Алматы облысында жыл басынан бері 310 млрд теңгенің ауылшаруашылық өнімі өндіріліп, саланың көрсеткіші 2,6 процент өсімге қол жеткізді. Сондай-ақ аймақ өнеркәсібіндегі өнімділік 556 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 101,1 процентке жеткен. Ал бөлшек саудадағы тауар айналымының көлемі 7,2 процентке өсіп, 266,2 млрд теңгені құраған екен.
Қазір Жетісу топырағында өскен көкөніспен қатар, ет, сүт, құс өнімдеріне сұраныс жоғары. Әсіресе үлкен қалалардағы нарыққа жол тартқан өнімдердің өтімділігі байқалады. Мұның бір дәлелін жақында Астана қаласында өткен Алматы облысының күндері аясындағы жәрмеңкеден байқауға болады. Екі күн ішінде Жетісу аграршылары жалпы құны 270 млн теңге болатын 470 тонна ауыл шаруашылығы өнімін саудалап үлгерген.
Жалпы, елордадағы «Қазақстан» спорт кешенінің жанында өткен жәрмеңкеге жұрт көп жиналды. Астаналықтарға ұсынылған азық-түлік, көкөніс өнімдерінің бағасы арзан, сапасы жоғары болғандықтан сауда қызды. Бұл жолы Алматы облысының 17 ауданы мен 3 қаласының шаруалары 17,0 тонна ет өнімдерін, 21,9 тонна сүт өнімдерін, 12,4 тонна балық пен 106,1 тонна көкөніс, 43,4 тонна жеміс-жидек және 43,3 тонна картоп өнімдерін сатты. Осылайша, жетісулық шаруалар екі күн бойы өткен жәрмеңкеде 48 түрлі өнім саудалап, елорда тұрғындарының сұранысын қанағаттандырды.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы