Бақтықожа Ізмұхамбетовтің өмір жолы, өткен өткелектері мен асқан асулары, жеткен жетістіктері мен орындалған армандары бір қараған адамға көптеген салалық мамандардың үйреншікті жолындай көрінуі мүмкін.
Әсіресе мұнайшылардың дәстүрлі жолдары – жоғары оқу орнын бітірген соң мұнай өндірісінің ошағында кеніш қазып, жер қойнауына тереңдей барып, оның қазынасын жер бетіне, ел игілігіне шығару мәртебесіне ие болу да кез келген мұнайшы инженердің пешенесіне жазыла бермейтін айрықша үлес екенін ескерсек, сол баянның құрметі де арта түсер еді. Қат-қабат жер, теңіз қойнауының әлденеше шақырым тереңдігінен бұрғылап, мұнай шығарып, оның өнімдерін ғажайып технология құбылыстарымен жабдықтап, халық тұрмысының сұранысына жеткізіп, мұқтажын жарылқаудан асқан қайырымды іс болар ма?
Тегінде мұнайшы мамандығын игерген азаматтарымыздың қай-қайсысы да еңбек жолын осы саланың ең төменгі сатысынан бастары анық. Ал ұшы-қиыры жоқ құла түз құм даланың аптап ыстығында, дамылсыз өкпек желінің өтінде немесе теңіздің тұңғиық түбінде бұрғылаушы болып, күрделі өндірістің қатаң мектебінен өту – сөз жоқ мықтылардың мықтысына ғана тән.
Біздің Бақтықожа Салахатдинұлы да осындай мықтылардың қатарынан.
Біздің дейтініміз – Бақтықожа Салахатдинұлымен дәл осы тағдырдың мейірім шуағы кезінде, еліміздің әр тарабы, әр өңірі, сан алуан кәсіби салаларда нәтижелі еңбек еткен, қоғам, тікелей «Нұр Отан», «Ақ жол», Қазақстан коммунистік халық партиясы сенім көрсетіп, өкілеттік тапсырған азаматтар Елбасының қолдауымен мемлекетіміздің ең жоғарғы Заң шығарушы билік тармағында бір мақсат, бір мүдде жолында білек қосып, бірге еңбек етудеміз. Парламенттің бір комитетінде бұрынғы үкімет мүшелері, әкімдер, әскери қолбасшылар, дипломаттар, тағы басқа салалардың білікті білгірлері мемлекетіміздің әлеуетінің артып, қуаттана түсуіне жұмылған болсақ, соның белсенді бірі де, бірегейі де осы біздің Бақтықожа.
Бақтықожа Салахатдинұлы әке жолымен жүріп, өсіп, отбасылық дәстүріне жаңа білім, жаңа мазмұн, жаңа бедел қосып, қарапайым бұрғылаушы инженерден «ҚазМұнайГаз» сияқты алып ұлттық компания басшыларының бірі, мемлекетіміздің Энергетика және минералды ресурстар министрі, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарының әкімі, Қазақстан Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары, Төрағасы, Республика Ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметтерін абыроймен атқарып, Елбасының зор сеніміне ие болып жүрген көрнекті мемлекет қайраткерлеріміздің бірі.
Парламенттің жұмысы қаншама ашық болғанымен оның күнделікті тіршілігі мен қызметі әрине, көпшілікке беймәлім. Қай қызметті алсаңыз да солай. Оның қыры мен сырын тек сонда, сол салада еңбек ететін адам ғана біледі. Күнделікті жұмыс тәртібін тізбелеп отыру – көп адамды қызықтырмауы да мүмкін. Әрі оны толық көрсету мүмкін де емес. Парламенттің бір күнгі заң жобасын талқылау, пікір алмасуға толы Мәжіліс отырысынан телехабарға берілері небәрі бір-екі-ақ минуттық ақпарат. Ал сол айғақты мәжіліске дейін заң жобасы қандай жұмыс процестерінен өтетініне көп ешкім назар аудара бермейді. Депутаттардың әр күні, әр сағаты апталыққа, әр айға алдын ала жоспарланған. Әр депутат өзіне жүктелген заң жобасын бүге-шүгесіне дейін зерттеп, аппараттың білікті қызметкерінің қатынасуымен комитет талқылауына, одан Мәжіліс талқылауына шығарады.
Аптаның дүйсенбісі – Мәжілістегі Үкімет сағатынан басталады. Түс қайта заң жобалары бойынша жұмыс топтары, келесі күні комитет отырыстары, партиялық фракциялар жиналыстары мен адамдармен кездесулер, әртүрлі тақырыптардағы дөңгелек үстелдер, конференциялар, тағы басқа шаралар – бәрі де депутаттың уақытын талап етеді.
Әрбір депутаттың әр аптаның сәрсенбісі күні өткізілетін Мәжілістің отырысына дайындалуы мен қатынасуы ерекше жауапты әрі міндетті тәртіп.
Парламентке әр саладан сайланып келген әріптестеріміздің осы жұмысқа кіріскеннен кейін: «бұрын ойлаушы едік – осы депутаттар не істейді деп, расында да басқа келмеген соң білмейді екенбіз, мұнда тіпті мойын бұруға шама жоқ қой...», дегенін талай естідік. Бір жолы «Егемен Қазақстанды» басқарған Сауытбек Абдрахманов: «Парламентке келген соң редакцияның күнделікті қарбаласынан құтылып, біраз шығармашылықпен шұғылданамын деп жүрсем, қарбаластың көкесін осыннан көріп жүрмін. Тіпті уақытым жоқ», деп еді.
Сол сияқты кезінде әкім де, министр де, тіпті Мәжіліс Төрағасы лауазымдарын да абыроймен атқарған бүгінгі депутат, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің белсенді мүшесі, Қазақстан Ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов те бір жолы Мәжіліс отырысы аяқтала салысымен, Ардагерлер кеңесіне асығып бара жатса, келесі жолы «Нұр Отандағы» азаматтарды қабылдауға бет алғанын көресіз. Бәкеңнің қабылдауына, кездесуіне сұранатын адамдар да көп. Қалай да уақыт табуға тырысады. Оларды тыңдайды. Бәрінің бірдей мәселелерін шеше қоймағанымен түсіндіреді, жолын айтады, байыппен сөйлеседі. Сондықтан да ол Парламентке келісті келбет, орнықты салмақ беріп жүрген, білікті әрі іскер әріптестеріміздің бірі, адамгершілік сыйластыққа берік, ұлтжанды, мемлекетшіл қайраткер, Елбасының сенімді серіктерінің қатарындағы тұлға.
Осындай танылымға ол нақты істерімен, ұйымдастырғыш, жаңашыл ізденгіштігімен, Отан сүйгіш дүниетанымымен көтерілді. Оның бастамашы болып халық игілігі үшін жүзеге асыра алған кейбір жобаларын, әртүрлі жағдайлар тұсындағы ұтымды шешімдерін, орынды пайымдарын еске алсақ та, айтсақ та жеткілікті...
...Кейіпкеріміз Батыс Қазақстан облысында әкім болып жүрген 2011 жылдың көктемінде Орал қаласында, кейбір аудандарда алапат су тасқыны болып, жүздеген тұрғын үйлер, басқа да әлеуметтік нысандар апатқа ұшырап, көптеген отбасылар баспанасыз қалып, халық арасында қатты абыржу болды. Әрине мұндай жағдай облыс басшыларына, билік өкілдеріне қатаң сын екені де хақ. Елбасы, Республика Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей қамқорлығы мен көмегі, нақты шешімдерін облыста дәл уақытында жүзеге асырып, халық тұрмысын қалпына келтіруде барлық құрылымдар, қала, аудан әкімдіктерінің жұмысын тиімді ұйымдастыруда облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы өңір жұртшылығының қолдауы мен алғысына ие болды. Бұл сөз жоқ, үлкен табыс.
Батыс Қазақстан облысының елді мекендеріне түгелдей газ желісі жеткізілуіне «жар құлағы жастыққа тимей» еңбек ете алған да осы Бәкең.
Бәкең Атырау облысында да абыройлы қызмет атқарды. Әр өңірдің өзіндік ерекшеліктері болуы да табиғи. Оған қоса өзінің туған, өскен өлкесі. Облысты басқару ісінде де тәуелсіздікке дейін, тәуелсіздік алғаннан кейін басқарған азаматтардың қолтаңбалары бар. Болған әкімдердің жүріс-тұрысына, қабылдаған шешімдеріне, атқарған істеріне сын көзбен қарап, сараптап отыратын қоғамдық пікір бар. Әсіресе өзіне дейін облыс әкімдері болған дүйім республикаға есімдері әйгілі Равиль Шырдабаев, Серікбек Дәукеев, Иманғали Тасмағамбетов сынды қайраткерлердің нәтижелі бастамалары мен жүзеге асқан, асатын толып жатқан жаңа әлеуметтік жобалары бар. Қолдаушылар да, сынаушылар да жеткілікті. Бәкеңнің парасаттылығы – өзінен бұрынғы басталған елге керек жақсы шараларды жалғастырып, дамытты, қан жүгіртіп, тынысын кеңітті.
Атырау қаласында көптеген әлеуметтік құрылыс нысандары, мектептер, аурухана, мәдениет, спорт кешендері бой көтеріп, халық игілігіне қызмет ете бастады. Көшелер түзетіліп, жаңғырып, жаңарып, гүлзарлар ашылып, сәнді көрініске бейімделді. Ұлт ардақтылары ұлықталып, олардың мүсіндері бейнелеу өнерінің көркем шеберлігімен өрнектеліп, мәдени мұра жасақталды.
Жаңа кәсіпорындар ашылып, жұмыс орындары көбейді. Тұрмыстық қызмет көрсету өрісі кеңейіп, жаңа мәдениет қалыптасты, жастар қатары көбейді.
Ежелден Атырау жерінің табиғи шөлейттігіне байланысты бұл жақта түйе мен шұбаттан, Каспий мен Жайықтағы балықтан басқа ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілмейді деген ескілікті ұғым жойылып, ел жылқы, ірі қара, қой, ешкі түліктерін өсірумен құс, сүт өнімдері, жұмыртқа өндірумен шұғылдана бастады. Сондай-ақ Атырау облысы көкөніс өнімдерімен өз жұртшылығын толық қамтамасыз етіп қана қоймай, Ресейдің көрші облыстарына экологиялық таза өнімдерді шығаратын болды. Ол жерлерде Атырау өнімдері зор сұранысқа ие екеніне өзіміздің комитеттің көшпелі отырысын өткізгенде көзіміз жетті.
Тәуелсіздік алғалы бері тек Атырау облысы емес, республика көлемінде малдың терісі мен қырқылған жүнін өңдеу шешілмеген түйін, қордаланған проблема болып келе жатқаны аян. Міне, Атырауда тікелей біздің Бәкеңнің бастамашылдығымен осы мәселе де шешімін тауып отыр. Түйе, қой жүндерін өңдеп, одан тауар шығаратын «Каспий Лана Атырау» тоқыма фабрикасы іске қосылды. Ол жерде екі жүзге тарта жұмыс орны ашылған, олар өздері тоқыған тоқымадан, жеңіл жамылғыдан бастап балалардың шұлық, қолғап, бас киіміне дейін халық тұтынатын жиырмаға жуық өнім түрін шығарады. Өкінішке қарай, ол өнімдер әртүрлі бюрократтық қасаңдықтың кесірінен Қазақстан тұтынушыларына жетпей Ресей, тағы басқа шетелдерге кетіп жатыр. Сірә, алдағы уақытта бұл өнімдер еліміздің мұқтажына да жетіп қалар.
