Алматылық Сәбит Иманғалиев пен Зүбайра Қыстаубаеваның отбасы биыл бесінші рет өткен «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының Алматы қалалық іріктеу кезеңінде бас жүлдені иеленіп, қыркүйек айында елордада өтетін республикалық байқауға жолдама алды. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ұйымдастырылған байқаудың басты мақсаты – отбасы институтын нығайту екені белгілі.
Жарты ғасырдан астам бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келе жатқан отбасының өнегесі мол.
Сәбит ағамыз Зүбайраны бір көргеннен ұнатыпты. Зүбайра ол кезде небары 18-де болатын. Ал ісі түзік, сөзі сынық, қазақы тәрбиеде өскен бойжеткен бір ауылдың айтулы жігітіне бірден сыр алдыра қойған жоқ. Әдеп-иба сақтап, біразға дейін бақылап жүрді. Сұрастыра келе жігітке өзінің немере жеңгесінің бөле әпке екенін білді. Сөйтіп сыйлас, сырлас, «Шырайлым» деп еркелететін жеңгесінің інісі екен деген құрметпен жақын тарта жүріп, сезімі бүр жарды. Көп ұзамай шаңырақ көтерді.
Өмірге келген ұл-қыздарын тәрбиеледі, өздері де өмірлік тәжірибе жинады, есейді. Қос қанат жауапты қызметтерде жүріп, үйдің жұмысын, қоғамдық іс-шараларды да қатар алып, үлгеруге тырысты.
Шаңырақ көтергенде отбасында әжесі мен ата-аналарының болуы екі жастың ара-қатынасының берік болуына, нығая түсуіне әсер етті. Зүбайра апамыз бүгінде «мәдениетті, зиялы отбасына келін болып түстім» деп жастық шағын сүйіспеншілікпен еске алады. Мектеп директоры болған атасы Иманғали Жұмағұлов Темірбек Жүргеновпен Ташкенттегі оқу комиссариатында бірге оқыған, әрі ағайын туыстықтары да бар екен. Түске дейін сабақ беріп келетін Зүбайраға атасы шәй құйғызбайтын. «Қазір тағы кетеді мектебіне, бәйбіше, шәйіңді өзің құя бер, балам дұрыстап шәйін ішіп алсын» деуші еді. Ал біртоға енесі ешқашан еріне қарсы келген емес.
Өзімен тетелес екі қайынсіңлісі, бір қайнысы, бәрі қатар өсті. Жақсы сыйласты, сырлас болды.
Қалада өскен қыздың алғашында даладағы ошаққа от жағып, табаға нан жабуды білмей, онысын үлкендерге білдірмей, тығылып жүріп табаға нан салған күндері де болды. Кейде тамақ жетпей қалмасын деп көбірек істейтіні бар-ды. Сонда үлкен әжелері «көп болып кетіпті-ау, артылып қалатын болды ғой» десе, Сәбит те екі жақты ренжітіп алмайын дегендей: «Бұл Зүбайра ертең тамақ істеп жүрмей-ақ қояйын деп әдейі көп жасаған ғой», деп әзілдеген болып қуаттап, демеп отыратын-ды.
Әлі есінде. Жаңа түскен, мұғалім кезі. Бірінші тоқсан бітіп, балалардың білімін қорытындылауға ата-аналар жиналысына жиналып жатты.
Есіктен шығып бара жатыр еді, енесі:
– Балаларды тізім бойынша атай бастағанда фәмилелерін дүңк еткізіп айта салма, айналайын. Бұл – шағын ауыл, бәрі аталарыңның аты. Сондықтан сәл кібіртіктеп, әдеп сақтағаның дұрыс, дегенді ескертті.
Жиналысқа атасы да қатысып отырған болатын. Фамилияларды оқуға келгенде кібіртіктеп тұрғанын сезген атасы орнынан тұрып Зүбайраны көрсетіп:
– Мынау менің балам, бүгіннен бастап менің атымнан бәріңізді атайтын болады, рұқсатымды бердім. Себебі, ол – мұғалім! – деп нығарлай айтты.
Үлкен отбасы. Дастарқанның дәл ортасында бір жерде ғана сары май тұратын. «Шәй құйып отырған баламның қолы жетпей қалды-ау» деп алаңдайтын атасы сары май тұрған ыдысқа қасығының ұшын салып жатып, онысын өз алдына тартыңқырап қойғандай жылжытып әкеліп келінінің алдынан бір-ақ шығаратын. Қазір сол сәттердің бәрі сағыныш.
Сәбит үнемі түзде, партия жұмысында болды. Зүбайра жауапты қызметте болса да, ошағының жанында жүріп-ақ балаларының сабағын қадағалайтын. Бала-шағаны жатқызып, түнде өз жұмысына отыратын. Ертең елдің алдында оқитын баяндамасын әуелі қағазға қазақша түсіріп алып, одан кейін орысшаға аударуға көшетін.
Аулаға шағын бау-бақша екті, балалары маңдайы терлеп, нанның қадірін, тәтті дәмін сезініп өсті.
Кейін Сәбиттің ізінен ерген іні-қарындастары оқуға түсті. Сосын үш жылдың ішінде бірінен соң бірі – алдымен әжелері, одан соң ата-енесі қайтыс болды. Сөйтіп қамсыз, еркін жүрген жас ерлі-зайыптының мойнына үлкендік бір күнде түсті. Олар барлық кедергіні бір-біріне деген сезімін суытпай, қол ұстаса, ақыл, ұстанымдарын біріктіре жүріп еңсерді.
Әу бастан қазақы отбасында, бір-біріне дауыс көтеруді, жаман сөз айтуды білмейтін, дастарқан басында да өсек айтуға жоқ, тіпті бір-бірінің көңіліне тиіп алмауды ойлап тұратын шаңырақтан тәлім алған Зүбайра апамыз жас түскен келіндерінің де бетінен қақпай тәрбиеледі. Сол жылдары қолдарында Сәбиттің немере қыздары мен Зүбайраның інісінің қызы студент болып, үйлерінде жатып оқыды. Екі қыздың жатын бөлмесінің, оларға қарама-қарсы орналасқан ұл мен келіннің бөлмесінің есіктеріне «Қыздарға өсиет» деп этнопедагогикалық ұлағатты сөздерді жазып іліп қойды. Аналық ақ ниеттен туындаған ақыл-кеңестер кейін жастардың өмірінде үлкен бағдаршам болғаны анық.
Бұрын туған ауылға, ұшқан ұяға жиі баратын. Бүгінде әке-шешенің көзін көрген үлкендер де, ағайын-туыстар да жоқ. Дегенмен, баяғы кішкентай ауыл, түтіні түзу ұшқан қарашаңырақ, әсем тіршілік жүрек түкпірінде. Қызылорда облысының Жалағаш ауданына қарасты шағын ғана Аққыр дейтін ауылға арнайы барып, үлкендердің рухына Құран бағыштауды ұмытпайды.
Екі жыл бұрын Сәбит алыс-жақындағы бала-шағаның басын қосып, елге барды. Сол сапарда, бүгінде бір-бір үйдің отағасы, отанасы болып отырған балалары да бір сәтке сәби, балдырған шаққа еніп, мәз болысып, «анау біздің тығылыспақ ойнаған жеріміз еді ғой, мына жерде ошақ бар болатын, ал мынау сарайдың орны ғой, шарбақтың үстіне шығып алып өлең айтушы едік, мынау біз еккен тал ғой» деп арқа-жарқа болысты.
Ел ішін алқымнан алған нарық жылдары Сәбит пен Зүбайра бала-шағасын жетектеп Алматыға қоныс аударды. Айналаның бәрі сауда-саттыққа, бизнеске бет бұрып жатқан болатын. Екеуі де жоғары оқу орнында ұстаздық етіп жүргендіктен, балаларын да ғылымға бағыттады. Қателеспепті. Гүлжан, Гүлсара, Бауыржан, Гүлназ, Сәтжан есімді ұл-қыздарының ата-анасын жерге қаратқан жері жоқ. Бәрі де жоғары білімді, лауазымды қызметте. Соңғы үшеуі ғалым атанды. Бауыржан – жүргеновтанушы, Гүлназ – филология ғылымының, ал Сәтжан – заң ғылымының кандидаты, «Болашақ» бағдарламасының түлегі. Қазіргі таңда жиырма шақты немере мен 4 шөбереге ата-әже. 2012 жылы халықаралық «Заман-Қазақстан» газеті жариялаған «Үлгілі отбасы» байқауына қатысып, жүлделі орынды иеленді.
Енді немерелерінің қызығына, жеткен жетістіктеріне қуанып, марқайып отыр. Тоғжан есімді немересі – қытай тілінің маманы, магистратурада білімін жалғастыруда. Ол ана тілінен бөлек, орыс, ағылшын, француз тілдерін де еркін меңгерген. Алдияры 6 жасында шахматтан «спорт шебері» атанып, халықаралық байқауларда елдің атын шығарып жүр. Ал Назерке мен Жаһангер музыка мектебінің дәстүрлі ән бөлімінде оқып, домбыра тартады. Қалалық, республикалық байқаулардан жүлделі оралып жүр.
* * *
Зүбайра апамыз отағасының жүрегі жұмсақ, мейірімді, мұқтаж жандарға қол ұшын бергісі келіп тұратын елгезек, адамгершілігі жоғары жан екенін айтады. Оған қоса ән-жырға құмарлығы, домбыра тартатындығы, жиын-тойларды басқаратын тілге шешендігі де бар сегіз қырлы азаматты «Өмірінде темекі тартып, арақ та ішкен емес», деп еді, Сәбит ағамыз: «Періште десейші», деп жарасымды әзілдей бір күліп қойды.
Иә, екі жақсы қосылғалы бері олардың шаңырағынан өз балаларынан бөлек 17 ұл-қыз тәрбиеленіп, қанаттанды. Сонау жылдары Төретамда тұратын Ыбырай есімді ағайынның әйелі қайтыс болып, шиеттей бала-шағасымен жанына көшіріп әкеліп, ұл-қыздарына пана болып, оқытып, тоқытып, үйлендіріп, үй қылған осы мерейлі отбасы болатын. Сол балалар да бүгінде бір қауым ел. Олар өздерінің рухани әке-шешелерін ұмытқан емес, мерекелерде арнайы келіп құттықтайды. Сый-сияпаттан бөлек, ақжарма ықыластарынан кенде емес, ырымдап өз балаларының тұсауын да кескізіп, әрдайым құрметтеп отырады.
Сәбит Иманғалиев – Қазақстан журналистер одағының мүшесі, Жалағаш ауданының құрметті азаматы. 1942 жылы К.Маркс атындағы ұжымшарда (Қазалы ауданы) әкесі мектеп директоры болып тұрған кезде ауылға Сәбит Мұқанов келіп, құрметті қонағы болады. Сол кеште дүниеге келген нәресте ұлы жазушының есімін еншілеген екен. Жақсының шарапаты болар, жазу-сызуға жақын болды. Қазақстанның әр жылдары астанасы болған Қызылорда, Алматы, Астана қалаларындағы көшелерге аты берілген 1500-дей танымал тұлғалар жайлы елімізде тұңғыш рет үш тілде көлемді 5 кітап жазды. Ерлі-зайыптының «Астаналардағы көшелер» атты кітабы 2014 жылы Германияның Майндегі Франкфурт және Түрікменстанның Ашхабад қалаларындағы халықаралық кітап көрмелеріне қойылған.
1962 жылы Қызылорда қаласындағы медициналық училищені (фельдшер), он жылдан кейін қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін (қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі) бітірген Сәбит 1962-1970 жылдары Жалағаш ауданына қарасты Жаңаталап, Аққыр кеңшарларында медпункт, кейін аурухана меңгерушісі болды. Осы жылдары көркемөнерпаздар үйірмесін басқарды. 1970-1974 жылдары Жалағаш ауданындағы №188 Аққыр орта мектебінде мұғалім, директордың орынбасары, 1974-1980 жылдары сол аудандағы «Мәдениет» кеңшарында №32 орта мектебінің директоры, 1980-1990 жылдары Қызылорда қаласындағы №4 кешкі орта мектеп директорының орынбасары, 1990-1999 жылдары Қызылорда қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы, тіл басқармасының басшысы, қалалық әкімдіктің жауапты қызметкері болды. Осы жылдары мемлекеттік тілдің дамуы үшін Украинадан қазақша қаріптері бар 250 жазу машинкасын алдыртып, 300-ге жуық қазақ тілі үйірмесін ашуға атсалысты. Мұнан басқа, білім, медицина, техника, тағы да басқа салаларды қамтитын, 10 мың сөзден тұратын «Орысша-қазақша сөздік» және тілхат, сенімхат, хаттама сияқты 30 түрлі қазақша іс-қағаздарының үлгілерін құрастырып, кітап шығарды. Жинақ облыстардағы «Қазақ тілі» қоғамдары мен оқу орындарына таратылды. Осы жылдары қала әкімдігінің ономастика саласын басқарып, шаһардағы жүзге жуық көшеге батырлар мен билердің, тарихи тұлғалардың атын беруге қатысты.
* * *
Иманғалиевтер отбасында ұл-қыздары, немерелері бірнеше тілді меңгерген. Бірақ үйде ешқайсысына өзге тілде шүлдірлеуге жол жоқ! «Сырттан кіріп келе жатсың ба, басқа тілді табалдырықтан қалдырып кетіп, ана тіліңде сөйле!» – әке-атаның қатаң талабы осы.
– Жоғары оқу орнында ағылшын, орыс тілдерінде лекция оқитын бір қызымның балалары, яғни жиендерім әлгі талабыма «көніңкіремей» жүр, батырып ұрысып қоятыным бар. Біздікіне келуге жинала бастағанда-ақ «атаға бара жатырмын, қазақша сөйлеу керек» деп дереу өзгере қояды екен, оған да шүкір дейміз, – деп күлді Сәбит ағамыз әңгіме арасында.
