• RUB:
    5.49
  • USD:
    477.14
  • EUR:
    521.28
Басты сайтқа өту
Қазақстан 04 Қыркүйек, 2018

Сенат комитетінде байқоңырлықтарға дәрігерлік көмек көрсету тәртібі туралы құжат қаралды

261 рет
көрсетілді

Парламент Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында «2009 жылғы 17 қарашадағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Ресей Федерациясының «Байқоңыр» кешенін жалға алу жағдайында Байқоңыр ғарыш айлағының персоналына, Байқоңыр қаласының, Төретам және Ақай кенттерінің тұрғындарына медициналық қызмет көрсету тәртібі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды.

Хаттамаға 2017 жылғы 9 қарашада Челябинск қаласында мемлекеттер басшыларының қатысуымен өткен Қазақстан мен Ресейдің Өңіраралық ынтымақтастығының ХІV форумының барысында қол қойылған болатын.

Қазіргі кезде қолданыстағы келісім аясында қазақстандық азаматтарға, Байқоңыр қаласының 48 мыңнан астам тұрғынына медициналық көмекті Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес ресейлік медициналық ұйымдар ғана көрсетеді.

Қазақстанда көрсетілетін медициналық көмектен айтарлықтай өзгешеліктер болуына байланысты біздің азаматтарымыз Қазақстанның заңнамасына сәйкес кепілдік берілген медициналық көмек көлемін, тегін дәрілік құралдар мен медициналық мақсаттағы бұйымдар алу, профилактикалық медициналық (скринингтік) тексерулерден өту құқығымен қамтамасыз етілмеген. Байқоңыр қаласының тұрғындары Қазақстанның барлық өңірлерінде қолжетімді жоғары мамандандырылған медициналық көмекке қол жеткізе алмауда, бұл мүгедектікке және өмір сапасын төмендетуге алып келетін келеңсіз жағдайлар қаупін ұлғайтып отыр.

Заң жобасын қабылдау Хаттамаға сәйкес Қазақстан Республикасының Байқоңыр қаласында, Төретам және Ақай кенттерінде тұратын азаматтарына Қазақстанның ұлттық заңнамасына сәйкес еліміздің денсаулық сақтау субъектілерінің медициналық көмек көрсетуі мәселесін реттеуге мүмкіндік береді.

Заң жобасын қабылдау теріс құқықтық және әлеуметтік-экономикалық салдарларға алып келмейді, оны іске асыру барысында мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржы шығындары болмайды.

Заң жобасы Палатаның қарауына жіберілді.