Кеше Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев WBA тұжырымы бойынша кәсіпқой бокстан орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкинге «Парасат» орденін табыс етті.
Кездесуде боксшы еліміз Тәуелсіздігінің 20 жылдығында мемлекет тарапынан орден алғанына разылығын білдіріп, бұл марапат өзі сияқты елімізден сыртқары жерлерде, ел намысын қорғап жүрген саңлақтарымыз үшін ауызбен айтып жеткізгісіз үлкен қуаныш екенін, осы награданы ол мақтан тұтып, еліміздің көк байрағын биікте желбірету үшін аянбай тер төгетінін атап өтті.
Мемлекеттік хатшының қабылдауынан соң, Г.Головкин өзінің алдағы жоспарлары туралы ойларымен бөлісті. «Қазірде менің кәсіпқой бокста екі тұжырым бойынша әлем чемпионы атағым бар. Келесі жылы әлем чемпионы атағын қорғау үшін жекпе-жектер өткізуді жоспарлап отырмын. Ол үшін келіссөздер жүргізіп жатырмыз», деді ол. Осы ретте даңқты боксшы шет елде тұрып, сол жақтың ауасын жұтып жүрсе де шаршы алаңға шыққан сайын жүрегінің Қазақстан деп соғатынын, қай кезде болса да еліміздің көк туын көтеру үшін кез келген қарсыласымен айқасатынын жеткізді.
«Алдағы жекпе-жектерді АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткіземін. Бұл жерде екі тұжырым бойынша белбеулерімді қорғаймын. Соның бірі – супер чемпион Феликс Штурм болса, екіншісі – америкалық чемпион. Солардың қайсысы ұсынысымды бірінші қабылдаса, сонымен кездесемін», деді боксшы. Сөзінің соңында Г.Головкин кәсіпқой бокста қолғабын шегеге ілген соң, шет елде қалмай, Қазақстанға келіп, отандық боксты дамыту үшін жұмыс істейтінін айтты.
Г.Головкин бұған дейін 22 кездесу өткізіп, соның 19-ында қарсыластарын нокаутпен, қалған үш жекпе-жекте ұпай санымен жеңген. Соның ішінде биыл Панамада Кассим Оума мен америкалық Лахуан Саумон екеуін нокаутқа жіберіп, атағын қорғап қалды.
«Парасат» ордені боксшының алғашқы ордені емес. Бұған дейін ол Олимпиаданың күміс жүлдегері атанғанда мемлекет тарапынан «Құрмет» орденімен және басқа да медальдармен марапатталған болатын.
Дастан КЕНЖАЛИН.