Жақында ғана газетімізде облыстың қысқа дайындығы, көмірдің әлеуметтік нысандарға қалай жеткізіліп жатқандығы жайында жазған едік. Облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Мұрат Мұсатаевпен сөйлескенімізде бұл тарапта ешқандай мәселе жоқтығын, өңірдегі мектептер көмірмен 95 процентке қамтылғанын айтып: «Жыл сайын өңірде жылу 15 қазаннан бастап қосылады.
Дегенмен де, біз 1 қазанда 100 процент дайын болуға тиіспіз. Білім, денсаулық нысандарында көмір жеткілікті. Қаражат бөлінген. Әкімдіктер қадағалап отыр. Суық түссе, кез келген уақытта жылуды қосуға даярмыз», деген еді. Алайда бұл мәліметтердің шындыққа жанаспайтыны «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының Саяси кеңес бюросында белгілі болды. Ең алдымен, баяндама жасаған басқарма басшысы сөзін жап-жақсы деректермен тұздықтап, өңірдің жылу жүйелері қыс маусымына 95,6, сумен қамту және арық жүйелері 94, ал бюджеттік саладағы мекемелер 97 процент дайын екендігін (денсаулық сақтау нысандары – 96,1, білім нысандары – 96, әлеуметтік нысандар – 100 %) жеткізген.
Алайда одан кейін баяндама жасаған облыс әкімінің орынбасары Серік Ақтановтың аймақтың жылу маусымына дайындығына байланысты есебі өзгеше болып шықты. Өңір басшысының коммуналдық шаруашылыққа жауапты орынбасары 5 қыркүйектегі жағдай бойынша Риддер қаласы мен Бородулиха және Ұлан аудандарындағы білім нысандарына көмір жеткізілмегенін, Тарбағатай ауданын көмірмен қамту көрсеткіші небәрі 13 процентті құрағанын, сол уақытта Семей қаласы мен Глубокое ауданының денсаулық нысандары – 37, Көкпекті ауданы қатты отынмен 44 процент қамтылғанын, ал халыққа көмір жеткізу Күршім мен Зайсан аудандарында – 30, Семейде 31 проценттен аспай отырғанын мәлімдеді. Және бұған облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы мен кейбір қала-аудан әкімдерінің өз жұмысына салғырттық танытқаны себеп болғандығын да жасырмай айтты.
Облыс әкімі орынбасарының келтірген деректерін Бесқарағай ауданының әкімі Дәулет Батырбаев та шегелей түсіп, аудандағы білім нысандары көмірмен бар болғаны 25 процентке қамтылғанын тілге тиек етті. Бұл олқылықты жиынды жүргізіп отырған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Даниал Ахметов қатты сынға алды. «Энергетика басқармасы мен әкімдердің деректері бір-біріне сәйкес келмейді. Бұл басқарманың бізге жалған мәліметтер беріп отырғандығын көрсетеді», деген облыс әкімі энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Мұрат Мұсатаевқа партиялық қатаң сөгіс жарияланатынын жеткізді.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН