Жақында «Ана тілі» баспасынан Мәдениет және спорт министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бағдарламасы бойынша қазақ прозасында детектив жанрының негізін салып, қасқа жолын қалыптаған қаламгер Кемел Тоқаевтың шығармалары жарық көрді.
Бұл көрнекті қаламгер Кемел Тоқаевтың 95 жылдығына орай шыққан – мерейтойлық бес томдық.
Кемел Тоқаевтың сүбелі шығармасы «Солдат соғысқа кетті» романы бірінші томға берілді. Романға берілген «Ұлы Отан соғысында 22 жасында ерлік өліммен қаза тапқан политрук Қасым Болтаевқа арнаймын», деген эпиграммаға қарап автордың бұл шығармасына айрықша шынайылықпен, көкейін тескен тебіреністі күймен толғай қалам тербегенін көреміз. Көлемді шығарманың құрылымдық жүйесі де «Солдат күнделігінен» үзінділерімен тұздықтала отырып, майдандағы қаһарлы күндер психологиясы мен панорамасы тәптіштей таратылады. Оқиғалардың желісі майдандағы өмірді жан-жақты суреттеу арқылы бар қырынан көрінеді. Соғыстың өртіне кеп түскен өрімдей жас жауынгерлердің образы көз алдыңа келеді, соғыстың қайғы-қасіреті мен қатыгездігі жаныңды түршіктіреді. Жаралы жауынгерлер өмірі, оның жан қиналысы, ажал аузындағы арпалыс, жұлынған аяқ пен жаншылған денелердің қанға боялған көріністерінің қаз-қалпында берілгені сондай, сол сұрапыл шайқастың куәгеріне айналасың. Жарылған бомба мен жауған оқтың ортасында жүрген жауынгерлердің сын сағатта өзін қалай ұстап, қалай көрсететіні, олардың әрқайсысының бір-біріне ұқсамайтын көзқарасы, өмірге құштарлығы, батылдығы мен батырлығы, соған қоса кейбір кейіпкерлерінің қорқақтығы мен сатқындығы, пұшайман пенделігі секілді, әйтеуір адамда болатын қасиеттердің бәрі романда шынайы суреттеледі.
Қаламгердің шығармалар жинағының бірінші томына «Солдат соғысқа кетті» романымен қатар «Түнде атылған оқ», «Тасқын» повестері берілген.
Екінші томға берілген қаламгердің кезекті күрделі шығармасы – «Соңғы соққы» романы. Күрделі деп ерекше атауымыздың мәні мынада. Алдымен қаламгердің таңдаған тақырыбына терең зерттеушілікпен барып, өткен өмірдің қиын-қысталаң шағындағы дерегі мен дәйегі, шындығы мен аңызы араласып кеткен оқиғалардың тінін ашуға тайсалмай барғаны тәнті етсе, дәуір тынысына сай дүбірлі оқиғалардың, оған қатысты жандардың қарекеті мен күресінің құпия сырларын аша отырып суреттей білудегі қаламгерлік табандылығы қапысыз шеберлігімен баурап алады. Осы тақырыпты игеру жолында қандай қиындықтар мен кедергілердің барын біле тұра қаламын қайсарлықпен сілтей білуіне қарап қаламгердің рухани қуатының қандай болғанын бағалау қиын бола қоймас. Шындығында, бұл романның оқиғалары мен кейіпкерлерінің нақтылығы мен деректілігі – өткен өмірдің құйын желін құрықтай білумен пара-пар дерліктей еді.
Үшінші томның үлесіне «Ұясынан безген құс» романы мен «Қастандық» повесі тиіпті. Жалпы, шытырман оқиғалардың өмірдегі болмысын терең әрі өзіндік тұрғыда танып білетін, шылауында кетпей оның логикалық қисыны мен дамуын зерделей алатын қаламгер әр шығармаға шынайы шындықты арқау етуі – оның қаламгерлік кредосы деуге болады. Оқырманын баурап әкететін «Ұясынан безген құс» туындысынан да осы бір ізгілікті әрі иланымды ұстанымды көреміз. Мұндағы ағайын арасының татулығы, қызғаныштың құрық бойламайтыны, көреалмаушылық, маскүнемдік, зинақорлық секілді адами қасиеттер мен құндылықтарды оқиғалардың тұздығы ете отырып, Шегебай мен Нояндардың «жымын білдірмейтін жылан» жүрістерін әшкерелейтін мілиса қызметкерлерінің еңбегін боямасыз суреттейді. Мұндағы «Ұясынан безген оңбайды...» сөзі ұлт ұясын қадірлеуге ұласып жатқанын меңзеу – шығарманың тастүйін толғамы.
Қаламгердің көп тер төккен тақырыбы, қазақ прозасына тың үрдіс әкелген шығармалары негізінен көпке мәлім – шытырман оқиғалы повестері. Бұл повестері – байыппен зер салуды, қаламгер ізденісінің тұрақтылығы мен табандылығының айқын айғағындай болған жемісті еңбектер. Бұл прозаға келген жаңа жанр, күрделі де тәрбиелік мәні зор, оқырманды баурау жағынан ұтқыр да ұшқыр детектив жанрының шебері ретінде танылған қаламгердің шығармашылық ізденістегі жемісті де жеңісті жылдары іспетті. Қаламгердің бұл шығармалары («Сарғабанда болған оқиға», «Көшпенді үйдің қонысы қайда?», «Таудағы жаңғырық», «Көмескі із», «Солдат қабірінің басында») төртінші томнан орын алған.
Бесінші томнан оқырман көңілді қызықтыратын сауалдарға жан-жақты жауап-сырларды, толғам-ойларды қалауынша таба алады дер едік. Мұндағы Кемел Тоқаев өміржолы, отбасы, өткені мен көргені жайлы ұлы, мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ дипломатиясының көрнекті тұлғасы Қасымжомарт Тоқаевтың «Әке туралы ой-толғауы» эссесі ерекше қызығушылық тудырады және асқан ықыласпен оқылады деп білеміз. Әке мен анаға деген перзенттік махаббатпен төгілген толғауда ата-анасын сүйіп, оны құрметтеп өткен, олардың жақсылығы мен қуанышын іңкәрлікпен еске алған, оны өмір бойы ұлық тұтып үкілей білген ұлдың сағынышқа толы көңілінің мөлдір моншақтары қағаз бетіне қаз-қалпында түскен, баянсыры әсерлі де айрықша қастерлі. Жүректі тербеп, көңілге нұр құяды, перзенттік адалдықтың осыншалық пәктігі мен парасаттылығы, таңғы шықтай тазалығы еріксіз тәнті етеді. Баяндауы байыпты, толғауы тебіреніске толы өмірбаяндық эссенің жазылуы керемет, одан алар әсер де айрықша боларына кәміл сенімдіміз.
Әрбір шығарма қаламгердің жан толқынысынан барып туады. Ондағы кейіпкерлер, оқиғалар, ойлар мен сезімдер толғанысы қаламгердің өмірлік танымы мен талғамының, сараптауы мен саралауының желісі мен жемісі.
Кемел Тоқаевтың болмысын, қаламгерлік қарымын тану үшін жазғандарын оқу керек. Ал оқыған жанның өз дәуірінің болмысын көркем сөзбен кестелеген қаламгердің еңбегіне риясыз ықыласты болары сөзсіз.
Бес томдық – қаламгердің кемел қазынасы.
Жақау ДӘУРЕНБЕКОВ,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,
«Ана тілі» баспасының директоры