Маңғыстау аудандық Жастар орталығының бастамасымен 30 тамыз – Конституция күніне орай «Заң және заман» акциясы ұйымдастырылды.
Акция аясында жастар орталығының еріктілер тобы мен «Жасыл ел» еңбек жасағының жастары Маңғыстау аудандық сот ұжымында болып, жұмыс барысымен танысты.
Акция аясында аудандық соттың судьясы С.Бердібеков заңдардағы өзгерістерге тоқталып, үш сатылы сот жүйесіне көшу, судьялық лауазымға кандидаттарға қойылатын біліктілік талаптарын күшейту, Жоғарғы сот жанынан Сот төрелігі академиясын құру, судьялардың жаңа Әдеп кодексін әзірлеу, Сот жюриінің жұмысын жаңғырту, тергеу судьяларының өкілеттігін арттыру, алқабилер соты қарайтын істер қатарын кеңейту секілді мәселелерді жастарға кеңінен түсіндіріп берді.
Жастар судьяға өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптарын алды. Акцияға қатысқан жастар қылмыс пен құқық бұзушылықтың не екенін ұғынып, заңның үстемдігін кеңінен түсінді.
Шарада аудандық сот төрағасы Жұмабай Жанәділов: «Уақыт талабына толық сәйкес келетін жаңа Азаматтық процестік кодекс пен «Жоғары Сот Кеңесі туралы» жаңа заң қолданысқа енді. «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңға, Қылмыстық-процестік кодекс пен Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске тиісті өзгерістер енгізілді. Осылайша бүгін барлық деңгейдегі соттар жаңа қылмыстық және қылмыстық процестік заңнама бойынша жұмыс істеуде. Үш буынды сот жүйесі Еуропаның көптеген дамыған елдерінде қалыптасқан үрдіс. Мұндағы басты мақсат – азаматтарды әуре-сарсаңға салмай, сот әділдігіне қол жетімділікті арттыру болып табылады. Ол дегеніміз – үш сатылы сот жүйесі іс бойынша сот шешімінің жедел қабылдануына негіз қалайды», деді.
Қалампыр ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
Жастар орталығының маманы
Маңғыстау облысы,
Маңғыстау ауданы