Биыл Қытайдағы «Бір белдеу – бір жол» бастамасының жүзеге асып отырғанына тура 5 жыл толды. Осыған орай, Астанада Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымын арттыруға бағытталған бизнес-форум өтті. Шығыстағы көршіміздің делегациясын Қытай коммерция министрінің орынбасары Жэнь Хун Бин бастап келді.
Алдымен форум қатысушыларының назарына Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин жолдаған бейнеқұттықтау ұсынылып, онда Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастар қарқынды дамып келе жатқандығы айтылды.
Сауда айналымы – 10 млрд доллар
Бүгінгі таңда қытайлық компаниялар Қазақстанда түрлі салалар бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ынталы. Атап айтқанда, азық-түлік, автоөнеркәсіп, биотехнология, медицина саласында келіссөздер жасалады деген жоспар бар.
Қытай Халық Республикасы «Бір белдеу – бір жол» бастамасы негізінде 25 мемлекетпен тығыз қарым-қатынас орнатып, соның нәтижесінде өзара сауда-саттық көлемін 605 млрд долларға жеткізген. Бұл елдің Қазақстанмен арадағы сауда айналымы 10 млрд долларды құрайды. Бұған қоса, Қытай біздің экономикамызға мол инвестиция құйып отырған мемлекет. Соңғы он жылда көрші ел тарапынан инвестициялық жобаларға 15 млрд АҚШ долларынан астам қаражат тартылыпты. Әсіресе Қытай компаниялары еліміздегі индустрия саласына және ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға белсенділік танытуда. Өткен жылы екі ел арасындағы сыртқы сауда айналымының үлесі 30 проценттен асып, 10,5 млрд АҚШ долларын құраған болатын.
Жиында сөз алған Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Қазақстан мен Қытайдың бірлескен жобаларының арқасында 20 мың тұрақты жұмыс орны ашылатынын мәлімдеді.
− 5 жылдың ішінде біз бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске қостық. Бұлар: Ляньюньган порты, Қытаймен шекарадағы Қорғас құрлық порты, Каспий теңізіндегі Ақтау порты, Орталық Азия елдерін Парсы шығанағымен және Иранның оңтүстігіндегі Бандар-Аббас портымен қосатын, жалпы ұзындығы шамамен 900 шақырым «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» жаңа темір жол дәлізі, бір бөлігі Қазақстан аумағы арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзит дәлізі. Қабылданған шаралар Қытайдан Қазақстан арқылы Еуропаға 15 күнде жүк жеткізуге мүмкіндік береді, – деді министр.
Сонымен қатар Ж.Қасымбек индустрияландыру және инвестиция саласындағы ынтымақтастық аясында бірлескен қазақстандық-қытайлық жобаларды жүзеге асыру белсенді жүргізіліп жатқандығына тоқталды. Бұл бағытта жалпы сомасы 27 млрд доллардан асатын 51 жоба жүзеге асады деп күтілуде.
– Біз осы жобалардың есебінен шамамен 20 мың тұрақты жұмыс орнын құруды жоспарлап отырмыз. Қазірдің өзінде жүзеге асырылған жобалар бар, – деді Инвестициялар және даму министрі.
Оның айтуынша, Қазақстанда азық-түлік өнімдерін өндіруге айрықша назар аударылып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен өңдеушілерге мемлекеттік қолдау қарастырылған. Осыған орай, қазақстандық ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруші компаниялар мен қытайлық компаниялардың азық-түлік өнімдерін өндіру бойынша ынтымақтастықты арттыруда әлеуеті зор. Министр 2017 жылы экономика өсімінің жаңа моделін құру аясында «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қабылданғанын, төртінші өнеркәсіптік революцияның аясында 3D-принтер, онлайн-сауда, ұтқыр банкинг, цифрлы сервис, автоматтандыру, жасанды интеллект сынды элементтер енгізу көзделіп отырғанын жеткізді.
− Қазірдің өзінде елімізде Назарбаев Университет және Инновациялық технологиялар паркі сияқты инновациялық кластерлер жұмыс істейді. Жаңа Халықаралық ІТ-стартаптар технопаркі ашылмақ. Сондықтан біз қытайлық әріптестерімізді «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруға белсене қатысуға шақырамыз, – деді Ж.Қасымбек.
Инвестиция тартылатын салалар анықталды
Қытай Халық Республикасының Коммерция жөніндегі вице-министрі Жэнь Хунбиньнің айтуынша, «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында Қазақстан арқылы Еуропаға жеткізілетін жүктердің көлемі айтарлықтай өсіп отыр. Осы уақытқа дейін инфрақұрылым, кадрлық ресурстар, электронды сауда және тағы басқа салалар бойынша бірқатар құжаттарға қол қойылды.
− Қазір біз инвестицияны қорғау туралы жаңа келісім бойынша келіссөздерді бастадық. Бес жылдың ішінде өзара сауда айналымы өсті. Қытайдың жоғары теxнологиялық тауарлары Қазақстан нарығына шықты. Ал Қазақстан біздің елге астық экспорттаушылардың төрттігіне енді. Өткен жылы алғаш рет Қазақстанның табиғи газы Қытайға экспортталды. Біз энергетика, пайдалы қазбалар, xимия өнеркәсібі және тағы басқа салаларда ірі жобаларды қолға алдық. Қазақстан үшін Қытай коммерциялық кредиттердің басты арнасына айналды. Тараптар екіжақты операцияларды ұлттық валюталармен жүргізуді қарастырып жатыр, – деді Жэнь Хунбинь.
