Соңғы жылдары әлем елдерінде кеңінен таралған «жасыл энергия», «жасыл технология» сынды жаңа ұғымдардың қатарында «жасыл облигация», «жасыл қаржы» деген терминдер де бар. Бұл үрдістен Қазақстан да тыс қалмақ емес, «жасыл» қаржыландыруды дамыту биыл жазда ашылған «Астана» халықаралық қаржы орталығының стратегиялық басым бағыттарының бірі ретінде айқындалды. Олай болса, жаңа ұғымның маңызына аз-кем тоқтала кетейік.
Жалпы, «жасыл облигация» деген тіркес ең алғаш 2007 жылы қолданысқа еніпті. Еуропа инвестициялық банкі осындай атаумен енгізген бағалы қағаздардың құны алғашқы жылдары төмен болғандықтан, оның мән-маңызына үңілушілердің қатары салыстырмалы түрде соншалықты көп болмаған екен. Алайда, «жасыл облигациялардың» жиынтық көлемі 3 миллиард доллардан асып түскеннен кейін бағалы қағаздар аса жоғары сұранысқа ие болып шыға келді. Өткен жылғы мәліметтерге сүйенсек, дүние жүзі бойынша облигациялардың шығарылымы 155 миллиард доллардан асып түскені осыны аңғартады.
Сонымен «жасыл облигацияның» басқаларынан айырмашылығы не? Ең басты ерекшелігі – «жасыл облигациялардан» түскен қаражат толықтай экологиялық жобаларға, қоршаған ортаны қорғауға жұмсалатыны. Көмірсутегі, көмір сынды дәстүрлі энергия көздерінен бөлек балама энергия көздерін дамыту, экологиялық таза көліктер өндірісі сынды ірі жобалардың барлығы осы қатарда.
Бүгінгі таңда дүние жүзі бойынша нарыққа «жасыл қаржы» тарту ісінде Қытайдың алдына түсетін ел жоқ. 2016 жылы 23 миллиард доллар облигацияны сатылымға шығарған көршіміз мұндай жоғары көрсеткішке көміртегі газын шығаруды азайту саясатының арқасында қол жеткізді. Әйгілі Apple компаниясы да былтыр 1 миллиард доллар кірісті «жасыл облигация» сатудан түсіріпті. Оған Ислам қаржы институттары да қызығушылық танытуда.
Сөз басында айтып кеткеніміздей, «жасыл қаржыландыру» ұғымы Қазақстанға да біртіндеп еніп келеді. 2025 жылға дейін еліміз «жасыл қаржы» саласы бойынша Орталық Азия аймағында көшбасшы атануды көздеп отыр.
Осы мақсатты бағындыруға ықпал ететін басты ұйым «Астана» ХҚО «Жасыл қаржы» департаментінің директоры Әсел Нұрахметованың айтуынша, бұл бағытта дүние жүзінде атқарылып жатқан жұмыстар әлем экономикасына тың серпін береді.
– «Жасыл облигациялар» – су, энергия, жылу және тағы да басқаларын тұтыну көрсеткіштерін төмендетуге, қоршаған ортаны ластаудың алдын алуға жұмсалатын өте қуатты қаржылық құрал. Қолданысқа енгеніне көп уақыт өте қоймаса да, оның аясы қазірдің өзінде өте кең. Адамзат үшін экология қашанда өзекті болып қала беретінін ескерсек, болашақта маңызы арта береді деуге болады, – дейді ол.
Әсел Нұрахметова айтып өткендей, Қытай Халық банкі қоршаған ортаны қорғау саласына несие, облигация және акциялар сынды жеке қаржылық құрылымдарды белсенді түрде тартумен айналысады. Германия үкіметі де «жасыл қаржы» секторын көміртекті экономиканың орнын басқа қуат көздерімен алмастырудың құралы ретінде тиімді пайдаланып отыр.
Жалпы, «жасыл жобаларға» инвестиция құюға ынталы инвесторлар көп. Бұл орайда, елімізде экономикалық ахуал айтарлықтай күрделі деуге болады. Себебі біздің экономикамыз пайдалы қазбалар өндірісі мен экспортына тікелей иек артып отырғаны өтірік емес. Оған қоса, «ақылды қала» сынды жаңадан қолға алынған жобалардың да бір шеті «жасыл облигациямен» шендеседі. «Астана» ХҚО-ның экологиялық жобаларға инвестиция тартатын алаң ретінде таңдалғаны да осыған байланысты.
– Қазіргі таңда біз инвесторлардың Қазақстан нарығына келуіне ыңғайлы жағдайлар жасап, тиісті құралдар әзірлеп жатырмыз. Солардың бірі – әлемде кеңінен танылып келе жатқан «жасыл облигациялар». Осындай облигацияларды сатудан түскен қаржының барлығы дерлік экологиялық жобаларға жұмсалады,– дейді Әсел Нұрахметова.
«Астана» ХҚО «Жасыл қаржы» департаментінің директорының айтуынша, қоршаған ортаны ластап жатқан ірі өндіруші кәсіпорындар, сондай-ақ аймақ әкімдіктері алдағы уақытта «жасыл облигация» шығаруға тиіс. Бұл экологияға зиян келтірмейтін жобаларға қаражат құюға жол ашады. Қазірдің өзінде қаржы орталығы бірқатар ірі инвесторларды осы жұмысқа тартыпты, олар Қазақстанда жаңа жобаларды қолға алуға қарсы емес.
Бүгінгі таңда инвесторлар үшін Қазақстанда тартымды жобалар ретінде таза көлік, қалаларды жарықтандыру, Астанаға газ тарту сынды жұмыстарды айтуға болады. Сарапшылардың пайымдауынша, болашақта Қазақстанның «жасыл нарығын» қарышты дамытуға мүмкіндік жеткілікті.
«Жасыл облигацияны» тиімді қолданудың қарапайым мысалы ретінде Швецияның Гетербор қаласы муниципалитетінің тәжірибесін айта кетуге болады. Аталған қаланың мэриясы соңғы 5 жыл ішінде жалпы құны 386 миллион долларға тең «жасыл облигация» шығарыпты. Оны жұмсаған секторлардың ішінде автономды үйлер жобасы бар. Жаңа технологиямен жабдықталған автономды, «ақылды» үйлерде энергия басқа үйлермен салыстырғанда 3 есе аз тұтынылады екен.
«Астана» ЖҚО Басқарушысы Қайрат Келімбетов айтқандай, елордада өткен ЭКСПО-2017 көрмесі «жасыл» технологиялар саласындағы зерттеулерге, жаңашыл жобаларға қажетті инфрақұрылым ұсынды. Ендігі кезекте қаржы орталығы оның қаржылық бөлігін толықтыруға тіс.
Қалай болғанда да, «жасыл облигацияларды» нарыққа шығару Қазақстанның экологиялық ахуалын жақсартуға ықпал етеді деуге болады. Ал осы саладағы стартап жобалар табысты жүзеге асырылған жағдайда жаңа жұмыс орындары ашылып, әлеуметтік-экономикалық салаларға да тиімді ықпал етеді.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»