Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Отбасы тәрбиесі институтымен бірлесе отырып биылғы қыркүйек-қазан айларында еліміздің мектептерінде «ХХІ ғасырдың ата-аналары: балаңызға үлгі болыңыз» тақырыбында бірыңғай республикалық ата-аналар конференциясын өткізеді.
Мектептегі дәстүрлі ата-аналар жиналысы көптеген мәселелерді шешуге көмектесетіні анық. Алайда сынып жетекшілерінің айтуынша, ата-аналармен қарым-қатынас орнатудың бұл түрінде бірқатар қиындықтар туындайды. Ең басты себебі, педагогтерге жүктелетін жұмыстың шамадан тыс болуы және жиналысты өткізу әдісінің ескіруі. Сайып келгенде, бұл ата-аналардың мектеппен қарым-қатынас орнатуына әсер етеді. «Бірыңғай республикалық ата-аналар конференциясының» дәстүрлі ата-аналар жиналысынан ерекшелігі, бұл жас ұрпақты инновациялық біліммен және отбасылық тәрбиелеу әдістерімен оқытуға бағытталған және түрлі тақырыптарды қамтитын жаңа формат. Осыған орай ата-аналар конференциясын еліміздің барлық мектебінде өткізу жоспарланған. Кездесу барысында әр сыныптың ата-аналарына арналған түрлі тақырып қозғалады. Аталған конференцияның алғашқы жиыны өткен апта соңында барлық мектепте өтті. Елордадағы №54 мектеп-лицейінің қабырғасында ұйымдастырылған маңызды мәслихатқа Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов қатысып, бұл конференцияның ұстаз, ата-ана, оқушы үшін қаншалықты қажет екенін тілге тиек етті.
«Биыл 1 қыркүйек күні еліміздің 7024 мектебіне 3 миллионнан астам оқушы келсе, олардың 350 мыңнан астамы 1 сыныпқа барғандар. Мектеп табалдырығын енді аттаған бүлдіршіндеріміздің саны жыл сайын артып келе жатқаны бізді қуантады. Мектепке алғаш барған балалардың ата-аналарымен тығыз байланыста болып, осындай конференцияларды өткізу мектеп пен ата-ана арасындағы қарым-қатынасты одан әрі арттырады. Мамандарымыз түрлі тақырыпта ой қозғайтын болады. Мысалы, баланың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету тақырыбы. Бұл – өзекті. Қазіргі таңда бүлдіршіндер балабақша жасында болса да планшет, смартфондардан алуан түрлі ақпарат алады. Сондықтан бала қандай ақпарат алып жатқанын қатаң қадағалау керек. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында білім-тәрбие саласына қатысты маңызды мәселелер көтерілді. Сонымен қатар білім саласындағы жаңа бағдарламалар туралы әртүрлі ақпарат таралуда. Бұл бағдарламалардың барлығын сараптаудан, саралаудан өткізіп, 2000 жылдардан бері жүргізіп келеміз. Себебі бізге функционалдық сауаттылық керек. Өйткені бүгінде ақпарат жылдам жаңаруда. Сондықтан телефондардағы, басқа да құрылғылардағы ақпаратты жаттағаннан гөрі оны қалай пайдаланамыз деген сұрақтың жауабын қарастыру қажет. Тағы бір мәселе – ұстаз мәртебесі. Ұстаз мәртебесі тек мемлекет шешетін мәселе емес. Оған ата-аналардың да қосатын үлесі қомақты. Неге? Себебі дастарқан басында мектептегі мұғалім туралы жағымсыз пікір айтатын болсаңыз, оны балаңыз да тыңдап отыруы мүмкін. Одан кейін ұстаздың мәртебесі қалай көтеріледі? Көп мәселелер отбасына байланысты. Осы мәселе бойынша да, ұстаздардың жалақысын көтеруге байланысты да көптеген жұмыс атқарудамыз», деді А.Аймағамбетов.
Аталған оқу ордасының басшысы Шәкәрім Толыбайұлы бұл шараның негізгі мақсаты – мектеп әкімшілігі, мұғалімдер және ата-аналар қауымдастығының арасындағы бірлік, осы бірліктің арқасында мектепке жаңадан қадам басқан оқушыларға педагогикалық, психологиялық кеңес беру екенін жеткізді. Сондай-ақ конференция барысында «Баланың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету», «Балада интернет-тәуелділік қалыптасуының алдын алу», «Мектеп ортасына деструктивті діни ағымдар енгізудің алдын алу», «Отбасылық құндылықтарды нығайту», «Балаға мектепке оқуға бейімделуге тиімді көмек шаралары туралы», «Нейро-психофизиологтердің болашақ бірінші сынып оқушылары – ұлдар мен қыздардың ата-аналарына арналған ұстанымдары», «Баланың өзін-өзі бағалауын арттыруға ықпал етіңіз» сияқты маңызды тақырыптар маңайында мамандардың пікірі айтылды.
Шара аяқталған соң баласы 1 сыныпқа барған ата-аналардың бірі Маржан Нұршайыхқызын әңгімеге тартқан едік.
«Менде баламды мектепке бермей тұрып білім саласы, мектеп жайлы жағымсыз пікір басым болды. Себебі әріптестерімнен мектеп жүйесіне көңілдері толмайтынын көп естіген едім. Осы конференцияға шақырған кезде қатардағы бір жиналыс шығар деп ойлаған едім. Бірақ алуан түрлі ақпараттар, маңызды пікірлер ойымды түгелдей өзгертті. Өйткені жиыннан көп әсер алдым. Ең бірінші, ұйымдастырушылар бүгінгі маңызды мәселе, яғни балалардың ақпарат алуын, оны пайдалану жайын дұрыс таңдаған. Вице-министр атап өткендей, біз барлық міндетті тек мектепке немесе мұғалімдерге артып қойып отырмауымыз керек. Неге десеңіз, баланың қалыптасуына ата-ана да әсер етеді. Осыны ескере отырып, ата-аналар қауымы жұмысы қауырт болса да, баласына назар аударып, қандай ақпарат алып жатқанынан хабардар болуы керек. Спикерлердің білім мен тәрбиені қатар алып жүру керек деген пікірі құнды және болашағымыз үшін маңызды», дейді ол.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»