Көкшетаулықтар Сарыарқаның сақылдаған сары аязына үйренген. Әйтсе де, әр жыл сайын мысықтабандап жететін қыс хабары «Мәді келе жатырдан» кем естілмейді.
1990 жылдардың орта шенінде, жаңа жыл қарсаңында мерекелік аққайнарды көпіртіп ашып, бірін-бірі құттықтағалы отырған жұрт қапыда қалған-ды. Қапыда қалғанымыз әншейін сөз, әйтпесе дәл сол жылы көпқабатты үйлердің пәтерлеріндегі қазанның бетіне қаймыжықтай мұз тұрып, әбден суық сорып сілелерін қатырып еді. Содан бері халық Арқа қысының аяуды білмейтіндігін жадыларына тоқыған. Соңғы жылдары бұл қиындық ұмытылып келеді.
Қазір облыс бойынша 663 бу қазандығының 85 проценті қыс маусымына дайын. Әсіресе, білім, денсаулық сақтау нысандарына алдыңғы кезекте көңіл бөлінді. Әйтсе де, дайындықты ширататын тұстардың бар екендігін екпін түсіріп айта кетуге тиіспіз. Мәселен, 41,1 шақырым сумен қамтамасыз ету жүйесінің небары 68 проценті ғана жөндеуден өткізіліпті. Әзірге 1127 мың тонна көмір жеткізілді, бұл екі айлық қордың 56 проценті ғана. Аршалы, Бурабай, Егіндікөл, Есіл, Атбасар, Зеренді, Сандықтау аудандарындағы жөндеу жұмыстарының қарқыны баяу. Бұл аудандардағы көрсеткіш облыстық деңгейден көп төмен.
Облыс бойынша дебиторлық қарыз 1 342,4 миллион теңгеге жеткен. Оның 501,2 миллион теңгесі – жылудың, 397 миллион теңгесі – судың қарызы. Өткен жылғы жылу беру маусымының соңындағы қордаланып қалған қарыз көлемімен салыстырғанда дебиторлық қарыз 1 183,9 миллион теңгеге қысқарды. Сөз арасында ең көп дебиторлық берешек облыс орталығы мен Степняк қаласында, сондай-ақ Атбасар, Бурабай, Целиноград аудандарында қордаланып қалғанын қадап айтуға тиіспіз. «Көкшетау Жылу», «Көкшетау су арнасы», «Щучинск Термо-Транзит», «Атбасар су» тәрізді коммуналдық кәсіпорындардың да кредиторлық қарызы бастан асып жатыр. Шындығында бұл бір жылда ғана жинақталған дүние емес, жылдар бойы жалғасып жатқан берешек.
Облыс орталығын жылумен қамтамасыз етіп отырған «Көкшетау Жылу» кәсіпорнында жылу нысандарын жөндеу жұмыстары әлі де жалғасуда. Солтүстік өңірде қыстың ерте түсетіндігін естен шығармау қажет. Қазір барлық жұмыстың 66 проценті ғана орындалған. Бір қарағанда, жөндеу жұмыстарына бөлінген қаржы көлемі де аз емес. Облыстық бюджеттен 1,3 миллиард теңге қаражат бөлінген болатын. Қалай болған күнде де қаржыдан тапшылық көріп отырған жоқ. Мәселен, көмір сатып алуға 321,4 миллион теңге, ал мазут алуға 108,8 миллион теңге қарастырылған болатын. Солай бола тұра жалпы жұмыстың 82 проценті ғана орындалды. Жылу беру маусымы басталғанша 6 энергетикалық қазандық, 5 турбогенератор, 1 су ысытатын қазандықты жөндеп үлгеру қажет. Ал бүгінге дейін 5 турбогенератор мен 1 қазандық агрегаты ғана жөнделген.
Облыстағы білім нысандарының жылу беру маусымына дайындығы 89 процент қана. Осы салаға 123441 тонна көмір, 535 тонна мазут қажет екендігін ескерсеңіз, қалыптасып отырған жағдай белгілі болады.
Өңірдің тұрғындары үшін алдын ала жасалған есепке сәйкес, 662 мың тонна көмір қажет. Әйтсе де оның 189 мың тоннасы ғана тасымалданыпты. Бұл арада «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы тасымалдау құнын 10 процентке көбейтіп отырғандығын айта кету керек. Мұның өзі әупірімдеп күн көріп отырған зейнеткерлер үшін біршама салмақ. Қазір бір тонна көмірдің орташа бағасы сортына қарай 12-14 мың теңге көлемінде.
Бағаны сұраныстың анықтайтыны белгілі. Мәселен, жақсы жанады деген Шұбаркөл көмірінің бір тоннасы 15 мың теңгеден 17 мың теңгеге дейін өсіп отыр, сапасы сәл төмендеу Майкөбенің көмірі 12-15 мың теңге деңгейінде.
Жөндеу жұмыстары жанталаса жүргізіліп жатқанымен, облыс орталығын жылумен қамту әлі де алаңдатарлық деңгейде. Қапысыз қамдану үшін уақыт жеткілікті еді. Енді бар жұмысты аз уақыттың ішінде еңсермей болмас. Сарыарқаның сақылдаған сары аязы себеп-салдарыңды құлағына іле қоймайды ғой.
Байқал БАЙӘДІЛ, «Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы