Алматы қаласында ЕҚЫҰ-ның Қазақстандағы өкілдері мен «Руханият» партиясы мүшелерінің арасында кездесу болып, ресми отырысты «Руханият» партиясының төрағасы Серікжан Мәмбетәлин жүргізді.
Кездесу барысында тараптар өзара пікір алмасып, бүгінгі әлемдік және елішілік саяси бағдар турасында көзқарастарымен бөлісті. Серікжан Мәмбетәлин сайлау кезектен тыс белгіленсе де, «Руханият» партиясы үгіт-насихат науқанын қажырлы жүргізіп жатқанын айтып, сайлауалды шаралар жөнінде: «М.Шаханов – соңғы қырық жыл бойы ұлттық-патриоттық іс-шаралардың ортасында жүрген азамат. Жинаған беделі біздің рейтингімізді күрт өсірді. Бұл басқа партиялардың алдындағы өзгешелігіміз», деп атап өтті.
«Руханият» партиясы атынан Парламент Мәжілісі депутаттығынан үміткер Серікхан Жақыпов үгіт-насихат жұмысын жүргізуге уақыттың жеткіліксіздігін, сайлауалды науқаны бірнеше мейрамдармен сәйкес келіп, сайлаушылармен кездесуге уақыттың тапшылығын және қаржының аздық етіп жатқандығын мәлімдеді. «Бұған дейінгі сайлауларда қаржы мемлекет тарапынан бөлінетін. Партиялық тізімдегі көптеген азаматтар үшін 240 мың теңге табу қиындық тудырды. Шет аймақтарға жасалған сапарларға жұмсалатын қаржыны да әркім өз қалтасынан төлеп отыр», деді біраз мәселелерге тоқталған С.Жақыпов.
Серікжан Мәмбетәлин ЕҚЫҰ өкілдерінен сайлаудың әділ өтуін қадағалап, Орталық сайлау комиссиясы мен сайлаушылар арасында дәнекер болуын сұрады. Бұдан бөлек, «Руханият» партиясының негізгі электораты ауылды жерлерде, шалғай аймақтарда орналасқандықтан, үміткерлер мен жергілікті басқару қызметкерлері арасында кейбір келіспеушіліктер туындағанын да айтып өтті.
Қанат ЕСКЕНДІР.