• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
23 Желтоқсан, 2011

Тәуелсіздік дәмі тым тәтті

713 рет
көрсетілді

Тәуелсіздік! Аты ұрандай, ұранға ай­налғандай. Тәу еткізіп, таңдай қақты­ра­тын, жарқын жолға бастап, жақсылыққа жолықтыратын, ажы­­­­ра­ғанды қауыштырып, бауырды табыстыратын, жүрекке қуаныш нұрын құйып, шаттыққа тол­ты­рып шомылдыратын қастерлі сөздің қатпарында қандай құдірет-күш бүгіп жатыр. Өзегінде оның бәрі-бәрі сайрап жатыр. Аңсатып атқан ақ таңы, таңдайдан кетпес тәтті дәмі, шырқап салар әсем әні жатыр.

*  *  *

Арқа төсі ақ ұлпаға оранды. Ырымы жақсы ағайын құт-береке деп қуанды. Ауық-ауық ақ­шұ­нақ аяз ойнақтап бет шымшылайды. Анда-санда тентектеу боран тепкілеп етек-жеңге жармасып қамшылайды. Еркелеп келіп, жорғалап келіп жо­нар­қаны осқылайды. Кірпіктен түсіп ақмо­н­шақ тамшылайды. Ылдидан ызғып жоғары соққан ыз­ғы­рық ысқырып сабалайды. Дүние дүр сілкініп, тотыдайын таранып, жан-жағына қаранып шы­ңыл­тырдан шілтер тоқып, мұздан ою ойып, әшекей жапсырып жарқырайды. Қар жауып тұр толастамай. Нұр жауып тұр кіршіксіз пәк көңілді ыластамай. Айналаны ақ мамыққа бөлеп тастағандай. Той қуанышына та­би­ғат тамсандырып тамаша бір таралғы сыйын тарту етіп жатқандай. Қар жауып тұр, жан-жа­ғына аямай шашу шашқандай. Жер-Ана биыл ерекше еміреніп елжіреп игілігін иіп төкті. Дән егіп терлеген диқан мықты-ғой. Толағайдың шыңына шықты-ғой. Астық үйіп ерледі. Намысты қолдан бермеді. Дала әнмен тербеліп, күймен керілді. Қанжығамыз майланып, ол­жаға кенелдік. Қырқа қызырға, қырман қызылға, қамба қазынаға, қора қозыға толды. Бірде көлдететін, бірде шөлдететін тарпаң та­би­ғаттың назары оң болып Ұлы күнге көтерген көрімдігі көз тартты. Той керуенге тең-тең етіп жүк артты. Елде болса ерінге тиеді. Қуанатын жө­німіз бар. Қуанышқа жеткен күніміз бар. Жер­ұй­ық­тай заман орнатып, толағай табысқа, жеңісті жарысқа жеткізген Көшбасшымыз бар. Түзу жолдан таймай, тартқанымыз керек тек алға. Орындалмақ сонда алға қойған мәңгілік мұ­раттар мен ұлы міндеттер. Бостандықты баянды етіп, шығармыз шырқау биікке. Шоғырланып қонсын ізгіліктер. Тауқыметті тартқанбыз, ата-баба аманатын артқанбыз. Артта қалмауды армандап алға қарай адымдаймыз. Адымдай берсек Тәуелсіздіктің тұ­ғы­рын мызғымас етіп нығыздаймыз. Іргемізді тұ­тас етіп тығыздаймыз. Кешегі кер заманның бұ­ғауынан бұлқынып шыққанымызды уағыздаймыз. Көк желкенді керіп шыр айналған дүние ай­ды­нында аман-есен адаспай жүзер темірқазық таң­даймыз. Таңдағанымыз жөн екен. Төрт құбыла­мыз тең екен. Қабырғалы қара орман қазақтың бар арманы сол екен. Арман әрине таусылмайды. Көк жүзіне Самұрықтай самғаймыз. Көп көрме­сін. Іші күйсе тұз жаласын, сырты күйсе мұз жа­ласын. Тіл-көз тасқа. Бақыт берсін басқа. Айта­ры­мыз жоқ одан басқа.

