Осыдан 20 жыл бұрын Алматыда ТМД-ның Мақсаттары мен қағидаттары туралы декларация қабылданған болатын
Құрылымның туу тарихы
1991 жылдың күзіне таман КСРО-ның бұрынғы күйінде қалпына келмейтіндігі іс жүзінде белгілі болды. Бұл уақытта дербестігін алған республикалардың халқы тәуелсіз ел атанудың эйфориясына әбден мастанып, КСРО-ны қайта тануды ойларына да алмайтыны іс жүзінде белгілі еді. Оларды кері қайтару тек әскери күш қолдану амалымен ғана іске асырылатын жұмыс-тын. Бірақ күш қолданудың тиімсіз екендігі, оның халықаралық қоғамдастық тарапынан қатты сыналатындығы Балтық жағалауы республикаларын қайтаруға талпыныс барысында айқын көрінген. Күш қолдану тіпті азамат соғысы ошағын тудыруы да мүмкін еді. Оның үстіне бұл уақытта КСРО-ның орталық өкіметінде әскерді қолданып, елдің тұтастығын сақтайтын қауқар да қалмаған болатын. М.Горбачев «біздің қолымызда елдің тұтастығын сақтайтын барлық тетіктер бар» дегенді қайталап айта бергенімен, іс жүзінде оның қолынан бәрі де сусып кеткендігі көрініп тұратын. Оның үстіне Ресей Федерациясындағы нақты билік өз қолына шоғырланған Б.Ельцин М.Горбачевтің ықпалымен жүретін және оған бағынғысы келген адам емес-ті. Керісінше, ол Горбачевтің билігін мойындамай, құрық әкетіп, асаусып жүретін. Сөйтіп, КСРО-ның болашағы барынша бұлыңғырланып тұрған кез еді ол. Әрине, елдегі империяшыл күштер тізеге салып, қолда бар мүмкіншіліктермен КСРО-ны сақтауды талап етіп-ақ бақты, ал бұл уақытта, халықтың басым көпшілігінің қолдауына ие болып, әбден күшіне мінген демократияшыл бағыттағы жұрт ондайға жібермеуге тырысты. Елдің ішіндегі саяси дағдарыс осылай, шегіне жетіп тұрған тұста Ресей Федерациясының Президенті Борис Ельцин Белоруссияға ресми сапармен барған. Осы күні белгілі болған ақпараттарға қарағанда, бұл сапардан жұрт ешқандай ерекше оқиға күтпеген-ді. Бірақ мәселе, түрлі ойлар мен барынша батыл саяси болжамдардың күткенінен әлдеқайда асып түсіп, дүние жүзі қоғамдастығы көлеміндегі күрделі оқиға болып шықты. Сөйтіп, осында ұлы өзгерісті тудырған дүниежүзілік маңызы аса зор тарихи оқиға болды. ...1991 жылдың 8 желтоқсанында Беларусь Республикасының сол кездегі басшысы, Жоғарғы кеңес төрағасының Беловеж орманындағы Вискули атты үкіметтік резиденциясында Ресей президенті Борис Ельцин, Украина президенті Леонид Кравчук және Беларусь президенті Станислав Шушкевич – үшеуі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру жөніндегі келісімге қол қойды. Осы келісімге қол қоюшылардың бірі С.Шушкевичтің айтуына қарағанда, мұндай құжатқа қол қою алдын ала ойластырылмаған екен. Келісімде КСРО-ның халықаралық құқықтың субъектісі ретіндегі заң күші бар құқы тоқталатындығы жарияланып, өз халықтарының саяси, экономикалық, мәдени, білім беру, денсаулық сақтау, қоршаған ортаны қорғау және т.б. салаларда өзара тең құқылы және пайдалы ынтымақтастықтарды дамытатындығы атап өтілді. Әрине, КСРО-ны 1922 жылғы 30 желтоқсанда құрушы құрылтайшылар ретінде Ресей, Беларусь және Украинаның мұндай құжатты қабылдау құқысы болған (Бірақ онда төртінші республика, яғни кейін Әзербайжан, Армения, Грузия республикаларына бөлініп кеткен Қап тауында құрылған ЗСФСР де болған еді. Бірақ ЗСФСР-дің ізбасары ретінде олардың бірі де сол сәтте болмағандығына ешкім назар аударған емес). Сонымен бірге, ТМД-ны құру құжатында оның қатарына КСРО-ның құрамында болған басқа республикалардың да енуіне жол ашық деп жазылды. Сөйтіп, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру туралы алғашқы келісімге 1991 жылдың 8 желтоқсанында қол қойылды. ТМД құрылғаны туралы осы келісімді Б.Ельцин АҚШ президенті Д.Бушқа, ал С.Шушкевич М.Горбачевке хабарлайды. Алғашқысы мұны қуанышпен қабыл алса, соңғысы, әрине, қатты күйзеліспен естиді. КСРО-ның тарих сахнасынан мүлде кеткендігі туралы хабарды қабылдауға барлық халық бірден сене алмады. Әлі де бір өзгеріс болар, мызғымастай болып көрінген империя бір-ақ сәтте, бір оқ шығармай жоқ болуы мүмкін емес деген секілді күпті ойлар көп еді. Дәл сол күндері Мәскеуде болған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа журналистердің «енді Горбачевтің күні не болады, ТМД-да ол қандай қызмет атқарады деп ойлайсыз?» деген сұрағы да осындай ойлардан төркіндейтін. Ал Н.Назарбаевтың «ТМД-да енді Горбачевке орын жоқ» деген сөзі КСРО-ның іс жүзінде тарағандығын дуалы ауызбен айқындаған кесім болған сияқты көрінді. Көптеген халық, КСРО жанашырлары осы сәттен бастап қана оның тарих сахнасынан шынымен кеткеніне көз жеткізе бастағандай еді. Беловеж орманында болған кездесуге Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың да шақырылғандығы туралы Б.Ельцин де, басқалар да өздерінің мемуарларында жазды. Бірақ, Н.Назарбаев Белоруссияға бармаған. Осы оқиғаға қарамай, славян республикалары мұсылмандық Шығысты жалғыз тастап, КСРО-дан өз алдына бөлініп шықты деген дақпырттар қаптап берді. Енді мұсылман республикалары да өзара бірігулері керек деген алыпқашпа әңгімелер КСРО республикаларын конфессиялық және этностық айырмашылықтарына қарай бір-біріне қарсы қойып, жағдайды ушықтыруға тырысты. Осы кезде барынша салиқалы саяси ұстаным керек болды. Қазақстан мен Орталық Азия республикаларының басшылары болған оқиғаны талдап, ортақ шешімге келу үшін Ашғабад қаласына жиналды. Мұнда олар ортақ ұстаным танытып, ТМД-ны бұрынғы КСРО-ның тұтас аумағында құру туралы келісімге келді. Қазақстан Президенті Н.Назарбаев КСРО-ның барлық республикаларының басшысын 21 желтоқсанға Алматыға ТМД құру туралы келісімге қол қоюға шақырды. ТМД-ны құру туралы құжатқа қол қою үшін Алматыға КСРО-ның құрамында болған 11 республиканың басшылары жиналды. Балтық бойындағы үш республикадан басқа оның құрамына енуден Грузия басшылығы бас тартты. Қалғандары тегіс жаңа ұйымды қолдап, қол қойды. Сөйтіп, КСРО құрамында болған елдердің өзара ынтымақтастығын реттеуді мақсат еткен халықаралық аймақтық ұйым ретінде ТМД Қазақстанның сол кездегі астанасы Алматы қаласында тұсауын кесті. Ұйым шеңберіндегі елдердің іс-әрекетін үйлестіруді реттейтін Достастықтың ең үлкен органы – Мемлекет басшыларының кеңесі мен Үкімет басшыларының кеңесі де осында құрылды. Сонымен қатар өз аумақтарында КСРО-ның ядролық арсеналын сақтап келген Қазақстан, Ресей, Украина және Беларусь мемлекеттерінің басшылары оларға қатысты Бірлескен шаралар туралы келісімге қол қойды. Сөйтіп, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы алғаш рет Қазақстанда 1991 жылғы 21 желтоқсанда іс жүзіндегі өз әрекетін бастады. Ол посткеңестік кеңістікте бұрынғы КСРО құрамына енетін республикалардың өз тәуелсіздігін құру жолындағы үдерісін аяқтап, оларды іс жүзіндегі дербес мемлекеттерге айналдырды. Алматы Декларациясын барлық республикалардың парламенттері де бірден бекітті. Ең соңғылар болып 1993 жылдың 24 қыркүйегінде Әзербайжан және 1994 жылдың 8 сәуірінде Молдова парламенттері ратификациялады. ТМД ұлттық көлемнен жоғары құрылым емес және оның құрамына ену әркімнің өз еркінде. Міне, биыл оның әлемдік қоғамдастықтың табалдырығын аттағанына 20 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде ол КСРО-ның бейбіт жолмен ыдырау барысындағы өзінің аса қажетті құрылым болғандығын көрсетті. Біз төменде оның қилы-қилы тағдырына қысқаша шолу жасап өтпекпіз.ТМД-ның қадамдары
ТМД-ның өмірге келуінің бірінші күнінен бастап Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев оны барлық тараптарға да тиімді экономикалық интеграциялық құрылымға айналдыруға күш салды. 1992 жылғы ТМД туралы айтқан сөзінде-ақ ол: «Мен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығындағы мемлекеттердің күштерін біріктіруінен, Достастық шеңберінде Еуропа Одағының құрылымдарына сәйкес келетін ұлттық көлемнен тыс үйлестіру құрылымын құрудан үмітімді үзбеймін. Өйткені, оларсыз Достастық дегеніміз бос сөз, нақты мазмұны жоқ әдемі әшекей күйінде ғана қалмақ. Тарих көрсеткеніндей, империялардың ыдырауында объективтік сипат бар. Алайда, дүниежүзілік бірлестіктің интеграциясын тереңдете түсуге кедергі жасауға тырысу – тарихтың дөңгелегін кері айналдыруға әрекет жасаумен пара-пар», деген еді («Тәуелсіздігіміздің бес жылы», А., «Қазақстан», 1996, 43 б.). Қазақстан Президенті өзінің осы ұстанымынан ешқашан тайып көрген емес және оның экономикалық интеграциялық құрылымдар жасау туралы идеялары сатылап іске асып жатыр. Өмірдің өзі олардың қажеттілігін қатысушылардың бәріне тәжірибе жүзінде көрсетіп берді. Шүу дегенде ТМД-ның өзіне күдікпен қарап, оның тәуелсіздік мұраттарын шектеуінен қауіптенген елдер де қазір экономиканы интеграциялаудың озық әдіс екенін мойындап келеді. ТМД-ның құрылуы оңай іс болмаса, қалыптасу, даму қадамдары да күрделі сындарға ұшырап отырды. Әуелі, 1992 жылы Молдова мен Грузияда ұлтаралық қақтығыстар орын алды. Осы екі елдің басшылары да ұлтаралық қақтығыстарды реттеуге саяси көрегендігі мен ерік-жігерлерінің әлсіз екендігін көрсетіп алды. Алақандай Молдовада орыс, украин тұрғындары тығыз қоныстанған Днестр өзенінің сол жағалауында 1991 жылдың аяғында Приднестровье республикасы пайда болды. Ешкім танымаса да іс жүзінде ол әлі күнге өз алдына дербес мемлекет болып отыр. Грузияда ұлттық саясатты әділетті жолмен дұрыс жүргізе алмаудың салдарынан Абхазия мен Оңтүстік Осетияда осы күнге дейін созылып келе жатқан кикілжіңдер пайда болды. Грузияның бұл аймақтары 2008 жылдан бері тіпті Ресей Федерациясы таныған дербес мемлекеттер ретінде өмір сүріп отыр. Осының өзі 1993 жылы ТМД-ның қатарына кірген Грузияны бұл ұйымнан 2009 жылы қайтадан шығуға мәжбүр етті. ТМД-ның алғашқы жылдарындағы мемлекет басшыларының саммиттері көбінесе ұйымдық мәселелермен ғана шектелетін. Соның ішінде, Алматыдан кейін, 30 желтоқсанда Минск қаласында болған кездесуде Мемлекет басшылары мен Үкімет басшылары туралы уақытша келісімге қол қойылды. Онда әрбір қатысушы мемлекет бір дауысқа ие болатындығы, ал шешім консенсус тәртібімен қабылданатыны айтылған. Сонымен бірге, осы кездесуде әскери күштер мен шекаралық әскерлер туралы да келісімге қол жеткізілді. Ұйымдық шаралар кезеңі 1993 жылғы Минскідегі кездесуде ұйымның жарғысын қабылдаумен аяқталды. Барлық қиын жағдайда да Қазақстан Президенті ТМД-дағы әріптестеріне өзара интеграцияның тиімділігін дәлелдеумен болды. Оның бастамасымен 1994 жылы Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан республикалары арасында Біртұтас экономикалық кеңістік (БЭК) құрылды. Нұрсұлтан Әбішұлы оның интеграциялық үдерістерін негізгі үш кезеңге бөлген еді: 1.Сауда одағы; 2.Қаржы-валюталық және экономикалық одақ; 3. Әскери-саяси одақ; Осы құрылым туралы ойларымызды тұжырып, оның кейінгі тағдырын да айта кетелік. Әуелде жақсы ниетпен құрылған ұйым қатысушы мемлекеттердің ішкі жағдайындағы түрлі кедергілердің кесірінен тиімді жұмыс істей алмады. 1998 жылы оның құрамына Тәжікстан да қосылған еді, сол кезден бастап ол Орталықазиялық экономикалық қауымдастық (ОЭҚ) деп аталды. Ал 2002 жылы ол Орталық Азия ынтымақтастығы (ОАЫ) болып өзгертілді. 2005 жылы ЕурАзЭҚ қосылып, бір ұйымға айналды. Жалпы, ең маңызды мақсаты Арал теңізін құтқару болып құрылған ұйым бірқатар жақсы шараларды да іске асырғанын айта кету керек. Соның ішінде ұйым шеңберінде Аралды құтқару жөніндегі халықаралық қор құрылды. Ол БҰҰ тарапынан да қолдау тапты. Ұйымның негізгі мақсаттары қатарына саяси, экономикалық, экологиялық және басқа да салалар қатарындағы ынтымақтастықтармен қатар, қатысушы мемлекеттердің ортақ экономикалық кеңістік шеңберіндегі дамуына қолайлы ықпал ету жатады. Сонымен бірге, ТМД елдері азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, өзара құқықтық көмек көрсету, таласты жағдай және кикілжің болған жағдайда оларды бейбіт жолмен шешу істері де ұйымның негізгі мақсаттары болып табылады. Ал сыртқы саяси іс-әрекетті үйлестіру, бірлескен экономикалық кеңістікте біртекті кедендік саясат ұстану, экономиканың түрлі салаларында, соның ішінде көлік және байланыс салаларындағы ынтымақтастық, адамдардың денсаулығы мен қоршаған ортаны сақтау, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес, қорғаныс саясаты мен шекараны күзетудегі ықпалдастықтар ұйымның бірлескен іс-әрекеттерінің басым бағыттары. Бірақ ТМД халықаралық ұйым ретінде қатарындағы қатысушы мемлекеттерін өзара тығыз қарым-қатынасқа ұйыстыра алмайды. Сондықтан да оның шеңберінде нақты істермен айналысатын және ықпалды күші бар интеграциялық құрылымдар қажет болды. Бұл туралы Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың 1992 жылы-ақ айтқанын жоғарыда келтірдік. Өмірлік тәжірибе Н.Назарбаевтың пікірін іс жүзінде дәлелдеді. Сөйтіп, ҰҚШҰ, ЕурАзЭҚ және онымен қанаттас Кеден одағы, Біртұтас экономикалық кеңістік, ШЫҰ сияқты ұйымдар өмірге келді. Ұжымдық қауіпсіздік шарты туралы ұйым (ҰҚШҰ) 1992 жылы қол қойылған Ұжымдық қауіпсіздік туралы келісімнің негізінде 2002 жылғы 14 мамырда Мәскеуде құрылған әскери-саяси ұйым. Қазір оның құрамына Қазақстаннан басқа Беларусь, Ресей, Қырғызстан, Армения, Тәжікстан, Өзбекстан сияқты алты мемлекет кіреді. Алдымыздағы жылы ол өзінің 10 жылдығын атап өтеді. Жуырда, Мәскеуде болған ҰҚШҰ саммитінде осыған байланысты жасалатын шаралар белгіленді. Оның қатарында Қазақстандағы ҰҚШҰ полигонын жарақтауды жетілдіру қарастырылған. Сондай-ақ осы кездесуде ҰҚШҰ-ға енетін мемлекеттер аумағына үшінші жақтың әскери нысандарын енгізу тек барлық мүшелердің келісімімен ғана мүмкін болатындығы келісілді. ТМД шеңберіндегі экономикалық интеграцияны тиімді жүргізіп келе жатқан ұйым ЕурАзЭҚ. Ол 1992 жылы келісілген, бірақ жұмыс істемеген Кеден одағынан бастау алады. 2000 жылы ол бес мемлекет – Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстанның қатысуымен құрылды. 2003 жылы оған БҰҰ Бас Ассамблеясының жанындағы байқаушы мәртебесі берілді. 2006 жылы ЕурАзЭҚ-тың құрамына Өзбекстан да енген еді, бірақ ол 2008 жылы өзінің қатысуын доғарды. 2006 жылғы ЕурАзЭҚ-тың мемлекетаралық кеңесінде Кеден одағы Қазақстан, Беларусь және Ресей арасында құрылатыны белгілі болды. 2010 жылдың желтоқсан айында ЕурАзЭҚ-тың саммитінде Кеден одағы құрылғаннан кейін Біртұтас экономикалық кеңістік негізінде 2015 жылы Еуразиялық одақ құру туралы келісім жасалды. 2012 жылдың 1 қаңтарынан БЭК өз күшіне енеді, осыған байланысты ЕурАзЭҚ артық құрылымға айналып отыр. Жуырда болған Мәскеу саммитінде ол болашақта жойылатындығы жарияланды.Соңғы жылдары ТМД-ның тиімділігі туралы сын пікірлер көп айтылды. Соның ішінде 2004 жылы РФ Президенті болған кезінде В.Путин оны реформалау қажеттігі туралы пікір білдірген. Болмаса бұл ұйым өзінің қажеттілігін жояды, деді ол. Одан әрі 2005 жылы ол ТМД тек КСРО-ның бейбіт жолмен тарауына ғана қызмет ете алды, қалғаны «бос әңгіме» деген сөздер де айтты. Осындай сындар көп айтыла берген соң Қазақстан Президенті Н.Назарбаев 2006 жылы ТМД-ны реформалаудың өз нұсқасын жасап, оның қажеттілігін әріптестеріне мойындата алды. Оның ұсынған реформалары бойынша Ұйым келісілген миграциялық саясат жүргізу, біртұтас көлік коммуникациясын дамыту, ғылым-білім және мәдени-гуманитарлық саладағы өзара ықпалдастық, трансшекаралық қылмысқа қарсы күрес бағытында ынтымақтасуы керек болды. Қазір осы бағыттардағы ынтымақтастықтар біршама жақсы жолға қойылған.
Жақсыбай САМРАТ._______________________
БЕЛОВЕЖ КЕЛІСІМІ: ОБЪЕКТИВТІ ҚАЖЕТТІЛІК ПЕ ӘЛДЕ...
Биыл Беловеж орманындағы келісімге 20 жыл толып, әлемнің саяси картасынан КСРО-ның кеткеніне де соншалықты уақыт болды. Оның дұрыстығы туралы қоғам күні бүгінге дейін бір тоқтамға келген жоқ. Социологтардың айтуына қарағанда, жыл өткен сайын империяның құлағанына өкінетін ресейліктер көбейіп келе жатыр екен. ТМД-ның құрылғанына 20 жыл толуына байланысты биыл көптеген кездесулер, форумдар, көрмелер, конференциялар мен семинарлар өткізілді. Соның бірі Душанбеде болған Мемлекет басшыларының кездесуі. Онда лидерлер ТМД туралы өздерінің нақты ойларын ортаға салды. Соның ішінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «...бір уақыттарда тек жалқау ғана ТМД-ны нашар жұмыс істейді деп сынамаған шығар. Ондай пікірлер қазір де жоқ емес. Біреулер ТМД өзін өзі толық ақтап болды, енді оны тарату керек деп те айтты. Осындай пікірлердің бәрін ескеріп, біз ТМД-ны осыдан бес жыл бұрын реформалауды қолға алған едік. Сол істеріміз оң өзгерістер жасауға мүмкіндік берді. Біз Достастықтың барлық органдарының бөлімшелерін оңтайландырып, жұмыстарын біршама жетілдірдік. Және бұл жұмыстарды одан әрі жалғастырамыз. Біз ТМД-ның жұмысында кемістік барын ашық айтуымыз керек, сонымен бірге, бірлескен жұмыстарымыздың жақсы нәтижелері барын да көрмеуге болмайды. ТМД-ны кім қалай бағаласа да біз Достастық шеңберінде өзіміздің тәуелсіздігімізді нығайтып, бүгінгі күнге аман жеттік. Осының өзі біздің Достастығымыздың атқарған ең үлкен ісі», деді. Сонымен бірге, мемлекет басшылары болашақта экономикалық интеграцияны тереңдетудің қажеттілігі туралы көп айтты. Адамзат тарихында тиімді жұмыс істеген интеграциялар қатарында Еуропалық Одақты алдымен ауызға алу керек сияқты. Әлемдегі ең үлкен қанқұйлы соғыс аяқталғанына 12 жыл өткенде бұрын бір-бірімен үнемі соғысып келген еуропалық мемлекеттер өз әлеуеттерін біріктіру туралы шешім қабылдады. Сөйтіп, 1957 жылы қарапайым кеден одағы және тауарлар мен қызметтің, капитал мен адам ресурсының ортақ рыногы ретінде Еуропалық экономикалық қауымдастық өмірге келді. Тиісті саяси ерік-жігер мен экономикалық мүдделіліктің арқасында іс қайнап берді.Ал енді кезінде одақтас болған ТМД елдеріне осындай жетістікке жетуге қандай кедергі бар? КСРО-ның кезінде солардың бәрі біртұтас болып, әлемдік рыноктағы бәсекелестікке төтеп бере алушы еді ғой. Бүтіннің мүмкіншілігі бөлшектен әрқашанда артық емес пе? Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың үнемі жариялап келе жатқан үндеулерінің түйіні де сол ғой. Ендеше... бір одақтың пайдасын көрген адамдар екінші одаққа аяқ басса несі айып. Еуразиялық одақтың болашағы зор болары күмәнсіз.
Сергей НИКОЛАЕВ, саясаткер.* * *
ТІЛМЕН АЙТЫП ЖЕТКІЗГІСІЗ ҚУАНЫШ ЕДІ
КСРО-ның тараған кезі менің көз алдымда дәл бүгінгідей тұр. Біз өнер адамдары болсақ та сол кезде саясатпен айналысып кеттік. Тіпті, Одақ көлемінде саяси жаңалықтарға құлақ түрмеген адам қалмаған шығар. Өйткені, барлық ақпарат құралдарынан мәдениет те, әдебиет те, өнер де, өндіріс те, тіпті спорт та шамалы уақыт қана көрсетіліп, қалған уақыттың бәрі саясатқа арналатын. КСРО-ның ендігі тағдыры не болар екен деген алаң көңілмен жүргенімізде «КСРО-ны сақтауға қалай қарайсыз, әлде тәуелсіз ел болуды жақтайсыз ба» деген сұрақтар көтеріп, референдум өткізген Украина халқының 90 пайыздан астамы тәуелсіздікті жақтап дауыс берді. КСРО құрамында жүргенімізде барлық саясат Украинаны жақсы жағынан көрсетуге тырысып бағатынын көзіміз көрген. Оның әндерін, киносын, поэзиясын орталық өкіметтің насихат құралдары үнемі басқаларға үлгі қылатын. Орыстар оларды «ең жақын туыс» деп санайтын және бұл туралы да жиі айтылатын. Сол сияқты Грузия да тек ұнамды жағынан насихатталатын. Басқа халықтардың акцентпен сөйлегенін ұнатпайтын орыс ағайындар грузин акцентіне қызығумен, тіпті сүйіспеншілікпен қарайтынын көзіміз көрген. Одақ көлемінде Украина мен Грузия елдің ең үлкен халқының еркетотайы болып саналды. Сөйтсек... Алдымен сол екі республика Одақты керек қылмаймыз деп шалқасынан түсті емес пе? Олай болса, Одақтағы өгей баланың күйін кешкен бізге не жорық? Тезірек тараса екен, тек тыныштықпен тынса екен деген сөздерді кездескен жерде бәріміз де бір-бірімізге айта беруші едік. Әрине, еліміздің солтүстігі мен шығысында басқа этностардың үлесі тым үлкен, әсіресе, сол аймақтарда тыныштық болса екен деп ойлайтынбыз. Сөйтіп жүргенде, Белоруссияның Беловеж орманында Ресей, Украина және Беларусь басшылары КСРО-ның өмір сүруін тоқтатып, ТМД деген ұйым құрыпты деген хабар дүңк ете қалды. Шынымды айтсам, мен КСРО-ның біржола кеткеніне сенген жоқпын. Жау да алмайтын, құдай да алмайтын монстр жойыла қоюы мүмкін емес шығар деп ойлайтынмын. Тіпті, бұрын кетіп қалған Балтық елдері мен Грузияны да қайтадан қатарға қосып алатын шығар деп жүруші едім. Сондықтан да теледидар жаңалықтарынан көз алмайтын болдық. Бұрын да солай еді, енді тіпті көз алмадық. Әйтеуір, ол кезде жаңалықтарды тоқтаусыз әрі өте жылдам беріп жататын. ТМД туралы құжатқа қол қойылар-қойылмастан РСФСР парламенті оны ратификациялап үлгерді. Дәл сол күні Кремльдің үстінде желбіреп тұратын қызыл ту түсірілді. Енді КСРО парламенті де ТМД-ны мойындап, өзін өзі таратып жатты. Бәрі де рас, бәрі де көрген түстей бір күнгідей болмай, зырлап бара жатты. 16 желтоқсанда Қазақстан да өз Тәуелсіздігін жариялады. Ол күнгі қуаныш, енді, сөзбен айтып жеткізгісіз еді ғой... Содан бері, Құдайға шүкір, міне, 20 жыл өте шығыпты... Еркін КӘСЕНОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.