Петропавлдағы Жастар сарайында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті мен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен Қазақстан халқы тілдерінің ХХ республикалық фестивалі өтті.
«Көркем сөз – көңіл тілі, жалаң сөз – зейін тілі» деген екен Ахмет Байтұрсынов. Әдебиетті сөз өнерінің жауһарына теңесек, көркем әдебиет қоғам өмірінің айнасы іспеттес. Бабаларымыз «сөз өнері – дертпен тең»деген нақыл қалдырған. Бұл айтылғандардың бәрі – қасиетті ана тіліміздің бар көркемдік қуатын айқындайтын өмірдің сырлы суреттерін, халықтың көркем тарихын кестелі тілмен өрнектейтін, киелі қасиетін айғақтайтын анықтауыштар екені сөзсіз. Әр ұлттың тілі – оның негізгі тірегі. Достықтың киелі мекені саналатын атамекенімізде ел мен елді, ер мен ерді ұғыстыратын, алдаспаннан да өткір ана тіліміздің болашағы үшін жасалып жатқан аршынды қадамдар, маңызды бастамалар аз емес. Солардың бірі деп мазмұны терең, мәні кенен Тілдер фестивалінің дәстүрге айналып, тамырын тереңге жаюын айтуға болады. Мемлекеттік тілді насихаттау, мәртебесін көтеру, құтты тұғырына қондыру, қоғам өмірінің барлық салаларында кеңінен қолданылуын қамтамасыз ету, маңызды қарым-қатынас құралы арқылы жастардың Отанға, елге, жерге деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатын діттеген алқалы басқосуда сөйлеген сөзінде облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек жиналғандарды айтулы мәдени шараның ашылуымен құттықтап, сәттілік тіледі. Мемлекеттік тілдің дамуына елеулі үлес қосып жүрген бір топ тіл жанашырларына Мәдениет және спорт министрлігінің,Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің, аймақ басшысының құрмет грамоталары мен алғыс хатттары табыс етілді. Жеті аталым бойынша жеңімпаз атанған жергілікті ұжымдар марапатталды. Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бөлім жетекшісі Айдос Тұрсынбайұлы өз сөзінде биылғы фестиваль Алаштың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдық мерейтойына арналып отырғанын жеткізді.
Қазақстан халқы тілдері байқауына өңіріміздің барлық облыстарынан және Алматы, Астана қалаларынан Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің жеңімпаздары келіп, бірінші кезеңде қазақтың белгілі жазушыларының прозалық шығармаларынан үзінділер оқыды. Сахна шымылдығын бірінші болып Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар мен инжиринг университетінің студенті, Маңғыстау облысының намысын жыртып келген Арғын Қосай ашты. Ол жұртшылыққа Оралхан Бөкейдің әңгімесінен үзінді ұсынып, жақсы дайындықпен келгенін көрсетті. Сол сияқты шымкенттік Батырхан Толағай, павлодарлық Еркежан Төлеубек, қызылордалық Өмірбай Абылайхан, қостанайлық Жұмабек Аружан, тағы басқалары да көркем сөз оқудың қыры-сырын әбден меңгеріп алғандарын аңғартты. Екінші кезең Мағжан шығармаларын мәнерлеп оқуға арналды.
Белгілі қоғам қайраткері Алдан Смайыл төрағалық еткен қазылар алқасы әр үміткердің білімі мен білігін, өнері мен өресін бағалауда шығарманың таңдалуына, орындау шеберлігіне, сахналық дайындығына, киім киісіне баса назар аударып, бас жүлдеге Шығыс Қазақстан облысының үміткері Сая Бекбосынова лайық деп тапты. Бірінші орынды ақтөбелік Алтын Қожанова, екінші орынды елордалық Құлпынай Өмірбекова, үшінші орынды павлодарлық Еркежан Төлеубек пен петропавлдық Жанарбек Секел иеленді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар, алғыс хаттар, ақшалай және ынталандыру сыйақылары табыс етілді.
– Фестиваль жоғары дәрежеде ұйымдастырылды. Оқушы қызымыз Саяның 97 ұпай жинап, топ жарғанына қуаныштымыз. Ол Зайсан ауданында жұмыс істейтін халық театры жанындағы көркемсөз оқу үйірмесінің тұрақты мүшесі. Республикалық байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпазы, – деді Зайсан халық театрының режиссері Алма Сүлейменова қуанышын жасыра алмай.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы