Астанада 5-7 қыркүйек аралығында Қазақстанның барлық өңірі мен литвалық командалардың қатысуымен жедел медициналық жәрдем бригадаларының III республикалық жарысы өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – ұлттық және халықаралық стандарттарды ескере отырып, халыққа шұғыл медициналық көмек көрсету дағдыларын дамыту.
Жарыс барысында қатысушылар анафилактикалық шок, нәрестені реанимациялау, жарақат алу кезіндегі ситуациялық тапсырмаларды орындап, «оқиға» орнында манекендер және стандартталған пациенттер пайдаланылды. Ауқымды шара аясында сәрсенбі күні Қалалық жедел медициналық жәрдем стансасының конференц-залында шұғыл жағдайлар бойынша «Астана» клиникалық орталығының жетекші мамандарының қатысуымен Ресей, Израиль, ҚХР, Малайзия және басқа елдер өкілдерінің шеберлік сыныптары ұйымдастырылды. Жиынның ашылуына қатысқан Денсаулық сақтау министрі жедел жәрдем бригадаларының жарысын өткізу тәжірибе алмасуға, білім мен білікті шыңдауға ықпал ететін маңызды шара екенін атап өтті.
«Осымен 3 жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған осынау жарысқа былтыр еліміздің 6 өңірінен ғана командалар қатысқан болатын. Биыл олардың саны артып, 17 командаға жеткеніне қуаныштымыз. Жарысты өткізудегі басты мақсаттың бірі – жедел жәрдем жұмысының сапасын көтеру, халықаралық стандарттарға көшу. Өткен жылы Денсаулық сақтау министрлігінің тарапынан жедел жәрдем жұмысын жетілдіруге, емханалар қызметін одан әрі дамыту жөнінде бұйрық шығарған болатынбыз. Өйткені бұл сала аса маңызды. Еліміздегі орын алып жатқан өлім санының өсуі көбінесе осы жедел медициналық көмектің дер кезінде жетпеуі жағдайларынан туындауда. Сол себепті медициналық қызмет сапасын арттыру мақсатында осы шараны қолға алдық», деді Е.Біртанов.
Денсаулық сақтау министрлігі және Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы, Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы және «Астана» оқу-клиникалық орталығының ұйытқы болуымен ұйымдастырылған жедел жәрдем бригадаларының биылғы жарысы 6-7 қыркүйек күндері «Жерұйық» саябағында өтті.
Сонымен қатар төтенше жағдайларға қатысатын жедел медициналық жәрдем бригадаларына санитарлық автокөлік және медициналық жабдықтар табысталып, командалар триаж жүйесінде жұмыс істеу дағдылары мен командалық жұмысты көрсетті. Мұнымен қоса, жарыс шеңберінде отандық өндірушілердің медициналық техникасының, дәрілік заттарының көрмесі ұйымдастырылды.
Жарыс нәтижесінде еліміздің ең үздік жедел жәрдем бригадасы болып, Ақмола облысының командасы танылды. Ал екінші орынды Жамбыл облысынан келген бригада еншілесе, үшінші орынға астаналық жедел жәрдем қызметкерлері ие болды.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»