Сыртқы әлеммен байланыс орнатуда көпвекторлы саясатты темірқазық еткен Қазақстан АҚШ және Ресей елдерімен тығыз ынтымақтастықта. Қазіргі таңда аталған шет мемлекеттердің өзара қарым-қатынастары саласында орын алып отырған саяси-экономикалық кикілжіңдер мен түрлі деңгейдегі дау-дамайлар еліміздің олардың әрқайсысымен орнатқан екіжақты байланыстарына салқынын тигізе қойған жоқ.
Бүгінгі Қазақстанның сыртқы саясаттағы жетістіктері еліміздің заман талабына сай өркендеуімен, әлемдегі озық құндылықтар мен игіліктерді тиімді пайдалануымен, барлық елдермен екіжақты және көпжақты тығыз байланыс орната білуімен, беделді халықаралық ұйымдарға толыққанды мүше бола отырып, өз мүддесі үшін нақты қадамдар жасауымен өлшенеді. Осы орайда еліміздің АҚШ, Ресей, әлемнің өзге де мемлекеттерімен стратегиялық әріптестігінің маңызды рөл атқарғаны анық. Сондықтан да біз бұл тиімді әріптестіктің өміршеңдігін, оның іргесі шайқалмауын қалаймыз.
АҚШ-Ресей қарым-қатынастары шеңберіндегі бүгінгі тартыстар мен мүдделер қайшылығынан туындаған жанжалдардың жалпы мазмұны мен сыртқы және ішкі сипатын біржақты көзқараспен бағалау қиын. Өйткені олардың арасындағы қалыптасқан жағдайдың астарында жатқан тараптарға тиесілі аса маңызды мемлекеттік құпиялар мен бір-бірінің жүйкесіне тиюді мақсат еткен жасырын іс-қимылдар, белгісіз ағыстар орын алған түйткілдерге қатысты түрлі жорамалдар жасауға мүмкіндік бергенімен, «пәлен» деп нақты тұжырымға келуді қиындатпай қоймайды.
Десек те, ресейлік арнайы органның бұрынғы қызметкері Сергей Скрипальдің және оның қызының Солсбери қаласында (Ұлыбритания) химиялық және биологиялық затпен улануы себебінен тұтанған АҚШ-Ресей қатынасындағы жаңа кикілжіңнің бүгінгі барысы жөнінде аз-кем сөз етейік.
АҚШ-тың Ресейді Скрипаль ісіне қатысты жауапкер деп тануы, Кремльдің мұны жала ретінде қабылдауы түрлі саяси мәлімдемелерге өзек болып әрі тараптардың бір-біріне деген өшпенділігін өршітіп тұр. АҚШ ескі әдетіне басып, санкция салу тәсілін қару ретінде қолдануда. Қарсыласын санкция сарсаңына салып тұқыртуда мол тәжірибесі бар Ақ үй осы жылдың тамыз айында Ресейге қарсы қолданатын санкцияның екі пакетін жариялады. Соңғы ақпараттарға қарағанда, санкцияның 27 тамызда күшіне енген бірінші пакеті бойынша Ресейге 21 түрлі тауарды экспорттауға тыйым салынды. Бұл тауарларды негізінен химиялық қарулар жасауда қолданылатын технологиялар мен түрлі бұйымдар, ұлттық қауіпсіздік саласында қолданылатын өнімдер, қару-жарақтар, оның ішінде авиацияда қолданылатын электронды құрылғылар, реактивті двигательдер, ұшқышсыз ұшатын аппараттар құрайды. Сондай-ақ АҚШ-тың қырына бұған дейін іліккен ресейлік компаниялардың қатарына бұл жолы 14 заңды тұлға және молекулалық электроника саласындағы Ресей Ғылыми-зерттеулер институты (НИИМЭ) қосылды. Бұл институт – Ресейдің микро және наноэлектроника саласындағы ірі ғылыми-технологиялық зерттеулер жүргізетін құрылымы. Осы институтпен енді АҚШ-тың Сауда министрлігі өзара сауда-саттығын үзіп отыр.
