Дәрігердің ұйғаруымен келіншегім біраз күн ауруханаға жататын болып, сонда алып келгенмін. Екі адамдық палата. Көрші төсекте бір апа ұйықтап жатыр екен, оятып жібермейік деп аяғымыздың ұшымен басып орналастық. Келіншегім үйден әкелген тіскебасарынан шағын дастарқан дайындап жіберді. Апаға амандасып, «шайға келіңіз» деп едім, өзінің де басының сақинасы ұстап жатса керек, ширақ қозғалды. Түйекөз кесемен екі кесе ыстық шайды ылдилатқаннан кейін-ақ апаның құрыс-тырысы жазылып, тершіп сала берді. Әжімін бойлаған жылтыр жібек терін әр жерінен үзе отырып әңгіме бастады. Әңгіме бастағанда жай бастаған жоқ, менің руымды сұрап, «табынмын» дегенімде орнынан атып түрегеліп «төркінім екенсің ғой» деп еміреніп маңдайымнан иіскеді. Туған бауыры демей-ақ қояйын, көп жыл көрмеген туысқан бауырын көргендей толқыды. Айналасына немқұрайды, қарайтын қала мінезінен бе, аздап таңырқап та отырмын.
«Төркінімді сағынып көп зарыққан адаммын, шырағым. Соғыстың алды, еңбекте жүрген жас қыз едім, қыз-бозбала жиылысындағы бір кеште еңгезердей бір жігіт алып қашып, алып қашқанда алысқа алып кетті. Сырдың бойынан Шудың бойына бір-ақ келіппіз. Күйеуім үйінде ауру анасы мен кереге қармап жатқан суқараңғы әкесі бар жалғыз жігіт екен. Жағдайы ауыр еді. Қолдарында мал-сұлы бар дегенмен, отырған жерлері де қолайсыз, ауылдан жырақ. Жалғыз үй отырады. Бардым да, таусылып бітпес шаруа, арылып бітпес азапқа белшемнен баттым да кеттім. Азап деп отырғаным жай тұрмыстың күйбеңі емес, ай өтер-өтпес соғыс басталып кетті ғой, күйеуімді майданға алып кетті. Бүкіл шаруа маған қалды. Оның үстіне… айтсам ба, айтпасам ба, енем өте қиын адам болды. Ақыл-есі кішкене ауытқыған адам еді. Ала таңнан қара кешке дейін мені қарғайды. Орыс-герман соғысын менен көреді. «Сен келгелі пәле-қала қаптады» дейді, «Жалғыз ұлымның мың қыздың ішінен сені тапқанын қарашы» дейді, кейде тіпті «Үйіңе қашан кетесің, кетсеңші» деп тілін безейді. Ал атамның көзі соқыр болса да, көкірегі даңғыл адам еді, ала таңнан қара кешке дейін мені алқайды да жатады. «Бар бол, Алла жарылқайды сені». «Бізге сені бұйыртқан Аллаға шүкір» дейді. Ал бұл мәселеде кемпіріне бір ауыз ләм-миім демейді. Маған қатты батқаны тұрмыс та, енемнің сөзі де, күйеуімнің соғысқа кеткені де емес, төркінімнің қатынасты үзгені болды. Әкем қатал адам еді. Қашып кеткенімді ар көріп, «болды, барсын! Енді мен оны көрмейін, ол мені көрмесін» депті. Жыл уағына дейін төркінімнен тірі жан келген жоқ. Күйеуім соғысқа кеткенде аяғым ауыр еді, аман-есен босандым…
Не керек, балам үшке келгенде әкем келді ғой. Бақандай үш жыл! Әр күні, әр сағаты саналған үш жыл! Жыладым келіп. Еңіредім келіп. Сағынғанда өлуге таяған екенмін. Рас айтам. Өлуге таяппын… Әкем менің тұрмысымды көріп шошып кетті. Бір апта жатып, көмектесті. Басқа шаруаны қойғанда қоралы қойға құдықтан су тартып суарамын. Әкем келгенде тылға тың күш келгендей сағынышым өз алдына шаршағанымды сонда білдім. Босаңсығаннан ба, орнымнан кейде екі-үш ұмтылып тұрам…
Әкем кетерден екі күн бұрын жанына шақырып алып ауыл жақтың әңгімелерінен айтты. Басымды тізесіне қойды. Жасыратын несі бар, орамалымды сырып шашымның арасын ашып сірке қарады… мінезі қатал адам еді деп айттым ғой, басымның сіркесін сығып отырғанда шашымның түбі жып-жылы болып суланғанын сездім. Ішім удай ашыды. Еркелегенім бе, күйінгенім бе, білеймін. Солқылдап жылап жібердім. Әкем де. Бірақ ол үнсіз. Қатып қалыпты. Екі көзінен аққан сора таудан жылап ағып жатқан қардың суы секілді. Әжімдерін қуалап, жүзін шайып кетті…
Бір кезде әкем маған бұрылып, бажайлап қарады да: «Қызым, сенің маған «әке, кетсек кеттік» деген бір ауыз сөзің ғана керек! Бұл жерде өлсең көметін біреу бар ма өзі?! Балаңды ертіп жүр, болды!», деп орнынан тұрды. Қандай ауыр? Тұлабойы тұңғышы маған үш жыл бойы ат ізін салмаған қаталдық, одан кейін «көрмеймін» деген сөзінен қайтқан әкелік жүректі енді қайта қатайтсам, не болмақ? Ол үш жыл оған да оңай соқпағанын, сөзін жұтып іздеп келу одан да оңай соқпағанын білем… құмығып қалдым. Ауыз ашып бірдеңе айту қиын болды. Көз алдымда ата-енем… Әкемнің «қаусаған кемпір мен шал аштан өлген көп қазақтың бірі болады да» деп ойлап тұрғанын іштей сезіп-ақ тұрмын. Оның тұла бойынан тіпті сөйтіп айтып тұрғандай анық ұқтым. «Жоқ, әке! Сіз бара беріңіз» дедім. «Ел қызын ұзатып қалың алып жатқанда қызың қашып кетіп қарабет болғаның да жетер. Енді қайтып барып қалған абыройыңды төкпейін. Келдіңіз, рахмет! Сол жетеді. Сұрағандарға «жақсы екен» дей салыңыз. Менің жайымды мұнда келіп біреу көре ме? Аштан өле қоймаспын» дедім. Әкем жауап қатқан жоқ. Екі күн жатып, жұмысыма көмектесті де, ауылға қайтты.
«Е, е, е, мұның бәрін бекер айтып отырған жоқпын, шырағым», дейді апамыз. Рас бекер айтып отырған жоқ. Әңгіме арасында келіншегім сарқын төкпекке сыртқа шыға қалып еді, апамыз «тұра тұр, тыңдасын ана бала да» деп әңгімені үзе қояды. Әрі қарай қайта жалғайды.
Әкем кете күйеуім келді. Қуанып қалып ек, ұзаққа бармады. Жарақаты денеде ғана емес, ақыл-есіне де әсер етіпті. Арақты да суша сіміреді екен. «Өлінің күйігінен тірінің күйігі қиын» деуші еді әжем, рас екен. Енді сонымен алыстым. Айлап жоғалып кетіп келіп тұратын…
Тағы бір бала көтердім. Шүкір ол да аман-есен бойжетті. Сол бір үйлі жан қолымнан аттанды ғой. Атам да, енем де, күйеуім де. Біреуінің бетіне тік келмей, шамамның келгенінше қызмет қылдым. Аллаға шүкір, сол бейнетімнің зейнетін көрсетіп жатыр Алла. Мен де ел қатарлы келін алдым. Енді, келінім келін болғанда, мың шүкір! Табаныма алақанын тосады. Өзің қандай келін болсаң, Алла сондай келін нәсіп етеді-ау деймін. Кейде менің кешірмелерімді тыңдап отырып жылап қалады. Дәрігер «бір көзіңіз нашарлап қалыпты» деп еді, ұл мен келінім қолды-аяққа тұрмай кетті. «Қанша жасым қалды, ендігі қалған ғұмырыма бір көзім де жетеді ғой» десем, көнбейді. Бір күн болса да дүниенің жарығын анық көріп отырыңыз, деп мал-сұлдарын сатып осында әкелді қарақтарым. Бір жаққа кетіп еді, қазір ұшып жетер біреуі.
…Солай, қарағым! Жас күнімде төркіннің зары қатты өткеннен бе, біреу «табынмын» десе жүрегім елжіреп, төркінім келгендей болам да тұрам айналайын… «Бұл қайдағым еді?» деп, шекеңнен сүйгенімді ерсі көріп қалма, – деп тепшіген терін сүртіп қояды апамыз. Әсерлі әңгімені тұтас жүйке-жүйесімен тыңдаған келіншегім де көз моншағын үзіп-үзіп алды.
* * *
Бұл әңгімені досым Нұрмат айтып еді, тап осылай айтып беріп еді. Бір басынан ғасырлық өнегелі тарих көшіп өткен қайран, қазақтың аналары-ай! Енелері-ай! Келіндері-ай!
Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»