Ұлт саулығы – елдің гүлденіп, көркеюінің негізі. Осы қағиданы бетке ұстаған еліміз халық денсаулығына барынша көңіл бөлуді басты міндет санайды. Бұл ретте байыпты бағдарлама қабылдап, жүйелі жұмысқа негіз болып жүрген құқықтық нормаларды да реттеп, түзеп отыру маңызды.
Денсаулық сақтау саласы – ауқымы өте кең әрі әлеуметпен тікелей жұмыс істейтін бірден-бір ірі сала. Ондағы түрлі реформалар, қолға алынған бастамалар халықтың тұрмыс-тіршілігіне тікелей әсер етеді. Ендеше қазіргі таңда әзірленіп жатқан «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» жаңа Кодекстің жобасы да пациенттердің қажеттілігіне бағытталғаны құба-құп.
Президенттің биылғы Жолдауын іске асыру шеңберінде Денсаулық сақтау министрлігі жылдың басынан бері аталған Кодекс жобасының жаңа редакциясын әзірлеуді бастаған болатын. Заң жобасын қабылдау меншікті және халықаралық тәжірибенің үздік үлгілеріне негізделген денсаулық сақтаудың ұзақ мерзімді, тиімді және тұрақты моделін әзірлеумен енгізуге бағытталған. Бұл медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз етпек.
Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цойдың айтуынша, заң жобасының мақсаты – денсаулық сақтау жүйесіндегі қолданыстағы заңнаманы жетілдіру және дамыту, қоғамдық денсаулық сақтау жүйесін дамыту, еліміздегі медициналық білім беру мен ғылымды, электронды денсаулық сақтауды жетілдіру, медициналық көмек көрсетудің сапасы мен тиімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесіндегі қолданыстағы заңнаманы жетілдіру.
Жаңа кодексті əзірлеу барысында басты бағыттар ретінде Қазақстанның 2025 жылға дейінгі Стратегиялық жоспары, Қазақстанның əлемнің 30 дамыған елінің қатарына қосылу жəне «Қазақстан-2050» Стратегиялық даму жоспары басшылыққа алынған.
«Заң жобасын денсаулық сақтау жүйесінің стратегиялық бағыттарын жетілдіру мен дамытуға бағытталған бірнеше негізгі блоктарға шартты түрде бөлуге болады. Біріншісі – қоғамдық денсаулық сақтауды дамыту, екіншісі – медициналық көмек көрсету жүйесін жетілдіру, үшіншісі – денсаулық сақтау саласындағы білім беру мен ғылым қызметін жетілдіру, төртіншісі – фармацевтикалық қызмет және дәрі-дәрмек айналымы саласында жасушалық биотехнологиялар саласындағы қызметтің құқықтық негіздемелері берілетін болады. Бесіншіден, ағымдағы жылы интероперабильділік платформасын іске қосу жоспарланып отыр, бұл барлық медициналық ақпараттық жүйені кезең-кезеңімен интеграциялауға және халықтың электронды денсаулық сақтау паспорттарының бірыңғай банкісін іске қосуға мүмкіндік береді. Алтыншы – жергілікті атқарушы органдардың бірінші кезекте халыққа амбулаторлық-емханалық көмек көрсетудің тиімді ұйымдастырылуын қамтамасыз ету үшін жауапкершілігін күшейту жоспарлануда. Жетіншісі – медициналық кадрлардың тапшылығын төмендету мақсатында жергілікті жерлерде 2019 жылдан бастап мемлекеттік грант бойынша оқыған бітірушілердің өңірлердегі міндетті үш жылдық жұмыспен өтеуі енгізіледі. Денсаулық сақтау саласындағы адами ресурстарды басқарудың осы және басқа да мәселелері Кодекстің жобасында ескерілетін болады», дейді вице-министр А.Цой.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, адам денсаулығының бар болғаны 10 проценті ғана денсаулық сақтау жүйесімен байланысты, ал одан басқа бөлігі адамның өз жеке басының жағдайына қатысты екен. Яғни денсаулық жағдайы адамның өмір салты, оның ішінде ақпараттық ортасы, таңдау құқығы, әлеуметтік мәртебесі және қолжетімділік мүмкіндіктері, тағы басқа да адамның өмір сүру ортасымен, болмысымен қалыптасады. Демек қоғамдық денсаулық сақтау саламатты өмір салтын, дұрыс тамақтануды, созылмалы инфекциялық емес аурулардың алдын алу шараларын насихаттауға бағытталады.
Қазірдің өзінде ел Үкіметі қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің үлгісін мақұлдады, бұл оның институционалдық дамуына және медициналық-санитарлық алғашқы көмекпен бірігуіне мүмкіндік береді. Қабылданған үлгі шеңберінде мемлекет ДДСҰ белгілеген барлық он негізгі оперативтік функцияларды жүзеге асыруға міндеттеледі. Қоғамдық денсаулық сақтаудың негізгі функцияларының бірі – адамдардың денсаулығына жауапкершілігін арттыруға және адамдарға сау болуына көмектесуге бағытталған ақпараттандыру жұмыстары.
Бүгінгі таңда адамдар интернеттің арқасында өз денсаулығы туралы хабардар бола алады. Адамдардың денсаулығы мықты болуы үшін барлық заманауи және инновациялық ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалануға барынша әрекет жасалуда. Қазақстанда сондай-ақ қоғамдық денсаулық сақтау аясында жаңа нарықтарды қалыптастыру мақсатында мемлекеттік және жеке сектор арасындағы серіктестік дамуда. Елімізде іске асырылып жатқан денсаулық сақтауды дамыту бағдарламалары ауруларды емдеу және алдын алуда кешенді тәсілді қамтамасыз етеді және денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған. Осыған орай халық денсаулығының, мысалы, ана, нәресте, баланың өмір сүру ұзақтығы және жалпы өлім-жітімнің статистикалық көрсеткіштерінің дәйекті жақсаруы байқалады.
Мәліметке сүйенсек, бүгінде қазақстандықтардың жалпы өмір сүру ұзақтығы 1,85%-ке (1,3 жыл) артып, 72,95 жасқа жетті. Ал өткен жылы алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандарының саны 6%-ке артқан. Медициналық ұйымдардың 96%-не медициналық ақпараттық жүйелер енгізілген. Сондай-ақ халықтың қалыптасқан электронды паспорттарының саны 11 миллионнан астам бірлікті құрады. Ал 2020 жылы халық 100 процент электронды денсаулық паспортымен қамтамасыз етіледі деп жоспарланған. Сонымен қатар биыл 3,5 млн адам тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді.
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» заң жобасы осы қол жеткізілген жетістіктерді сақтауға және дамытуға, денсаулықты сақтау мәселелерін шешуге бағытталады, сондай-ақ саланың жоспарлы және пәрменді дамуының негізі болады деп күтіледі. Тағы бір айта кетерлігі, қазірдің өзінде министрлік Кодекстің жобасын барлық алаңда мүдделі тараптармен талқылауға дайын. Кодекс жобасымен Денсаулық сақтау министрлігінің mz.gov.kz сайтында танысуға және ұсыныстарды кері байланыста болу үшін Kodeks_zdorovya_RK@mail.kz электрондық мекенжайына жіберуге болады екен. Сондай-ақ қазіргі кезде Кодекс тұжырымдамасының жобасы тәуелсіз сарапшыларды, ҮЕҰ мен БАҚ-ты тарта отырып, жұмыс топтарында қаралуда.
Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»