• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
Қазақстан 27 Тамыз, 2018

«Атамекен» халықаралық ән фестивалі өтті

1337 рет
көрсетілді

Орал қаласында Қазақстан­ның халық әртісі, Мемлекет­тік сыйлықтың лауреаты, әнші-композитор Ескендір Хасанғалиевтің әндерін орын­даушылардың Х халықаралық «Атамекен» ән фестивалі өтті. 

Батыс Қазақстан облысы әкімінің қолдауымен өтетін «Атамекен» ән фестивалі ең алғаш 2000 жылы ұйымдастырылған болатын. Бұған дейін екі жылда бір мәрте өткізіліп келген өнер байқауы енді жыл сайын өтетін болды. Бұл шешімді өңір басшысы Алтай Көлгінов байқаудың салтанатты ашылуында жария етті.

Фестивальға Қазақстанның түк­пір-түкпірінен және Ресейден 30-ға жуық жас әнші қатысты. Ресей Фе­де­ра­циясының Астрахань облысы Володар ауданындағы Алтынжар ауылынан келген Диана Жиенәлиева Құрманғазы Сағырбаев атын­дағы аймақтық мәдени орталықта қызмет етеді. Ескендір Хасанғалиевтің «Келші, келші, балашым!» әнін бала күнінен сүйіп айтады екен. Жас әнші болашақта тарихи отанында өтетін өнер байқауларына тұрақты қатысып тұру үшін қазақстандық әріптестерімен тығыз қарым-қаты­нас орнатқанына қуанышты.

Құрамында Ескендір Хасан­ғалиев, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Чайков­ский атындағы Алматы музыка­лық колледжінің директоры Бір­жан Хасанғалиев, әнші Марат Сар­бөпеев пен Жаскелең Ғайсағалиев, І халық­ар­а­лық «Атамекен» фести­валінің бірінші орын иегері, белгілі әнші Таңат Жексенбаев болған қазылар алқасы биылғы мерейтойлық байқаудың бас жүлдесіне Алматы қаласынан келген Бекзат Абитов лайық деп шешті. Оған 750 мың теңге көлемінде ақшалай жүлде бұйырды. І орынға Түркістан облысынан келген «Сарын» тобы шықты. ІІ орынды оралдық Дамир Сатыбаев пен атыраулық Мұратбек Жұмашев бөлісті. Атыраулық Ержан Мырзахметов, тараздық Фариза Досболова, шығысқазақстандық Нұрбол Черубаев  жүлделі ІІІ орын иегері атанды.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы