Жыл сайын тұқым себу мен егін орағы науқандары алдында жанар-жағармай бағасы қымбаттайды. Биыл да солай болды. Тамыз айынан ауылшаруашылық тауар өндірушілері үшін арзандатылды деген жанармайдың тоннасы 181 мың теңгеге дейін өсті. Әрі қарай не болары белгісіз. Соңғы 15 жылдағы ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне арзандатылып беріліп келген жанармай бағасына талдау жасасақ, шаруаларға жасалған әділетсіздіктің куәсі боласыз.
«Ауыл жылы» деп жарияланған 2003 жылы 1 тонна дизельдік отынның бағасы 234 доллар көлемінде, ал 1 тонна бидайдың бағасы 98 доллар болса, 2017 жылы 1 тонна дизель отыны – 542 доллар, ал 1 тонна бидай 110-120 доллар болды. Яғни 15 жылдың ішінде дизель отыны 308 долларға немесе 231%, ал бидайдың бағасы небәрі 12-22 долларға немесе 112-122% қана өсіпті.
2003 жылы 1 тонна бидайға 416 литр дизель отынын сатып алуға (немесе айырбастауға) болатын болса, 2017 жылы 1 тонна бидайдың құны небәрі 215 литр немесе 2 есе аз дизель отынын сатып алуға ғана жетіпті.
Елімізде жылына 80 млн теңгеден астам мұнай өндіріліп, шикізат және өңделген күйінде шетелге шығарылып, еліміздің бюджетіне қомақты қаржы түсуде. Әрине, еліміздің алға қарыштап дамуына мұнай экспортының қосқан үлесі ерекше. Алайда табиғат-ананың берген байлығын ұтымды пайдалана алмай отырғанымыз қынжылтады.
Әсіресе, осындай байлықтың ортасында отырып, мұнай өнімдерінің әлеуетін ауыл шаруашылығын қарқынды дамытуға жұмсай алмай келеміз. Халқымыз күнделікті тұтынатын азық-түлік өнімдерін өндіруге жұмсалатын мұнай өнімдерінің бағасын реттей алмай, жыл сайын егін жинау кезінде дизель отыны бағасының қымбаттауына жол беріп келеміз. Нәтижесінде дүкендерде, базарларда нан, ет, сүт, көкөніс, жеміс-жидек, т.б. азық-түлік өнімдері қымбаттай түсуде.
Жыл сайын науқан кезінде жанармай қымбаттауына байланысты Энергетика министрлігінің басшылары баспасөз мәслихатын өткізіп: «Бұл бірнеше факторларға қатысты жағдай. Тұтыну көлемінің өсу себебі өндірілген дизель отынының басым бөлігі ауыл шаруашылығы мен темір жол салаларын қамтамасыз етуге жұмсалады.
Бұдан басқа сұраныстың артуы Қазақстан арқылы өтетін транзиттік жүк тасымалының маусымдық өсуімен және көрші елдердің шекаралас аймақтарында бағаның диспаритетіне байланысты отынның шекара асып кетуіне қатысты болып отыр. Осыған орай Ресейден қымбат бағамен жанармай сатып алуға мәжбүр болдық» дейді. Бұл жыл сайын қайталанатын және таусылмайтын жырға айналды.
Жанармай бағасының өсуіне Үкіметтің 2018 жылғы 16 сәуірдегі №173 Қаулысына сәйкес дизель отынына арналған акциз мөлшерлемесінің ағымдағы жылдың 1 маусымынан бастап, яғни ауыл шаруашылығы жұмыстары қыза бастағаннан 1 литрі үшін 7,7 теңгеге көтерілуі де әсер еткен.
Үкіметтің бұл шешімін қалай түсінуге болады? Азық-түлік бәрімізге керек. Жасқа да, кәріге де, шаруаға да, жұмысшыға да, мұнайшыға да, министрге де. Бәріміз күнде дүкенге барамыз. 3 мезгіл тамақтанамыз.
Ал сол өнімдерді өндіріп жатқан шаруаларға жан-жақты қамқорлық жасап, қолдау көрсету арқылы (жанар-жағармай бағасын төмендету, арзан несие беру, субсидиялау, т.б.) азық-түлік өнімдерін арзандатуға атсалысудың орнына, дәл егін жинау науқаны алдында дизель отынының акциз мөлшерлемесін көтеруі тіптен түсініксіз.
Егер Үкімет мұнай өнімдерінің бағасын нарық заңдылықтарына сәйкес реттеп отырған болса (шекаралас елдердегі баға диспаритетіне байланысты дизель отынының шекара асып кетпеуі үшін), онда мұнайды қымбат сатудан түскен қаржы есебінен ауыл шаруашылығына қажетті 730-770 мың тонна жанармайға (бұл елімізде өндірілетін мұнай өнімдерінің 0,9%-і төңірегінде ғана) субсидия беру мәселесін неге шешпейді? Не себепті жуырда жаңғыртудан өткен мұнай өңдеу зауыттарымыз елді қажетті жанармаймен қамтамасыз ете алмай, Ресейден қымбат бағаға сатып алуға мәжбүрлейді?
Үкіметтің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне беретін жанармайдың бағасын арзандату саясаты сын көтермейді. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің бір жылға қажетті мұнай өнімдері 769 мың тонна болса, арзандатылып берілген жанармай көлемі небәрі 394 мың тонна, оның да бағасы соңғы кезде жоғарыда айтылғандай қымбаттап кетті.
Мемлекет басшысы 2014 жылы 17 қазандағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында елімізде жаңа мұнай өңдеу зауытын салу қажеттілігін нақты экономикалық мысалдармен дәлелдей келе, «Өзіміздің мұнайымыз бола тұра, кім көрінгенге алақан жайып, әлдекімдерге жалынып, мұнай өнімдерін сұрамас үшін, бізге қандай болғанда да жаңа мұнай өңдеу зауытын салу керек» деген болатын.
Алайда арада 4 жыл өтсе де әлі күнге дейін жаңа мұнай өңдеу зауытын салу ісі шешілмей, жоғарыда айтылғандай мұнай өнімдерін Ресейден тасымалдау тыйылмай тұр.
Жыл сайын Қазақстанның Энергетика және Ауыл шаруашылығы министрліктері егін егу мен жинау жұмыстарын жүргізуге дизельді отынды жеткізу үшін бірлескен түрде мұнай өңдеу зауыттарына облыстарды бекітеді, ауылшаруашылық тауар өндірушілерге қажетті мұнай өнімдерінің көлемін анықтап, оны уақтылы жеткізу туралы шешімдер қабылдайды.
Алайда әртүрлі себептермен шаруаларға қажетті өнімдер жетіспей жатады. Нәтижесінде шаруалардың ала жаздай аптап ыстықтағы еңбегі еш болады, егін жинау мерзімі созылып, өнім ысырап болады. Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне орасан зор зиян келеді. Бір қызығы, осы мәселе жыл сайын қайталанады. Сондықтан Үкімет өте өзекті бұл мәселені арнайы қарап, ауыл шаруашылығына жұмсалатын жанар-жағармайдың (дизель отыны, бензин, т.б) жеткілікті қорын құрып, оны арзандатылған бағамен шаруаларға жеткізіп беретін жүйені құруы қажет. Бұл – еліміз үшін өте маңызды.
Қуаныш АЙТАХАНОВ,
экономика ғылымдарының докторы