеді. Өкінішке қарай, сала қызметкерлерінің кәсіби мерекесі – Сауда қызметкерлері күні жоқ. Әлі де болса сауда-саттық қызметкерлерін, әсіресе, сауда рыногындағы қызметкерлерді әлеуметтік қорғау мен әлеуметтік кепілдендіру мәселелері толығымен шешімін таппаған. Сауда саласында үкіметтік емес ұйымдар институты дамымаған және сауда саласын дамыту мен қолдау шаралары бойынша тауар биржалары мен ірі ритейлер арасында бірегейлік байқалмай отыр.
Жалпы алғанда, сауда саласында бірталай жұмыс атқарылды, бірақ алда қыруар жұмыс күтіп тұр. Өйткені, мемлекет жоспары неғұрлым өршіл болған сайын соғұрлым экономика салаларының бәсекеге қабілеттілігі де арта түседі.
Әңгімелескен Венера ТҮГЕЛБАЙ.