Тілектес Мейрамов – үлкен-кіші әріптестерінің арасында шынайы құрмет пен беделге ие бақытты адам. Актердің шығармашылық бақ жұлдызы 1974 жылы жанды. Қазақ режиссурасының тарланы Әзірбайжан Мәмбетов іздеген Қозысын тауып, 4-курста оқитын студент Тілектесті «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» спектакліне басты рөлге шақырған. Әзекең Қозы рөліне бекіткенін Жақып Омаровтан естіген сәтте оның қатты қуанғаны сондай, театрға жеткенше троллейбустың артынан жаяу жүгіре беріпті. Міне, сөйткен Қозы – Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамов бүгінде жетпістің белесіне шықты.
Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының сахнасында Астананың Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық Қазақ музыкалық драма театрының ұжымы италиялық драматург Фурио Бордонның қазақ тіліне «Өтті дәурен» деп аударуға көнетін психологиялық драмасын «Қардағы көгершіннің ізі» атауымен алматылық талғамы биік көрермендер назарына ұсынылды. Алматы жұртшылығы премьерасын бірінші болып тамашалайтын бұл қойылым Халық әртісі Тілектес Мейрамовтың 70 жылдық мерейтойының құрметіне арналды. Спектакльді қойған – қазақ кино және театр өнерінде өз қолтаңбасы танылған режиссер Тілеген Ахметов.
Бұл қойылым көрерменді тұңғиық ойға батырады, бәлкім, кейбір жанды райынан қайтарады, әкелер мен балалар, ұрпақ арасындағы байланыс, тектілік тақырыбының қазіргі заманғы сұрқай әрі мұңлы-зарлы тармағы болып табылады. Тілектес Мейрамов спектакльде шау тартқан отағасын – Ер Адам бейнесін сомдайды. Кейіпкер өткен өмірінің елесімен тіршілік кешеді, жалғыздық күйігі әбден меңдеп, әзиз жаны жүдегесін ол баяғыда сүйегі қурап қалған сүйген жарымен сырласып отырады. Шалдың жалғыз ұлы мен келіні, екі немересі бар. Ол өз үйінде басы артық адам болып шықты. Ескірген мүлік сияқты қоқысқа лақтырып тастайтын. Кәрінің жетімдігі тастанды нәрестенің жетімдігінен кем түспесін бұл пьеса танытты. Ұлы туған әкесін қарттар үйіне өткізбекші. Өркениеттік дамудың шегіне жеткен тоқмейіл Еуропаны бұрыннан опындырып отырған бұл сұмдық қасірет қазірде жарты ғасыр бұрын елдік дәстүріне түк сызат түспеген қазақ халқына да жетіп қойған. Сондықтан сынықтан басқаның бәрі жұғады, құлақ естігенді көз көреді деп біздің қазақ даналықпен кесірден шошынып айтқан. Жамандық энергиясы әсіре жұқпалы. Бұл қойылым көрерменін толғандырмай, тебірентпей қалмайды. Бала тәрбиесі, текті ұрпақ өсіру дүниенің алтын кілті екенін кімге болсын айқын ұқтырады. Үлкенін сый құрметпен қадірлейтін, жақынын сүйіп қастерлейтін халық ешқашан өлмейді. Театр адам баласына уағыз айтпайды, бірақ көкірек, сана-сезімін қозғайды, залалдан қорғануға, жүрек жылуына, мейірімге үндейді. «Қардағы көгершіннің ізі» – сондай қойылым.
Айгүл КЕМЕЛБАЕВА,
жазушы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты