Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданындағы Бұлдырты ауылдық округіне қарасты Көгеріс ауылында Ербол Исинжолов деген жігіт тұрады. Қырықтың қырқасынан асқан азамат өзі құрастырып алған шағын тракторымен қыстық мал азығын жинап, ауылдастарына да көмектесіп жүр.
Ербол жастайынан қолы шебер, техникаға бейім болып өсіпті. Кішкене кезінде-ақ өзіне ұнайтын ойыншықты өзі жасап алады екен. Кейін қолдан көлік құрастыру туралы ойын ауылдастарына айтып көргенімен, оған ешкім сене қоймапты. Керісінше, күлгендер көп екен.
Ербол ойланды, идеясын пісірді. Өзінің не құрастыратынын, ол үшін не істеу керек екендігін білді. Қажетті құрал мен жабдықты, қосалқы бөлшектерді ел аралап жинады, кейбірін сұрап, кейбірін сатып алды. Сөйтіп биыл 7 күннің ішінде өзінің тракторын құрастырып шығарды. Әуелі, қолдан көліктің қаңқасын құрастырды. Оған «Жигулидің» артқы белтемірін орнатты. Көлікке бұрын шопандар құдықтан су тартуға пайдаланған ЗИД моторы бекітілді. «Жигулидің» қозғалтқыш коробкасы орнатылды. Содан «Жигули» сияқты 5 деңгейлі жылдамдықпен қозғалатын болды. Бірақ сағатына 60 шақырымды жүру Ерболға керек емес еді. Сол себепті ол көлігіне жаңа шкив тақты. Жаңа шкив агрегаттардың, яғни шөп шабатын орақ пен тырнауыштың шабындықтың бетінде үзіліссіз, қалыпты жұмыс жасауына мүмкіндік берді. Айтпақшы, Ербол тырнауышты да көлігіне лайықтап өзі жасап алды. Кеңес кезіндегі өгізге арналған 1, 2 метрлік орақ жаңа қондырғыға керемет үйлесе кетті. Көліктің алдына «Жигулидің», ал артына «ГАЗельдің» дөңгелегі тағылды. Қазір Көгерісте жасалған трактор шабындықта шөп шауып, шапқан шөпті ауылға тасып, «бұрқыратып» жүр. Ербол енді тракторына лайықтап шөп тайлағыш жасап алмақ. Шаңсорғыштың моторынан жем жаратын аппарат жасап жүрген Ерболдың басында идея деген жететін сияқты.
Ербол тракторының еңбек өнімділігіне көңілі толатынын айтады. Мәселен, трактор өзі шауып, өзі тырмалап, күніне 5 буманың шамасында шөп дайындайды. Адам күші тек техниканы басқаруға кетеді. Қыруар жұмысты бір өзі жасайтын трактордың бір күнде жағатын бензині 5 литрге де жетпейді. Қазір Ербол екі аулаға да жететін шөп қорын дайындап болып қалды.
Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
журналист
Батыс Қазақстан облысы