Тағы бір айта кетер жайт, егер Ресей үш ай ішінде химиялық қару қолданбайтынына кепілдік бермесе және халықаралық бақылаушыларды тексеруге жібермесе, онда АҚШ тарапы санкцияның екінші пакетін алдағы қараша айының соңында іске қосуды көздеуде. Бұл кезеңде Ресейдің құрамында «Сбербанк» және ВТБ бар 7 банкісімен әріптестікті мүлде тоқтату, АҚШ-тың ауыл шаруашылығы өнімдерін есепке алмағанда, өзара сауда айналымын барынша азайту, дипломатиялық байланыстарға шектеу қою, ресейлік «Аэрофлот» компаниясы әуе кемелерінің АҚШ-қа рейсін үзу сынды мәселелер қарастырылмақ.
Әрине, АҚШ-тың санкцияларына қатысты Ресейдің де айтар уәжі бар. Кремль жағынан таратылып жатқан мәліметтерге қарағанда, Ресей АҚШ-тың санкцияларынан сескеніп отырған жоқ. Бұл да Ресейдің өз бағытынан ауытқымайтынын білдірсе керек.
Мәселен, Ресей Сыртқы істер министрінің орынбасары С.Рябков АҚШ-тың Скрипаль ісінен кейін Ресейге қойып отырған шарттары ақылға сыйымсыз деп есептейді. Оның айтуынша, АҚШ-тың талаптарын Ресейдің орындауы мүмкін емес екендігін қойылып отырған шарттардың авторлары мен орындаушылардың өздері де жақсы біледі.
Ал АҚШ салып отырған санкцияның бірінші пакетіне байланысты Ресей Сауда және өнеркәсіп министрі А.Мантуровтың пікіріне қарағанда, Ресей импорттап отырған қорғаныс саласына қатысты электронды құрылғыларды Азия мемлекеттерінен ала алады. Азия нарығы Ресей үшін ашық. Сондай-ақ ол қорғаныс және ғарыш саласына керекті жоғары технологиялық электронды құрылғыларды әкелуге бұрыннан шектеу қойылған. Оларды жасаумен ресейлік қорғаныс-өнеркәсіп саласындағы кәсіпорындар шұғылданады. Министрдің айтуынша, АҚШ санкциясына іліккен компанияларға Ресей үкіметі барынша қолдау көрсетеді.
Қазіргі таңда Ресей тарапы АҚШ-тың санкцияларына қарсы әрекет ету мақсатында тиісті шараларды қарастыруда.
Қалай десек те, АҚШ-тың санкциялары халықаралық қоғамдастықты алаңдатып отыр. Бұл санкциялар талайлардың жүйкесіне тиюде. Мұның соңы немен аяқталатыны, қандай зардаптарға апарып соқтыратыны белгісіз.
Айта кетейік, соңғы күндері Ұлыбритания тарапынан да Скрипаль ісіне байланысты түрлі мәлімдемелер жариялануда. Тіпті ел үкіметі Солсбери қаласында тұрып келген бұрынғы ресейлік агент Сергей Скрипаль мен қызы Юлия Скрипальге у беріп қастандық жасаған екі күдікті туралы мәлімет жариялады. Лондон олардың ресейліктер екенін айтып, тіпті атын атап, түсін түстеп берді. Осы орайда ел премьері Тереза Мэй сенімді түрде аталған іске Ресей билігінің қатысы бар екенін жаһанға жариялады. «Дәлелдерге сүйене отырып, полиция есімдерін жариялаған екі күдікті ресейлік әскери барлау қызметінің, яғни Бас барлау басқармасының қызметкерлері деп қорытынды жасадық», деді Тереза Мэй.
Ал Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі М.Захарова Ұлыбританияны ақпараттық айла-амалдарға бармауға шақырды. «Ақпарат құралдарында жарияланған есімдер мен суреттер біз үшін бейтаныс», деді ол. Сондай-ақ химиялық қаруларға тыйым салу жөніндегі ұйымның Ресейдегі тұрақты өкілі А.Шульгин Лондон жария еткен мәліметтерді арандатушылық деп мәлімдеді. Ресейдің Сыртқы істер министрлігі Лондон жариялаған сурет пен күдіктілердің аты-жөндері шындыққа жанаспайды деп отыр.
Қорыта айтқанда, АҚШ пен Ресейдің арасындағы текетірес үдеп барады. Арадағы мәселелер дипломатиялық жолмен жақын уақытта шешімін таппаса, кикілжіңнің екі жаққа да экономикалық тұрғыда ауыр зардаптарын тигізуі әбден мүмкін. Ал әзірге қос тарап бір-бірін сөзбен түйреп, әртүрлі мәлімдемелер арқылы өз көзқарастарының, бағыттарының дұрыстығын дәлелдеп бағуда.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»