Бірде қызы мен күйеубаласы халықаралық шахмат жарысына қатысатын ұлдарымен бірге Астанадан достарының екі баласын да ертіп келеді. Есіктен ене берген астаналық мейман балақай Сәбит атаға қолын ала жүгіреді.
– Сәлеметсіз бе?! – дейді сосын.
– Ай, балам, бұдан кейін ата-ағалармен «Ассалаумағайлейкүм!» деп амандас, жарай ма?! Сосын, андағы орыс тілің біздің үйге жарамайды, біздікіне келдің бе енді, тек қазақша сөйлейтін болыңдар, – деді арқасынан қағып. Сөйтіп әлгі екі балақай тілі келмесе де тырысып қазақша сөйлеп жүріпті. Екі күннен соң бірінің шешесі келеді ғой. Сонда алдынан жүгіріп шыққан әлгі 8-9 жасар қонақ бала: «Мама, тсс, бұл үйдегі адамдар тек қазақша сөйлейді екен», деп сыбырлап жатқанын естіп қалған көпшілік аңғал баланың таза көңіліне, ниетіне риза болысып, жамырай бір күліп алған екен.
* * *
Ал отанасы Зүбайра Қыстаубаева – Қазақстан білім беру ісінің үздігі. Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы педагогикалық училищенің, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті филология факультетінің түлегі.
1965-1967 жылдары Жалағаш аудандық комсомол комитетінде бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарған. 1968-1987 жылдары Жалағаш ауданы мен Қызылорда қаласындағы орта мектептерде мұғалім, әдіскер, оқу-консультациялық пунктінің меңгерушісі болды. 1988-2007 жылдары Қорқыт ата университетінде, Алматы Экономика және статистика академиясында, Қазақ-Америка университетінде аға оқытушы болды.
Қоғамдық негізде мектепте партия ұйымының хатшысы, Қызылорда қалалық оқу бөлімінің қазақ тілі секциясының жетекшісі, мұғалімдердің білімін жетілдіру институтында лектор болды. Қазақ тілі пәні бойынша өткен Қызылорда облыстық және республикалық оқушылар олимпиадасының қазылар алқасы құрамында бірнеше рет қазылық етті.
1989 жылы Қазақ КСР Оқу министрлігінің конкурсы негізінде кешкі орта мектептің 9-11-сыныптарына арнап жазған «Қазақ тілі» атты оқулығы «Мектеп» баспасынан 17 мың таралыммен жарық көріп, республика мектептерінде бүгінге дейін оқытылуда.
1999 жылы Алматыға қоныс аударып, екеуі де ұстаздық, шығармашылық жұмыспен айналысты. Сол жылдан бастап Алматы Экономика және статистика академиясында аға оқытушы болып, екеуі де зейнеткерлікке дейін студенттерге дәріс оқыды.
Зүбайра апамыздың шешесі балаларын кешке төсекке жатқызғанда көздеріне ұйқы тығылғанша деп жұмбақ жасырып, мақал-мәтел жаттатып, мәйекті сөздер үйретеді екен. Этнопедагогикадан бала күнінен қанып ішкен Зүбайра апамыз да бүгінде немерелеріне ертегі айтып береді. Тіпті таусылып бара жатса, ертегі кейіпкерлерін ойдан шығарып алып, өз қиялымен өріп, баяндап бере қояды.
Осындай әжесі мен атасы бар ұрпақ бақытты.
– Шүкір, барлық балама ризамын. Ойымыздан шығады. Келіндеріміз де, күйеу балаларымыз да бізбен бірге тыныс алып отырады. Кейде жәй тұмауратып қалғанымызды да айтқымыз келмейді. Өйткені алыста жүрсе де жетіп келіп тұрады. Тіпті жете алмайтын болып жатса бір-біріне хабарласып, үйге барып біліңдер хал-жағдайларын деп мазалары кетіп жатқандары. Жұмыстарынан қалып қоймаса екен дейміз ғой баяғы. Бақыт деген – байлық та, ақша емес, бақыт деген осындай ұйымшыл балаларың ғой, – деп мейірленді Зүбайра апамыз.
Жылдағы 8 наурыздағы дәстүр бойынша Сәбит ағамыз жарының жанына гүл қойып кетеді. Көрікті көктемнің белінен буылған үш тал қызғалдағында бәрі-бәрі – сырлы сезім де, ізгілікке толы ілтипат та, мәңгілік алғысы да құндақтаулы.
* * *
3 ғалым, 2 Журналистер одағының мүшесі, 2 құрметті азамат шыққан, 17 кітап жазылған, бірнеше тілді қатар меңгерген, қазақша дәстүр-салтты сақтаған, домбырада ән салып, күй тартатын ұрпағы өсіп келе жатқан Иманғалиевтер отбасының бүгінгі мерейлі биігі осындай!
Нұржамал ӘЛІШЕВА
АЛМАТЫ