Кеше ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Конституциялық заңдылық – құқықтық мемлекеттің және тұлға еркіндігінің негізі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция болып өтті.
Конференцияны Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі Жоғарғы Сотпен, Бас прокуратурамен, Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен бірлесе отырып ұйымдастырды.
Конференцияға Парламент депутаттары, құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдардың басшылары, беделді халықаралық ұйымдардың және өзге де үкіметтік емес институттардың өкілдері, сондай-ақ Қазақстанның және шет елдердің белгілі заңгер-ғалымдары қатысты.
Конференция барысында Қазақстан Республикасының жиырма жылдық дамуының қорытындысы шығарылды. Қазақстан мемлекеттілігінің ажырамас белгісі ретінде конституциялық заңдылық режімінің қазіргі жай-күйіне және оны қамтамасыз етуде Негізгі Заңның рөліне талдау жасалды. Оң тәжірибе алмасылып, бұдан әрі даму жолдары нақтыланды.
Форумға қатысушылар Қазақстанда конституционализм идеялары мен принциптерін жүзеге асырудың қарышты үдерісі жүріп жатыр деген ортақ пікір білдірді, деп хабарлады Конституциялық Кеңестің баспасөз қызметі.