• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
Қазақстан 27 Тамыз, 2018

Партия қолдауымен 277 ІТ-сынып ашылады

530 рет
көрсетілді

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев арнайы жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысына келіп, Елбасының бес әлеуметтік бастамасының және жаңа партиялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты. 

Партия қолдауымен жаңа оқу жылында аймақ мектептерінде 277 ІТ-сынып ашылады деп жос­парланып отыр. Онда оқушылар веб-дизайн, роботты техника, мехатроника, бағдарламалау негіздері және 3D модельдеу бо­йынша тереңдетілген білім алмақ. Мәулен Әшімбаев Өскемен қаласындағы №46 мектепте өңірлік «Менің мектебім» акция­сы шеңберінде ашылған осындай сыныптың біріне арнайы барды. Жалпы, алдағы үш жылда еліміз бойынша партияның бастамасымен 1 мыңнан астам тегін ІТ-сынып ашылып, жылына 150 мың жас цифрлы бағытта білімдерін жетілдіретін болады. «Партияның мұрындық болуымен Қазақстанда осындай 1 мың сынып ашылады. Солардың алғашқылары, міне Шығыста іске кірісіп отыр. Бұл – қуантарлық жайт. Бұл сыныптарда оқушылар білімдерін ұштап, келешегі зор саланың қыр-сырына қанығады», деді ол.

Осы жерде Жас техник стансасында оқитын аталған мектептің оқушылары өздері құрастырған роботтардың «өнерін» көрсетті. Мұғалімдермен әңгімелескен партия Төрағасының бірінші орынбасары ІТ-сабақтардың пайдасына тоқталып, бұл бағыттағы пәндер балаларды креативті ойлауға баулитынын, болашақта бүкіл әлем осы саланы дамытатынын, Қазақстан осы сыныптар арқылы көштен қалмау қамына кіріскенін жеткізді.

Өскемен политехникалық колледжінде ашылған осындай ІТ-орталыққа барған партия Төрағасының бірінші орынбасары мұндағы оқыту технологиясымен танысты. Аталған орталықта жергілікті жұмыссыз азаматтар бағдарламалау негіздерін меңгеріп, инженерлік графика әзірлеуге, бейнемонтаж жасауға, дербес компьютерлерді диагнос­тикадан өткізіп, жөндеуге және робот техникаларымен жұмыс істеуге машықтанады. Алғашқы он тұрғын «ЭВМ операторы» мамандығы бойынша білім алуға кірісіп те кеткен. Қысқа мерзімді курстар бір айдан алты айға дейін созылады. «Болашақта ІТ-мамандарға деген қажеттілік арта түседі. Сұраныс қазірдің өзінде де жоғары. Еліміз жаппай цифрландыру бағдарламасын қолға алды. Бұл бағыттағы ең өзекті мәселе – білікті мамандардың тапшылығы. Осындай орталықтар аталған мәселені шешуге септеспек. Шығыстың аталған істе алғаш болып қадам жасап отырғаны қуантарлық», деді М.Әшімбаев.

Бұл ІТ-орталық өз түлектерін жұмыспен қамту үшін жергілікті жұмыс беруші компаниялармен, кәсіпорындармен және атқарушы билік органдарымен тығыз байланыс орнатқан. Облыстағы екінші осындай орталық Семейдегі электр-техникалық колледждің базасында ашылған.

«Нұр Отан» партиясы Төр­аға­сының бірінші орынба­сары Мәулен Әшімбаев жұмыс сапары барысында Өс­ке­мендегі «7 – 20 – 25» ипоте­калық бағдар­ламасының қатысу­шыларымен де кездесті. Елба­сының бес әлеу­меттік бастамасы аясында қолға алынған «7 – 20 – 25» бағ­дар­ламасы Шығыста қарқынды іске асып жатыр. Өскемендегі «Ертіс Сити» аталатын кешендегі үйлер осы бағдарлама бойынша саудалануда. Аталған бағдарламаға екінші деңгейлі жеті банк се­рік­тес атанып отыр. Облыс тұрғын­дарынан 77 өтінім келіп түскен екен, солардың 43-іне банк­тер несие беруді мақұлдаған. Пре­зиденттің бес әлеуметтік бастамасы аясында бекітілген осы бірегей бағдарлама бойынша облыста 430 пәтер сатылуға әзір тұр. Жыл соңына дейін тағы 800 пәтер дайын болуы тиіс. Несиені екінші деңгейдегі жеті банк беруде. 

М.Әшімбаев «Арзан» дүке­ні­нің маңында орналасқан «Ертіс Сити» тұрғын үй кешеніне барып, баспаналы болған қала тұрғындарын қоныстойларымен құттықтады. Аталған кешенде ипотекалық бағдарлама бойынша 30 пәтер саудаланыпты. «Бүгінде елі­мізде баспана мәселесі бас­ты проблемалардың бірі болып отыр. Өткен жылы Қазақстан бо­йынша 11 миллион шаршы метр баспана тұрғызылды. Десек те, әлі де баспанаға зәру отандастарымыз бар. Бұған дейінгі бағдарламалардың шарттары қиын болғаны да рас. Олардың өсімақысы да жоғары болды, әрі бас­тапқы төленуі тиіс міндетті сома 30-50 процентті құрады. Осы­ған орай Елбасы «7 – 20 – 25» атты бірегей бағдарламаны әзір­леуге тапсырма берген-ді. Сол іс міне, жүзеге асып жатыр. Бас­пана – отбасы берекесінің кепілі. «Үйі жоқтың – күйі жоқ» деп бекер айтылмаған ғой. Сіздер осы бағдарламаның арқасында баспаналы болып отырған алғашқы азаматсыздар. Қоныстарыңыз құтты болсын!» деді партия Төрағасының бірінші орынбасары.

Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан»