Қазіргі таңда елімізде бас бостандығынан айырылған жандарды ұстайтын орындарға қатысты сыни пікірлер аз айтылып жүрген жоқ. Әсіресе, қамауда отырғандарға күш қолдану мәселесіне қатысты жайсыз ақпараттарды жиі естиміз. Бұл сөзімізді азаптауларды болдырмау жөніндегі Ұлттық алдын алу тетігінің аймақтық тобы да (ҰАТ) растай түсетіндей.
Мәселен, қамауда ұстау орындарынан сотталғандарға көрсетілетін қатыгез қарым-қатынасқа қатысты жиі түсетін шағымдарға байланысты Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің тапсырмасы бойынша азаптауларды болдырмау жөніндегі Ұлттық алдын алу тетігінің аймақтық тобы Алматы облысындағы бірқатар пенитенциарлық мекемелерге мониторинг жүргізіп, бірқатар келеңсіз жағдаяттарға көз жеткізген.
Нақтылай айтқанда, құрамында білікті мамандар мен медицина сарапшылары бар Ұлттық алдын алу тетігінің аймақтық тобы сотталғандарға қатыгез қарым-қатынас көрсету фактілерін анықтаған. Бұл фактілер тиісті құжаттармен дәйектелген. Тіпті, сотталғандардың бірі алған жарақаттарынан көз жұмған көрінеді.
Жалпы, Ұлттық алдын алу тетігінің Үйлестіру кеңесі бас бостандығынан айыру орындарындағы өкілеттіктерді теріс пайдалану ісін бірнеше рет қарастырған. Бұл мәселе Үйлестіру кеңесінің назарында тұрған түйткілдердің бірі болып отыр. Осы жағдаятқа байланысты аталған құрылым уәкілетті мемлекеттік органдарға тиісті шағымдар мен ұсынымдар жіберген. Дегенмен, жоғарыда аталған проблемалар әлі өзектілігін жойған жоқ, яғни айтылған мәселелер шешімін табар емес.
Осы арада аталған түйткілдерге байланысты Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мекемесі нақты фактілерді келтіре отырып, Бас прокуратураға қадағалау тәртібімен қарауға және тиісті жүйелік шараларды қабылдау үшін жүгінгенін де айта кеткеніміз орынды.
Негізінде, сотталғандармен дұрыс қарым-қатынас жасамау, пенитенциарлық жүйедегі мәдениеттің төмендігі және білікті мамандардың аздығы сотталғандарды қайта әлеуметтендіру, рецидивті қылмыстың өсуін болдырмау шараларына кері әсерін тигізбей қоймайды. Қалай десек те, пенитенциарлық жүйедегі келеңсіз жағдайлар Қазақстан Республикасы Президентінің құқық қорғау органдарын реформалау бойынша тапсырмасын орындауға теріс ықпалын тигізетін фактор болып табылады. Сондықтан жоғарыда айтылған мәселелерге барлық тиісті мемлекеттік құрылымдардың назар аударуы қажет-ақ.
Мемлекет басшысы алқалы жиындарда, түрлі басқосуларда халық сенімін арттыру қажеттігіне, ел сенімі бәрінен де қымбат екеніне үнемі назар аударып отыратыны белгілі. Осы орайда құқық қорғау органдары қызметінің ел көңілінен шығуы халық сенімін нығайту ісінде аса маңызды рөлге ие екені айтпаса да түсінікті.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»