Қазақ бейнелеу өнері қай заманда болса да ұлттық қасиеттің болмысын, ондағы дүниетанымдық көзқарасты сақтап келеді. Әбілхан Қастеев, Молдахмет Кенбаев, Салихитдин Айтбаев пен Айша Ғалымбаевадан жалғасқан бітімі бөлек дегдар өнердің киесін кетірмей, бүгінге жалғаған отандық суретшілер әлемдік өнер аренасында ұлттық тілмен танылуымызға табанды үлес қосты. Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің орталық көрме залында салтанат құрған «Ғасырлар тоғысындағы ұрпақтар жалғасы» деп аталған республикалық суретшілер көрмесін тамашалап, қазақ сурет өнерінде өзіндік өрнегі бар 150 қылқалам шеберінің ең таңдаулы туындыларымен таныстық.
Жыл сайын нағыз шебер шығармалардың басын қосатын өнер жәрмеңкесі биыл Қазақстан Суретшілер одағының 85 жылдығына арналып отыр. Сарай ішін көмкерген көп картиналардың өне бойынан өткен тарихтың сарынын, әр заманның ақиқатын көргендей болдық. Халқымыздың рухани құндылықтары, елдің мақсат-мұраты мен ұлттық қасиет суретшілер шығармашылығындағы түрлі жанрларда әр қырынан көрініс тапқан. Аға буын мен жастар арасындағы ұрпақтар сабақтастығын жалғаған айтулы көрмеден мүсін, қолөнер, кескіндеме, акварельді жұмыстар, графика сияқты түрлі жанрдағы өнер туындыларын түгел табасыз.
– Өнер тарихындағы әрбір ағым – заман толқынысы десек, соның жаршысы – суретші. 1970-80 жылдары қазақ классикалық бейнелеу өнеріндегі динамикалық серпілісте кәсіби қолданбалы өнер саласындағы суретшілер форма мен кеңістікті реалистік, авангардтық, абстракциялық мәнерде еркін көзқарастағы шығармашылықтарымен ерекшеленеді. Әр туындыда шынайылық әуені асқақтады. Заман келбеті танылды. Сондай-ақ жалпы қазақ бейнелеу өнерінде заңдылықтар айтарлықтай өзгеріп, ұлттық тарихтың сырын шертті. Бүгінгі көрмеге суретшілеріміздің қазіргі көзқарасымен тарихты байланыстыра отырып креативті идеясымен сомдаған түрлі жұмыстары қойылған. Бұл шараның суретшілердің шығармашылық тұрғыдан өсуіне тигізер үлесі зор, – дейді көрме жетекшісі, өнертанушы Гүлнар Қуандыққызы.
Көрмеден Қазақстан Суретшілер одағы құрылған кезден бастап қолынан қылқаламы түспей келе жатқан белгілі суретші Тұрсын Әбуов, кесте өнерін кескіндемемен ұштастырып, халқымыздың рухани байлығы мен тарихын өз шығармашылығына арқау еткен Мұхамеджан Зейнелхан, одан бөлек Рахман Бертілеуов, Өмірбек Жұбаниязов сынды өнер иелерінің, тағы басқа да суретшілердің шоқтығы биік туындыларын айрықша атауға болады.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