Биылғы 28 қыркүйекте Мәжілісте «Жұмыспен қамту саласының проблемалары мен даму перспективалары» тақырыбында парламенттік тыңдау өтеді, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Оған Сенат пен Мәжіліс депутаттары, Үкімет мүшелері, орталық және аймақтық мемлекеттік органдардың басшылары, саяси партиялардың өкілдері, «Атамекен» ҰКП, жастар ұйымдары, білім беру, жұмыспен қамту орталықтары, шетелдік және отандық сарапшылар, БАҚ өкілдері қатысады. Онда еңбек нарығының жай-күйі, азаматтарды жұмыспен қамту және жұмысқа орналастыру, өзін өзі жұмыспен қамтығандарды формализациялау жөніндегі өзекті мәселелер талқыланады деп жоспарланған.
Тыңдауда Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау мен Ұлттық экономика министрліктерінің тақырыптық баяндамалары жасалады деп күтілуде.
Сондай-ақ парламенттік тыңдауды әзірлеу жөніндегі Арнайы уақытша комиссия өз жұмыс нәтижелерін ұсынатын болады. Парламенттік тыңдаудың қорытындысы бойынша, Қазақстан Республикасының Үкіметіне, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға Ұсынымдар әзірленеді.