Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының аясында өткен түріктердің дәстүрлі күресі бойынша қазақстандық Әуезхан Құрданқұлов (65 кг) қарсыластарының барлығын шаң қаптырып, алтын медаль жеңіп алып, еліміздің мерейін асқақтатты. Аталған жарысқа әрқандай салмақ түрлерінен 18 мемлекеттен 41 балуан қатысқан-ды.
Тоғызқұмалақшылардың ұпайы түгел
Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында спортшыларымыздың ішінен ең жақсы көрсеткішті тоғызқұмалақшылар көрсетті. Тоғызқұмалақтан 4 алтынның 3-еуін қазақстандықтар жеңіп алды. 1 алтынға қырғызстандықтар ие болды. Сондай-ақ тоғызқұмалақшыларымыз 2 күміс, 1 қола медалді еншіледі. Тоғызқұмалақшылар мангала ойынына (түрік тоғызқұмалағы) қатысып, командалық есеппен 2 күміс, 2 қола медалды алды. Тоғызқұмалақтан әлемнің 8 дүркін чемпионы Әсел Дәлиева жеке есепте 1 алтын, командалық есепте (екі спортшы бірігіп) 1 алтын алып берді.
Қазақстан екінші орынды місе тұтты
Қырғызстанның Ыстықкөл облысында өткен ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы жалпы есепте екінші орынға ие болды. Бірінші орынға қоржынына түскен жалпы 100 медальдің 40-ы алтын, 30-ы күміс, 30 қоласы бар, Қырғызстанның үлесіне тиді.
Екінші орынды қазақстандық спортшылар еншіледі. Алтын саны бойынша ресейліктермен тең түскен жерлестеріміз, күміс медальдің саны басымдығымен алға шықты. Қазақстан қоржынында 16 алтын, 24 күміс, 29 қола медаль (барлығы 69 медаль) бар. Ал ресейліктердің қоржынында 52 медаль: 16 алтын, 11 күміс, 25 қола.
Төртінші орында түрікменстандық спортшылар. Олардың еншісінде 10 алтын, 5 күміс, 12 қола (27 медаль). Алғашқы бестікті өзбекстандық саңлақтар түйіндеді. Олардың қоржынына 7 алтын, 8 күміс, 18 қола (33 медаль) түсті.
2-8 қыркүйек аралығында өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 80-нен астам елден 3000-ға жуық спортшы қатысты. Олар 37 спорт түрінен бақ сынады. Дүбірлі додада Қазақстанның намысын 134 спортшы қорғады.
Назарбек БАЙЖІГІТОВ,
арнайы «Егемен Қазақстан» үшін
Қырғыз Республикасы,
Шолпан-Ата қаласы