Сандықтау ауданында тұңғыш рет «The NOMADS» экстремалды реалити-шоуының түсірілімі басталады.
«Visit Aqmola» туристік ақпараттық орталығының дерегі бойынша түсірілім Балқашин ауылының маңында жүзеге асырылмақ. Жұмыртқадай жұтынған ақшаңқан киіз үйлерден тұратын шоқ жұлдыздай шағын ауыл салуды жоспарлап отыр. Қазіргі кезде, бұл жерде аталмыш шоуды түсіру үшін арнайы қалашықтың құрылысы басталып та кетті. Жобаны Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің қолдауымен «Kazakh TV» және «Хабар агенттігі» акционерлік қоғамының тапсырмасы бойынша «Тенгри Плюс IS» серіктестігі жүзеге асырмақшы. Жақсы іске Ақмола облысы мен Сандықтау ауданының әкімдіктері қолдау білдіруде.
– Елімізде бұрын-соңды дәл осындай ауқымды жоба болған емес, – дейді жобаның авторы және бас продюссері Елена Гомер. Бұл телевизиялық жобаға әр елден жиналған екі команда 5 миллион теңге ақшалай сыйақыға таласатын болады. Жобаның режиссері мәскеулік Кирилл Кузин. Жобаға шетелдік кез келген мамандық иесі қатыса алады. Жоба жүргізушілері қазақстандық былғары қолғап шебері, Олимпиада чемпионы, «Astana Arlans» кәсіпқой бокс клубының бас менеджері Бақтияр Артаев және «Kazakh TV» телеарнасының халықаралық ақпараттар және ағылшын тіліндегі жаңалықтары бөлімінің басшысы Ләззат Шатаева.
Жобаны «Kazakh TV» телеарнасында қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде 4 құрлық, 118 ел, 600 қонақүйде 300 миллион көрермен көреді деп жоспарланған.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы,
Сандықтау ауданы