Алматыдағы зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана қызметкерлері қала маңында тұратын мүмкіндігі шектеулі жандарды қажетті кітаптармен қамтамасыз етуде жүйелі жұмыстарды жолға қойған. Әр аптаның сәрсенбі күндері кітапхана мамандары белгілі мекенжайлар бойынша тапсырыс берілген әдебиеттерді оқырмандарға жеткізіп тұрады. Бүгінде кітапхананың оқырмандары 2 мыңнан асатын болса, үйден тапсырыс беріп оқитындар саны – 45.
Сәрсенбідегі кезекті іссапар барысында кітапхананың директоры Асхат Байұзақов пен кітапхана қорын сақтау және абонемент бөлімінің меңгерушісі Айым Мұсабекова оқырмандармен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдап, тиісті әдебиеттерді үлестірді.
Кітапты үйге жаздыртып алып оқитын оқырмандардың бірі – Нелли Бабина жасының келгеніне қарамастан, кітап оқудан қол үзбеген жан. Осы жолы «Сварог», «По ту сторону льда», «Я очень хочу жить» және жануарлар әлеміне қатысты кітаптарға тапсырыс берген екен. Наталья Саяпина да тұрақты оқырман ретінде поэзия, проза, әскери тақырыптағы әдебиеттерді үзбей оқып тұрады. Оқитын кітаптарын үйге дейін жеткізетін кітапхана қызметкерлеріне алғысы шексіз. Валентина Сахбаева да кітапхананың ұзақ жылдан бергі тұрақты оқырманы. С.Мұқановтың «Ботагөз» романын және С.Есениннің өлеңдері мен поэмаларын оқып шықпақ ниетте.
Палина Манушина үшін де кітап оқу үлкен ғанибет. Жасы жетпістен асса да уақытының басым көпшілігін кітап оқып, немерелеріне арнайтын ол кітапхана қызметкерлері келгенде бір мәре-сәре болып қалатыны бар. Ал Өтеген батыр кентінде тұратын Наталья Наумчак кейіннен зағип болған жан. Кітапхана қызметкерлерін ерекше көңіл-күйде қарсы алған Наталья Васильевна «Менің қазақ тілін үйренгім келеді» деп бастады әңгімесін. Өз ортасында хорға қатысатын жан үшін тіл білмегендігінен ұжыммен дидарласу қиынға соғуда. «Тілді смартфон арқылы игеруге болады. Телефоныма арнайы бағдарламаны жүктеп алдым. Бірақ ол үшін смартфонды қалай пайдалану қажеттігін үйренуім қажет», деді. Қызу әңгіме барысында талап білдірушілер болса Брайль қарпіне де үйретер едім деген ұсынысын білдірді.
«Ұсынысыңызды жергілікті әлеуметтік сала мамандарына жеткізіп, компьютер, смартфонды үйренуіңіз үшін кітапханаға келуіңізге көмектесуге тырысамыз», деді оқырман тілегін құптаған кітапхана директоры. Кітапхана мамандарының бір күнгі жұмысы тиісті мекенжайларға кітап таратумен жалғасын тапты. Осы күні оқырмандарға Ғ.Мүсіреповтың «Өмір жорығы», Ю.Семеновтың «Дипломатический агент», В.Шукшиннің әңгімелер жинағы, Д.Рубинаның «Цыганка», Е.Гайваровскаяның «Наследство» сияқты кітаптары СД дискке, таспаға жазылып, Брайль қарпінде үлестірілді.
Көзі көрмегенімен кітап оқуды өмірінің бір бөлшегіне айналдырған мүмкіндігі шектеулі жандардың белсенді, көңілді әрі зерек екендігі олардың әрбір сөзі мен іс-қимылынан аңғарылады. Мынау әлемнің көріністерін өз қалпында көре алмағанымен, ішкі түйсігімен қабылдап, айналасындағыларға ерекше күш-жігер сыйлайтындай әсер береді. Оқыған әдебиеттері арқылы таным-түйсігін ғана дамытып қоймай, кітап оқуға уақыты жетпей жүрген айналасындағы жақындарымен бөліскенді ұнатады. Ерік-жігері шыңдалған зағип жандар заман ағысынан қалыспай, жаңашылдықтарды да дер кезінде меңгергісі келеді. Күнделікті жаңалықтарды есту арқылы және қағаз бетіндегі бедерлі нүктелермен танитын зағиптар үшін кітап, газет оқудың маңызы зор. Бүгінде кітапханада республика аймақтарына тегін таратылатын Брайль қарпіндегі «РБНСГ-Вести» және «Менің жолым» – «Мой путь» дыбысты газеттері жарық көріп тұрады.
Кітапхана директоры Асхат Құсайынұлы бүгінде қазақ тілді кітаптарды көптеп шығару қажеттілігін алға тартты. Оқырмандардың екі тілдегі әдебиеттерге де сұранысы зор. Кітапхана қоры жыл сайын толықтырылып отырады. Бүгінде онда 250 мыңға жуық кітап пен басылымдар бар дегенімізбен де, соңғы жылдарда көптеп жарыққа шығып жатқан жас авторлар еңбектерін, қазақ тілінде шығып жатқан басқа да қызықты басылымдарды Брайль қарпінде шығару талабы туындап отыр. Орыс тіліндегі кітаптар Мәскеу және Петербордан жеткізілетін болса, елімізде қазақ тіліндегі кітаптарды басатын өндіріс орындары кемде-кем.
Ал Брайль қарпімен қазақ тілінде шығатын кітаптар аталған кітапханада зағиптар қолымен жасалса, бұл бағыттағы жұмыстарды жетілдіру мақсатында зағиптар қоғамымен байланыстар жалғасын табуда. Заман талаптарына орай зағиптардың сұранысын өтеу уақыт күттірмейтін мәселе. Осы тұрғыдан алғанда кітапханада «Daisy» форматындағы кітаптарды жасау, редакциялау жұмыстары, яғни арнайы студияда дыбыс арқылы жазылатын диск-кітаптарды жазу жұмыстарының өзіндік ерекшелігі бар. Дыбыстау жұмыстарына сырттан мамандар шақырылатындықтан, дыбыс ырғағына талғам жоғары. Жазылған дыбыс пен кітап мазмұнының үйлесімі оқырман-тыңдаушының көңілінен шығатындай болуы керек.
Кітапханадағы тағы бір тоқталып өтетін мәселе, компьютер, смартфон тілін зағип жандар аса құлшыныспен игеруде. Техника тілін меңгеруге баулитын мамандар құрамы да зағип жандардан құралған. Бүгінде кітапханада жұмыс істейтін қызметкерлердің 20%-ін зағиптар құрайды.
«Кітапханашының міндеті оқырманға кітапты жеткізу болса, оқыту, үйрету мәселесіне әлеуметтік сала мамандары қолдау көрсетуі қажет. Зағип жандар да қоғамның ерекше қамқорлығына зәру тобы болғандықтан, олардың сұранысына жауап беріп отыру кез келген өркениетті елдің үлгісі», дейді Асхат Құсайынұлы.
Кітапханада сонымен қатар көру қабілетінен жүре айырылған балаларды психологиялық қолдау кабинеті жұмыс істейді. Арнайы сабақтарда мамандар олардың әлеуметтік ортаға, яғни қоғамдық орындарда еркін жүріп-тұруы үшін әртүрлі кедергілерді, дыбыстарды ажыратуға бейімдеуі қажет.
Зағип жандар қоғамның белсенді мүшесі ретінде кітапхана қабырғасында өтетін «Ашық есік» күндеріне мәдени, спорттық шараларға белсене қатысады. Ал кітапхананың бұл бағытта қолға алған жұмыстары өз алдына бір бөлек.
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