• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Технология 26 Тамыз, 2018

Онкологиялық ауруларды ерте анықтаудың мүмкіндігі артты

1168 рет
көрсетілді

Астанадағы Республикалық диагностикалық орталық тағы бір онкологиялық ауруларды ерте анықтайтын аппаратпен толықты. Енді қазақстандықтар позитронды эмиссиялық томография (ПЭТ) зерттеуінен тегін өте алады.

ПЭТ – ядролық медицинадағы қазіргі заманғы жоғары технологиялық диагностикалау әдісі. Аталған құрылғы арқылы диагноз анықтау Орта Азия көлемінде алғаш рет біздің елде, нақтырақ айтқанда осы Республикалық диагностикалық орталықта 2010 жылдан басталған болатын. Орталық мамандары екінші аппараттың әкелінуі жұмысты екі есеге дейін арттыратынын айтады.

«ПЭТ арқылы бізқатерлі ісіктің алғашқы сатысын молекула деңгейінде анықтап қана қоймай, дәрігерлердің дұрыс ем тағайындауға да көмектесе аламыз. Жасалған емнің әсерін бақылау да осы аппарат арқылы жүзеге асады. Жаңа технологияның тағы бір ерекшелігі – бір уақытта компьютерлік томография (КТ) және позитронды эмиссиялық томография (ПЭТ) сияқты екі түрлі зерттеу жүргізе аламыз. Осы арқылы кардиология саласында миокардтағы зат алмасу ауытқушылығын нақтылауға болса, бұл әдісті дәрігерлер эпилепсия ошағын анықтауға да кеңінен қолданады»,дейді «РДО» АҚ радиоизотоптық диагностика бөлiмiнiң меңгерушiсi Ғалия Рысқұлова.

Сондай-ақ бұл аппарат соңғы буындағы, жетілдірілген ең озық түрі болып, 64 кесінділік компьютерлік томографиясы адам ағзасын барынша жіті зерттейді. Жаңа бағдарламасы сәбиден бастап ересектерге дейінгі барлық адамдарды салмағын есепке ала отырып, сканерлейді және алдыңғысымен салыстырғанда зерттеу аз уақыт ішінде жасалады. Әрі аппаратты басқару да қиын емес екенін айтады мамандар. «Бізде жаңа құрылғымен жұмыс жасайтын 6 дәрігер бар. Барлығымыз Германия, Израил, АҚШ, Англия сияқты елдерден оқып келдік. Үш жылда бір рет біліктілікті арттыруға барып отырмамыз», дейдіҒ.Рысқұлова

Мамандардың айтуынша, «UMC» корпоративтік қорының Республикалық диагностикалық орталығында науқастардың 95%-дан астамы зерттеудің бұл түрінен кепілдік берілген медициналық қызмет аясында тегін өтеді. Ақылы негізде зерттеудің құны – 235 700 теңге. Оны қазақстандықтардан бөлек, көбінесе алыс-жақын шетелдерден келген емделушілер пайдалана алады.

Майгүл Сұлтан,

«Егемен Қазақстан»