*  *  *

Талайлы тарих қойнауына бойлаған сайын өт­кенімізді ойлаймыз. Өткеніміз жұмақ емес, тұмақ еді. Ендеше, Қазақ елі тарам-тарам тарих ал­дын­да қарыздар емес, керісінше тарих парыздар еді. Мың өліп, мың тіріліп бостандыққа бет алған. Тұлпардың тұяғы, қыранның қияғы неге тозып, неге қиылып еді. Тозғаны – туған топырақты тулақ етпеу, қиылғаны – асылды аяқ етпеу еді. Тағдыршешті қилы кезден жығылмай-сүрін­бей мамыражай мезгілге бейберекет келмеді. Қа­си­етті аты мен затын сақтап, бұрынғылардың сар­қыты салынған ақ сандық пен көк сандықты бұл­дыр-бұлдыр дәуірде уақыт көшіне артып, таулары бұлт өңгеріп самал ескен ұшы-қиырсыз Ұлы дала төсіне сәлеметтеген. Ғасырлар қой­науы­нан өршіл рухын, текті тұрқын тамырында тулатып ізбасар ұрпаққа ұдайы ұстатқан. Білектің білеудей кү­ші­мен, шашақты найзаның егеулі ұшымен еңку-еңку жер шалып, елінің өті мен шетін түгендеуді қалт жібремеген кім еді? Түгендеген қазақ еді. Тар жол, тайғақ кешіп, бірде жанып, бірде өшіп нұр сыйлар күнге сарыла көз тіккен сансыз жұрт сарыуайымға салынбады. Салынғаны не керек. Сандалып кетер ме еді, қайтер еді? Қайратқа мініп, жігер жанып қадалған қанжарға қасқайып қайсарлық танытты. Қайралған жүзі мұқалмады. Қынаптан суырылған қайқы қылыш жарқылдады. Қазақ не көрмеді. Бәрін көрді. Көре берді. Жүрекке тағдыр салған жазуды жібектей жіппен жаза берді. Қанатын қомдап, денесін сомдап ілгері ұмтылды. Елім деп еңіреп толарсақтан саз кешті, талай қыршын баз кетті. Суды да ішті, уды да ішті. Түн ұйқысын төрт бөліп шыңға өрмеледі. Іргеміз сөгілмеді, абыройымыз төгілмеді. Үркін­ші­лік­те үркіп тау асып, қыр басып жосыған ағайын-бауыр атажұртқа оралар күнді зарығып тосты. Қаратүнекті қақ жарып күлімдеп Күн шықты. Үркер туды жымыңдап, үміт оты жарқырап. Іркіт ішкен итөмір, запыран құсқан зарзаман жоқ болды. Тостаған толтырып үріп ішер бақ қонды. Қамшының сабындай қып-қысқа мерзімде ғасырға бергісіз іс тындырып, ажал төгер тажал қарудан соқа соқтырған ерлердің ерегі Еріңнен қайтып қана айналып кетпейсің. Самалы жұпар ескен Сарыарқа сауырында, еркелеген Есілдің жағалауында еңселі елорда тұрғызып, айшықты Ақорда орнатты. Дала мен қалаға, өңір мен өлкеге қан жүгірді. Қайда барсаң қайнаған қызу тірлік. Тілегендері тек береке-бірлік. Төртеу түгел болса төбедегі келеді. Берекеге кім жетеледі. Бұл – анық. Оған халық өте қанық. Қарап тұрып қиял ма екен деп қаласың. Қараған сайын мерейің өсіп, мейірің қанып, біздің ел осындай деп қанат байлап қаласың. Қуанышың қойныңа сыймай тұлпар мініп кең далада көсілт­кің, сұңқар болып көк жүзінде самғай бергің келеді. Мал қалғанша, тал қалсын. Аталы сөзге жүгініп, тақыр жерге шыбық шаншып, тал тігіп, ну орман аң-құсымен шулады. Тауды бұзып, тасты жарып, телегей толқын тулады. Бәрін айтта бірін айт, біткен істің бірегейін айт. Бұрнағы жылғы желтоқсанда елордада елең­детіп Саммит өтті салтанатты. Салтанатқа сап түзеп саясаттың жілігін шағып, майын ішкен саң­лақтар жиылды. Жел тимеген жүздерін Арқаның аязына аймалатып, алқалы отырысқа алақотан отырды. Ертегі айтуға емес, ертеңнің жайын кеңесуге келген ақжалдар мен көкжалдар кемел келешек турасында келелі ой толғады. Елбасының көрегендігі көз ұрып тұрды. Ақы­лымен арбап, қиығымен барлап, даналығы­мен даралап бірталай шаруаның басын бәтуалы етіп, бағамдады. Көсемдігі мен шешендігі басым бо­лып, асығы алшысынан түсті. Жер жүзі алдында еңсемізді биіктетіп, мерейімізді үстемдетіп бәре­келді дегізді. Сөйтіп көк жүзіне, тарих төріне та­ғы бір мәрте көтерілдік. Өзгенің қаңсығын емес, өмірдің таңсығын таң­дап алып, қайнаған іске бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып қызу кірістік. Жұмыл­ға­н­ы­мыз жақсы болды. Өмір орнында тапжылмай тұрмайды. Өзгереді, өрісі кеңейіп өркен жаяды. Зымыраған заман талабы міне осындай. Әлемде үдей түскен үдемелі үрдістен шаң қауып қалмау жолында шоқтығы биік шоғыр-шоғыр тың бастамаларға ден қойылды. Озу үшін әлбетте озық білім қажет. Білімі мен біліктілігі – оқу ошағының деңгейіне байланысты. Бәсекеге түсу бағытында оқу-білім түбегейлі өзгеріп мәр­те­бесі артты. Талғам солай, талап күшті. Ендігісі уақыт еншісінде. Әлеуметтік-мәдени және басқа өмір де өршіл. Жағалай жаңалық көп. Өндірістің екпіні күшті. Өңірлерде ертелі-кеш өнеркәсіп көрігі гүрілдеп бір тынбайды. Ауыл ажарланып, тұрмыс базарланып келеді. Кешегі күні есіктен сығалап, босағада именіп тұрған тіліміз төрге шықты. Алайда, алақайлап бөркімізді аспанға ату әлі ертерек. Тілімізді әспеттеп, салт-дәстүріміздің шашбауын көркем­деп өріп жатсақ қанеки! Жеріміздің асты мен үсті тұнған байлық. Көл-көсір қазынаға сұқ көзін тігіп, сұғанақ қолын жүгірткісі келетіндер де табылып қалады. Табалап қарап, еріксіз таңдай қағатындары да табы­лады. Жаратқан содан сақтасын. Дүниежүзілік жағрапия картасына көз жібер­сең Қазақстан аумағы бойлыққа да сұғынып, ендікке де еніп жатыр. Ал сол картаны түрткілеп қарасаң кейбір елдің ендігі мен бойлығы түгіл, аумағы да көрінбейді. Бар болғаны шартты белгі-санмен таңбалыныпты. Кең-байтақ туған жеріміздің түтіні де тым ыстық. Түтініміз түзу шығып, тыныш өмір сүру керек бізге. Шекара шебі бүтін, ел аман, жұрт тыныш. Әскер бар әрекет ететін әркезде. Тарыдай шашылып, таудай боп үйілдік. Ата Заң арқасында аңсаған арман орындалды. Ту желбіреп, Әнұран шырқалды. Тойды тойлау керек. Ертеңгі күнді онымен бірге және ойлау керек. Келешегіміз сонда кемел мығым болмақ.

*  *  *

Алматыда Ниязқұлов Тұрлыбек дейтін көргені мен білгені, оқығаны мен тоқығаны көп жақсы азамат тұрады. Тұрлыбек ақсақал: «Тәуелсіздіктің арқасында айға да қол созып, жер-жаһанға ат шалдырдық. Кигеніміз бүлде, ішкеніміз бал күн­де, мінгеніміз темір тұлпар, тұрған жеріміз көк­орай көк тал, ұшқанымыз көк сұңқар», деп еді бір кезіккенінде тақпақтап. Тұқаң дұрыс айтады. Күннің өзі қимай бата­ды. Таңның өзі тамылжып атады. Ырыс алды – ынтымақ. Ынтымағымыз жарасқан. Тереземіз тең, керегіміз кең. Белестерден белестерге көте­ріліп келеміз. Отан – отбасынан басталады. Оты­мыз шоқтай жанады, түтініміз түп түзу шығады. Ошақтан ас, арғымақтан ер түспейді. Бағаналы ел, байтақ жер жақсылығымен жарылқасын. Тәуелсіздіктің дәмі таңдайымыздан кетпей, ақжарылқап нұр жаусын. Көңілдегі көрікті ой осындай еді. Көңіліміз қа­шанда көрікті болып, ортамыз ортаймасын. Ырыс ынтымаққа жолығады, дәулет бірлікпен толығады. Жайқалған құраққа шала түспей, жази­ра­лы өмі­­рі­міз құт-берекеге молығады. Бізге енді не керек, бізге енді іргеміз сөгілмейтін тыныш­тық керек. «Төртеу түгел болса төбедегі келеді, алтау ала болса ауыздағы кетеді» деп атам қазақ айтқандай, берекелі бірлік болса, тамаша тірлік болады. Ба­сы­мызға бақ, астымызға тақ қонады. Өміріміз мәнді, тұрмысымыз сәнді болу үшін тек ақтілеуді үкілеуі­міз өте-мөте қажет болып тұр қазіргі уақытта. Атар таңымыз әрдайым ақ болуы күллі Алты Алаш баласына байланысты екендігі дау­сыз. Бар­ды бағалап, әрнәрсені өз атымен атап айту парыз. Алдымен экономика, сосын саясат қа­ғидатын ұс­тану ұстынында мемлекеттің тегеуріні артып тұ­ғырына нық қонды. Шаңырақты шай­қалт­пай, іргені босатпай, берекені қашырмай ал­дағы күндер көкжиегіне сеніммен қарағанымыз ма­құл. Аста­на­ның бойтұмарындай іспетті Бәйте­рек­тің көкке бой созуы да тегіннен-тегін емес. Көктен түссе, жерден береді. Осы даналықты зердеге тоқып, тү­зу жолдан таймай жүргеніміз ғанибет емес пе. Марат АҚҚҰЛ.