Міне, Бәкеңнің облыс әкімі ретіндегі қызметі жайлы сөз қозғағанда жоғарыдағыдай адам көңілін өсіретін жарамды жақсы істер тізбегін толағай табыс дерге негізіміз толық.
Қуанарлығы, бұрынғы әкім бастаған істер мен жобалардың халық мұқтажына қажеттілігі сол – облысқа одан кейін әкім болып келген Нұрлан Ноғаев өзінен бұрынғы лауазымды тұлғалардың бастамаларын одан әрі дамытып, өсіріп, өндіріп, ел игілігіне айналдырып, жаңа жобаларды да ширақ іске қосып келеді.
Бақтықожа Салахатдинұлы өзінің бүгінгі әріптестеріндей Парламент қабырғасында күн сайын өтіп жататын заң жобаларының талқылауларынан сырт қалған емес. Қай кезде де өзінің білікті пікірін айтады. Сондай заң жобаларының қатарында, әсіресе «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы кодексін талқылау кезіндегі әріптесіміздің пікірі мен ұсыныстары көңілге қонарлық болды. Сондықтан да оны депутаттар қолдады. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қойнауын пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заң жобасына да ұсынған пікірлері қолдау тапты.
Әсіресе депутат Б.Ізмұхамбетовтің «Газ және газбен жабдықтау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» бастамашылдығы тек бір депутаттың немесе Парламенттің ғана жетістігі емес, бұл – халық қамындағы оң шешім, жаңа мүмкіндік деуге тұрарлық. Депутат өзінің заң жобасы бойынша сөйлеген сөзінде осындай заңның қажеттілігін негіздеп, дәлелдеп отырып: «...Ұсынылып отырған заң жобасының мақсаты – сұйытылған мұнай газын шығару көлемін арттыруға өндірушілердің қызығушылығын тудыру арқылы сұйытылған мұнай газы тапшылығын болғызбау болып табылады», деп түйіндеді. Оның айтуынша, «әзірленген түзетулер мұнай газын ішкі нарыққа электронды сауда алаңдары арқылы беруді енгізгеннен кейін олардың кірістілігін қамтамасыз ету көзделуде. Электронды сауда алаңдары арқылы сатылатын бүкіл газға Энергетика министрлігі бекітетін шекті көтерме сауда бағасы қолданылмайды. Бірінші кезеңде ішкі нарыққа беру жоспарының шеңберінде берілетін сұйытылған газдың 10-20 процентін электронды сауда алаңдары арқылы өткізу, көрсетілген үлесті кейіннен кезең-кезеңімен (2021 жылға дейін) арттыру ұсынылады».
Бәкең сықиған шенеунік емес. Жаны жайсаң, әзіл-қалжыңға бейім, рухани дүниесі бай, әңгімешіл жігіт. Көп оқиды. Көп біледі. Жақсы әнге жаны құмар. Домбыра, гитараны сәнімен сөйлетеді, кәусәр үнін төгілтеді. Қазақ, орыс, шетел әдебиеттерін жақсы біледі. Ақынжанды ғана емес, өзі де кәдімгі ақын. Ұлттың көңіл толқынын, көңіл күйін жақсы біледі. Өз білгенін ел де білсе деп тұрады. Кімге болса да көмек қолын шын жүрегінен созуға дайын. Кейде қызбалығы, айтып салар апыр-тұпыр шапшаңдығы ақ көңілділігімен, зілсіздігімен жуып, шайылады. Сөзге берік, уәдеге табанды.
Парламентте осындай қайраткерлердің жүруі, қызмет істеуі – құқықтық, ізгілікті мемлекет құруымыздың сенімді кепілі, рухани бай қоғамымыздың, бүгінгі ортамыздың берекелі көркі.
Қуаныш СҰЛТАНОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты