Кеше Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Алматы қалалық филиалының жетекшілері Алатау ауданының бір топ тұрғынымен кездесті. Осы арада түсінікті болу үшін құлашын жайып келе жатқан оңтүстік астананың жаңадан құрылған ауданында заңсыз жер телімдерін иемдену, заңсыз құжаттар арқылы баспана көтеру ең көкейкесті мәселелердің қатарында тұрғанын айта кетелік. Бұл жерде аңқау елдің құқықтық сауатсыздығын пайдаланып, жер телімдерін заңсыз саудалап жіберген пысықайлардың да қолтаңбасы бар. Сондықтан бұл мәселеге әлі нүкте қойылды деп айтуға болмайды. Осы кездесудің жай-жапсары туралы бізге партияның Алматы қалалық филиалының төрағасы Әмірбек Төгісов баяндап берді.
– Бүгін Алатау ауданынан бір топ адам келді. Олардың жер телімдерін заңдастырулары қажет. Бұрын 600-ге тарта тұрғын Алатау ауданының әкімдігіне арызданып, үйлерінің заңсыз қиратылғандықтарын жеткізген. Осыдан кейін Алатау ауданы әкімдігінде қоғамдық ұйым құрылып, оған бірнеше партия қосылып, осы мәселеге оң ықпал етпек болғанбыз. Көктемде сол адамдардың ішінде 217 адамның құжаты дұрыс екендігін анықтап, оны заңдастыруға шешім шығарып, қалалық жер басқармасына жіберген едік. Сол адамдардың 50-60 шақтысы мемлекеттік актісін алып, жер телімдерін заңдастырған. Қалғандарының мәселесі әлі шешілген жоқ, – деді Әмірбек Төгісов.
Қысқасы, ЖСДП Алматы қалалық филиалының төрағасы Алатау ауданының тұрғындарымен кездесіп, пікірлесіп, заңдық тұрғыда кеңестер бергенін айтты. Және олардың құжаттарын дұрыстауға көмектесіп, бұл мәселені заң жүзінде шешуге оң ықпал етуге әрекет жасайтындығын жеткізді.
Айнаш ЕСАЛИ.
АЛМАТЫ.