Оның айтуынша, бүгінде Қытайдың қаржы ұйымдары «Астана» халықаралық қаржы орталығының үлесіне кірді. Олардың инвестициялары 29 млрд долларды құрап отыр.
Жиында сөз алған CITIC Group Бас директорының орынбасары Чжан Юцзюнь, бес жыл бұрын Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға жасаған ресми сапарында «Бір белдеу – бір жол» идеясы ұсынылғанын, оның экономикалық мән-маңызы сол кезде айқындалғанын тілге тиек етті.
− Бұл жоба Қытай үшін жаңа тәжірибе деп айтуға толық негіз бар. Қазақстан Жібек жолы арқылы Батысқа шығатын алғашқы аялдама. «Бір белдеу – бір жол» жобасы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол» деп аталатын экономикалық саясатымен астасып жатыр, – деді Чжан Юцзюнь. Аталған компания мен қазақстандық мұнай саласындағы кәсіпорындар 2007 жылы «Қаражамбас» кен орнынан бірлесіп мұнай өндіру ісін қолға алған. Бұған қоса, екі елге ортақ «Сити-қазына» қоры құрылып, бүгінде оның қаржылық капиталы 800 мың долларға жеткен. Сонымен қатар биыл Қытай мен Қазақстан ассоциациясының 5-ші саммитінде астық өндіру, мал шаруашылығын, өсімдік майын өңдеу өндірісін дамытуға бағытталған ауқымды үш жобаның тұсауы кесілді.
Айта кетерлігі, 2014 жылға дейін біздің елге Қытайдан құйылатын инвестицияның басым бөлігі мұнай-газ саласына бағытталған-ды. «Бір белдеу – бір жол» жобасы іске қосылған уақыттан бері шикізаттық емес секторлардың дамығаны байқалады. Ұлттық стратегия агенттігі келтірген мәлімет бойынша, 2018-2020 жылдары Қазақстандағы тамақтану, мұнай өңдеу, агрохимия, машина жасау салаларына көптеп инвестиция тартылмақ. Бұл болжамда қытайлық инвесторлардың қызығушылығы да ескеріліп отыр.
Қытайдың CNPС Ұлттық мұнай-газ корпорациясы директорының орынбасары, Цинь Вэйчжунның айтуынша, аталған корпорация өндіретін шикі мұнайдың жылдық мөлшері 20 млн тоннаны құрайды. Бұған қоса, компания Қазақстандағы жаңартудан өтетін мұнай өңдеу зауыттарына үнемі қолдау көрсетіп келеді.
Ал COSCO Shipping корпорациясы бас директорының орынбасары Цзя Хэидың айтуынша, ауылшаруашылық өнімдерін өндірумен айналысатын кәсіпорын бір жылда 200 мың тонна ұн, 100 мың тонна күріш, 250 мың тонна өсімдік майын өңдеуге қабілетті. Таяуда құны жарты млн АҚШ долларын құрайтын келісімшартқа қол қойылып, соның нәтижесінде биыл Қазақстаннан Қытайға 150 мың тонна бидай мен 100 мың тонна күріш жеткізу көзделіп отыр.
Жиында Қазақстан мен Қытайдың бірлескен жобаларын қаржыландыруда түйткілді мәселелер де бар екені айтылды. Бұл жайында «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы төрағасының орынбасары Марат Бірімжанов баяндап берді. Оның айтуынша, қаржы ұйымдарының ортақ жобаларға қатысу көрсеткіші әлі күнге дейін төмен.
− Мәселен, бүгінде Қазақстанда Industrial and Commercial Bank of China (ICBC), China Development Bank (CDB) сияқты қытайлық банктер жұмыс істейді. Бұдан бөлек, Altyn Bank бар. Оның 60 процентін CITIC Bank сатып алды. Алайда аталған банктердің жарғылық капиталы көп емес. Сондықтан банктер ірі жобаларды қаржыландыруға қауқарсыз. Тіпті кәсіпорындардың айналма қаражатын да толықтыруға жағдай жоқ, – деді «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы төрағасының орынбасары. Тағы бір мәселе, қаржы ұйымдарының талаптары қатаңдап, акционерлер мемлекеттің кепілдігін сұрайды.
− Ескеретіні, Қытайдың экономикасында мемлекеттің рөлі орасан. Сол себепті олар біздегі жағдай да сондай деп ойлайды. Оған қоса, соңғы кездері Қытайда юаньды долларға айырбастау қиындап кетті. Қытайлық компаниялардың қаражаты толықтай юаньмен сақталған. Осыған байланысты юаньды теңгеге айырбастаудың тиімді клирингтік жүйесін ойлап табуымыз қажет, – деп атап көрсетті М.Бірімжанов.
Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-саттықты дамытудағы түйткілді мәселелер бизнес-форум аясында кеңінен қарастырылып, шешу жолдары ұсынылды.
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»