• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
23 Желтоқсан, 2011

«Игеру»-дің игілігі

401 рет
көрсетілді

Жылқы малын халқымыз ежелден мінсең – көлік, жесең – ас, ішсең сусын деп қатты бағалаған. Өкі­ніш­ке қарай, кешегі кеңес заманында алып импе­рияның Хрущев сынды әпербақан басшысы сол қасиетті жылқы малына қырғидай тиген. Абырой болғанда еліміз егемендікке қол жеткізгеннен бергі жерде аузымыз аққа жари бастады. Соның бір ай­ға­ғындай, бүгінде кешегі Семей атом полигонының нақ іргесіндегі Саржал, Қай­нар ауылының даңқы енді бал татыған сары қы­мы­зы­мен бүкіл ел көле­мін­де танылып қалды. Саржалда қы­мыз цехы жұ­мыс істеп тұр. Соның нәтижесінде құтыға құйыл­ған қымыз алыс-жақын жерлерге толассыз жөнелтілуде.

Енді, міне, биылғы жылдың наурыз айынан бері қы­мыз ұнтағын дайындап, оны тіпті шетелдерге жө­нелту­мен айналысатын «Игеру» атты кәсіпорын іске кірісіп кетті. Елбасымыздың Қазақстан халқы­на арнаған биыл­ғы Жолдауына орай инновациялық үрдісті игеру мақ­саты­мен ашылған бұл кәсіпорын қаладан Абай еліне шы­ғаберісте орналасқан. Мұн­дағы құрғақ қымыз өнд­і­рісі неміс технологиясы­мен әзірленеді. Қазірде жүз литр саумалдан үш кило құрғақ ұнтақ алынуда. Еуропа елдерінде оның бір килосының бағасы 20-25 еуро тұратын көрі­неді. Ал кәрі құрлық тұрғындары оған неге құ­мар­тып отыр дегенге келетін болсақ, биенің жаңа сауылған сүті ана сүтінің құрамына 90 пайыз жақындайды екен. Сол себептен де Еуропаңызда әлгі қымыз ұнтағы негізінен косметология, фарма­цев­тика саласында, балалар­дың диеталы тағамда­рына қолданылуда. Сондай-ақ, бұл өнімге ғарышкерлер, альпинистер мен шахтерлардың да сұранысы артып отырған көрінеді.

Осындай игілікті шаруамен айналысатын «Игеру» кәсіпорны Семейдегі «Ибраев-К» өндірістік коопера­тиві­нің құрамында жұмыс жасап жатыр. Аталған кооперативтің бас директоры Ғаббас Иб­раев бұрын темір жол саласындағы ерен еңбегімен көзге түссе, енді тың бастаманы қолға алып отыр. Оның сан-са­ла­лы еңбегі ескерусіз қалып отырған жоқ. Соның ай­ға­ғындай, ол бүгінде облыстың құр­метті азаматы, об­лыстық мәслихаттың депутаты. «Игерудің» игілігін ел көріп жатса, мақсатымыз­дың орындалғаны дейді ол.

Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.

СЕМЕЙ.